«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абай хакімге құрметіміз осы ма?

Абай хакімге құрметіміз осы ма?
Автор
Барша әлемге терең философиясымен, даналығымен танылған Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы жақындап қалды. Дүбірлі тойға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Алайда көзіммен көрген мынау жағдай көңілді алаңдатып отыр.

Тараз қаласы «Астана» шағынауданы №1 үйдің сыртында Абай Құнанбайұлына арналған үлкен мурал бар. Қабырғаны алып тұрған үлкен суретте «Абай Құнанбайұлы 175 жыл» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл мурал хакімнің 175 жылдығында салынған болуы керек. Дегенмен, хакімнің туған күніне міне санаулы күн ғана қалды. Абай Құнанбайұлы 180 жасқа толады. Ал, әлгі мурал ескі ақпаратымен әлі тұр. Абайдың өзі айтқан «Баяғы жартас, сол жартас». Дәл сол үйге жақын №6 үйдің қабырғасына әл-Фарабидің суреті салынған. Бұл муралда «әл-Фараби – 1150» деп көрсетілген. «Әбу Насыр әл-Фараби 1150» деген цифрда аталған жылдарға сәйкес келмейді. Бұл туралы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбілдаеваға хабарласқан едік. «Бұл мурал Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналып жасалған. Жақында қала әкіміне ұсыныс айттым. Ауыстырамыз. Ол бойынша жұмыс істейміз», – деді. Сонда қалалық әкімдіктегілер Абайдың туған жылын, туған күнін біледі, неге дәл тамыз айының 9-ы күніне дейін созған? Осы муралды жыл басынан бастап ауыстырып тастауға болмай ма? Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы туралы жыл басынан бері айтылып жатыр ғой. Неге біз асықпаймыз?

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар