Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті аппарат жиынында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев облыстағы жастар мәселесін тарқатып айтты. Қазіргі таңда облыс жастарының саны 286 мың 947-ні құрайды. Жалпы облыс халқының 26, 8 пайызы жастардың үлесінде. Ал, облыс бойынша 2013-2014 оқу жылында 32320 жас арнаулы орта, 26795 жас жоғары оқу орындарының студенттері болып саналады. Сонымен қатар екі мыңға жуық жастарымыз Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр. Мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылғы жылға осы мақсатқа 397 миллион теңге, оның ішінде басқармаға облыстық бюджеттен 122,2 миллион теңге қарастырылып отыр. Жалпы, облысымыздағы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға артқан. Басқарма жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу. Осы мақсатқа өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 39 миллион теңгеге 24 бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген. Бұл шараларға 20 үкіметтік емес ұйым белсене қатысқан. Ал, биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі бір миллион теңгеге кеміп отыр. Оның себебін сала басшысы үкіметтік емес ұйымдардың биыл әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілетін байқауларға былтырғыдай белсендік танытпағандығымен түсіндірді. Сонымен қатар Еркебұлан Есенғалиұлы, Қордай мен Шу аудандарынан басқа аудандардың барлығында «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер бірыңғай ұйымының жұмысын жүргізуде бірқатар жүйесіздіктердің орын алып отырғанын да алға тартты. Сала басшысы студент-жастардың жатақханамен қамтылу жайына да тоқталды. Осы орайда ол: «Бүгінде Тараз қаласында 5 жоғары оқу орнында 13 мыңнан астам студент күндізгі бөлімде дәріс алады. Ал, олардың бір мыңға жуығы ғана жатақханамен қамтылған. Жатақхана тек екі мемлекеттік оқу орындарында ғана бар (М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз педагогикалық институты). Қалған үш жекеменшік оқу орындарында жатақхана мәселесі қарастырылмаған. Қазіргі таңда орта арнаулы оқу орындарын қоспағанның өзінде екі мыңнан астам студент жатақханада орналасу мүмкіндігін күтуде. Осы мәселенің шешу жолдарын оқу орындарымен бірлесе отырып қарастыруды жөн санаймын» деп түйіндеді сөзін. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жаз мезгілінде студент-жастардың жұмыспен қамтылуына баса мән беру керектігін жиынға қатысып отырған жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшыларына тапсырды. – Бүгінде Тараз қаласында бұрынғы базардың орнында археологиялық қазба жұмыстары басталып кетті. Осы тарихи ауқымды шараға студенттерді тарту керек. Өйткені, олар бір жағынан тәжірибеден өтеді, екінші жағынан табыс табуға мүмкіндік алады,-деді Кәрім Нәсбекұлы. Жалпы, облыс басшысы бүгінгі студенттің ертеңгі маман екенін жадыдан шығармау қажеттігін ескертті. «Жуырда Мойынқұм ауданында іссапарда болдым. Ауданда «Мойынқұм агро» атты ЖШС өз жұмысын бастағалы отыр. Ауылшаруашылығы жұмыстарымен шұғылданатын компанияда алдағы уақытта бірқатар жұмыс орындары ашылмақ. Олардың басты мақсаты – сол жұмысқа жастарды тарту». Облыс әкімі сөзінің соңғы түйінін орынбасары М.Жолдасбаевқа, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығының басшысы А.Нұралиевке және мінбеде тұрған Е.Құралбаевқа нақты тапсырма ретінде ерекше атап айтты. Бүгінде жастардың дені мамандық таңдағанда кәсіптік-техникалық мамандықтардан гөрі гуманитарлық салаға қарай баруды жөн санайды. Дегенмен, ол салалар бойынша кейін жұмыс табылмай қиналады. Ал, есесіне кәсіптік-техникалық салада мамандар тапшы. Аппарат жиынында осыған қатысты мәселе төңірігінде де кеңінен сөз болды. Осы орайда облыс әкімі: «Облысымызда химия өнеркәсібі қарыштап дамып келеді. Енді бес-алты жылда химия өндірісінің өнімі 70-80 пайызға дейін жетеді. Химия өнеркәсіп орындары өз деңгейінде жұмыс істеп тұруы үшін, әрине, мамандар керек» деп сөзін сабақтай келе, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековадан осы бағытта нендей шаруалардың атқарылып жатқандығын сұрады. Облыс жастарының кәсіптік- техникалық біліммен қамтылуы жайына кеңінен тоқталған Сұлушаш Сәтбекқызы: «Алдағы уақытта он екі мамандық бойынша кәсіптік білім беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, облыстағы кәсіпорындарға қандай мамандардың қажет екендігін саралап шықтық. Мәселен, «Химпарк» басқарушы компаниясының сұранысы бойынша мамандар біздің сегіз колледжде дайындалады. Қалған сұраныстағы екі мамандықты біз алдағы уақытта ашылғалы отырған колледжде дайындауды жоспарлап отырмыз» деді. – Жастардың техникалық білім алуын назардан түсірмеу керек. Сондықтан, бұл мәселе бойынша ауқымды шаралар кезең-кезеңімен атқарылуы тиіс,- деді Кәрім Нәсбекұлы. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Үкіметтің қаулысымен Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында «Өрлеу» жобасы бойынша шарттық ақшалай көмек енгізілген болатын. Аталмыш жоба аясында өңірде қолға алынып отырған шаралар туралы аппарат жиынында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Баубеков хабарлама жасады. Ол өз сөзінде облыста аталған жобаны жүзеге асыруға 766,7 миллион теңге қарастырылып отырғанын, оның 700 миллион теңгесі шарттық ақшалай көмек алуға бағытталғанын, облыста атаулы әлеуметтік және балалар жәрдемақысын алатын отбасылардың жиырма пайызы шарттық ақшалай көмекпен қамтылуы және қайырылған отбасыларының 85 пайызына көмек беру қажет екенін атап көрсетті.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді