«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цех жұмысы жандануда

Цех жұмысы жандануда
Ашық дереккөз
Шақпақата ауылы – аудандағы үлкен елді мекеннің бірі. Мұндағы жұрттың негізгі күнкөрісі егіншілік пен мал шаруашылығы. Өзім сияқты кәсіпке бет бұрып, еңбек етіп, табыс тауып жүрген жастар ауылда аз емес.

Еңбек мені есейтіп, елге танытты. Еңбектің арқасында жағдайымды түзеп, отбасымды асырап отырмын. Қайырымды істерден де тыс қалып жатқан жоқпын. Ауылдың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаларға қолдау, демеушілік көрсетіп жүрмін.

Осыдан бес-алты жыл бұрын үйдің жанынан ағаш тілу және темір дәнекерлеу цехтарын аштым. Бүгінде цехта он адам жұмыс істейді. Кәсібімді алғаш бастағанда шеге шығару цехын да ашқан болатынмын. Бастапқыда жұмысымыз жақсы жүрді. Сол сәтте цехта тәулігіне 70 және 150 миллиметр мөлшермен 3 тоннаға дейін шеге өндірдік. Бірақ ол цехтың жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр. Бұл жұмысты одан әрі жүргізуге шикізат тапшылығы себеп болды.

Шақпақата ауылын бұрын Алматы-Ташкент тасжолы қақ жарып өтіп жатқан тұста жол бойынан сауда нүктелері, жанар-жағармай бекеттері мен басқа да халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, арлы-бері ағылған көліктер мен жолаушыларға өз қызметін ұсынатын. Бұл өз кезегінде ауылдың да әлауқатын арттырғаны белгілі. Алайда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі салынып, пайдалануға берілген тұста ауыл кәсіпкерлері абдырап қалғаны рас. Өйткені бұрынғысынша ауыл ішімен арлы-берлі ағылып жататын көлік ағыны сап тыйылған. Енді, міне, ол тығырықтан өзінше жол тапқан ауыл кәсіпкерлері жаңаша жұмыс істеуде. Қуанарлығы, олардың қатарында жастар жағы көп.

Қазір өзге цехтарда жұмыс қызу жүргізілуде. Ағаш тілу цехында құрылысқа қажетті ағаштар тілініп, тақтайлар әзірленуде. Ал дәнекерлеушілер темірден шарбақтар мен ошақтар, басқа да заттар жасап шығаруда. Былтырлары темір ұсталарымыз жер жыртатын соқа құрастырды. Оны ауылдың диқандары бізден алып пайдалануда. Ертеңгі күнге деген сеніміміз мол. Басты мақсатымыз – кәсібімді кеңейтіп, жұмысшы санын арттыру.

Алдыға қойып отырған мақсатымыз көп. Мақсатыма жету үшін жұмыс істеймін. Қазірдің өзінде кәсібімді кеңейтіп, нан өнімдерін шығарудамын. Өнімдерімді Тараз қаласына да өткерудемін. Қорыта айтқанда, мемлекеттің қолдауын сезіне отырып, жұмыс атқарып, ауыл, аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып жүрген жайым бар. Ендігі жерде өндіріс көлемін, жұмысшы санын арттыруды көздеп отырмын.

Еламан ПЕРНЕШОВ,

кәсіпкер.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар