Мұқтаж жандар мұңаймасын деп

Мұқтаж жандар мұңаймасын деп
ашық дереккөз
Мұқтаж жандар мұңаймасын деп

Қазіргі таңда «Қызыл-Ай» қоғамдық бірлестігінің қайырымдылық бағытындағы жұмыстары ауқымды әрі айрықша маңызға ие. Жалпы, республикалық «Қызыл-Ай» қоғамының негізі 1937 жылы 5 наурызда қаланған. Оның негізгі мақсаты адамдардың азап шегуінің алдын алу, жеңілдету және ұлттық, нәсілдік, жыныстық нышандары, діни, саяси нанымдары, тілі, таптық жаратылысы бойынша кемсітусіз, адамның абыройына құрмет ахуалын құру болып табылады. Ұйымның міндеті – төтенше жағдай құрбандарына жедел көмекті ұйымдастыру, гуманитарлық жәрдем көрсету. Және бізде іздестіру жүйесі де жұмыс істейді. Қарулы қақтығыстардың, көшіп-қонудың, табиғи нәубеттердің және төтенше жағдайлардың салдарынан бір-бірінен көз жазып қалған жақын туыстардың отбасылық байланысын қалпына келтіруге атсалысады. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы жанұяларға, жетім балаларға көмектесеміз.

Өткен жылы «Қызыл-Ай» қоғамының бағдарламасымен облыс бойынша 563 бала 56 234 610 теңгенің жәрдемін алды. Сириядан, Түркмениядан келген босқын екі отбасына 570 107 теңгенің жәрдемі берілді. «Бота» қоғамдық қорының жобасымен Талас, Жуалы, Жамбыл, Құлан, Байзақ аудандарындағы аз қамтылған отбасы балаларына семинар-тренингтер жүргізілді. Әртүрлі шаралар өткізудеміз. Мысалы, қарттар үйіне біздің қызметкерлер барып, «Ұзақ өмір сүрудің» ережесін айтып берді. 1 наурызда дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне арнап оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Облыстық төтенше жағдай департаментімен бірігіп, викториналар өткізді. Жақсы жауап берген оқушыларды ынталандыру мақсатында сыйлықтар тапсырылды. Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық акцияларын өткіздік. Н. Тілендиев атындағы мектеп-интернаттың оқушыларына аяқ киім тарту етілді. Осы қайырымдылқ шараларға қатысып тұратын демеушілерімізге шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. «Көп түкірсе, көл» демекші, қаладағы «Скиф-Трейд» және «Арзан» супермаркетінде біздің қайырымдылық жәшіктеріміз тұр. Соған өз үлестерін қосып жүрген қала тұрғындарына да ризамыз. Осы бағыттағы жұмыстарымызға қол ұшын беріп, жанашырлықпен атсалысқандарды атап өтсек, артық болмас. Олар – «Таң-Шығыс», «АДЕКО-Тараз», «Мир воздушных шаров», «Құлагер», «Алтел», «Ширинкомшарг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Умид» жеке кәсіпкерлігі, «Голубой экран» дүкені. Ауқымды жұмыстардың басы-қасынан табылып, қоғамдық бірлестік ісінің ілгерілеуіне қосқан қомақты үлестері берекесін берсін демекпіз. Жеңістің 69 жылдығына орай, 20 соғыс ардагеріне және соғыс уақытысында жұмыс істегендерге облыстық «Қызыл – Ай» қоғамының атынан азық-түлік апарып бердік. Ол кісілердің көбісі – үйінде төсек тартып жатқандар немесе жалғызілікті жандар. Біз көмек сұрап келген жандарға материалдық, гуманитарлық көмек берудеміз. 1 маусым –Балаларды қорғау күнінде сүйек туберкулезі ауруханасында емделіп жатқан Балнұр есімді қыздан хат келді. Ол «маған ұялы телефон әперіңізші. Балалардың бәрінде бар, әкем жоқ, шешем келмейді» деп жазыпты. Біз «Алтел» серіктестігінің директоры Сәуле Айтқожаеваға қайырылдық. Ол көмек көрсетіп, Балнұрға ұялы телефон сыйлады. Қыздың қуанғанын көрсеңіздер ғой. Осындай мейірімді жандар көп болса екен дейміз. Біздің «Қызыл-Ай» басқа да қоғам бірлестіктерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Қоғамымыз 2011 жылы «Таным» республикалық конкурсында «Өмір үшін» аталымы бойынша лауреат атанды. Елбасы Н. А. Назарбаевтың халыққа Жолдауында міндеттелгендей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Мысалы: бірінші маусым қарсаңында 8 мүгедек балаға облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен сыйлықтар берілді. Атап айтсақ, мүгедек арбасы, велосипед, сырт киім, аяқ киім, спорт киімі, әдемі көйлектер, қуыршақтар – балалардың армандарын іске асыру нәтижесі. Бұл сыйлықтар тек қана «Қызыл-Ай» қоғамының өтінішімен берілген заттар. 1 мамыр күні де Т. Рысқұлов саябағында аталған әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен оларға тарту-таралғылар жасалды. Ағымдағы жылдың 29 мамыр күні Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, үш ел басшылары шартқа қол қойды. Еуразиялық одақ – жастарға кең жол ашпақ. Өйткені, осы одақтың арқасында жастар қай елде де білім алуға ерікті. Жастардың өрісі мейлінше кеңеймек! Айтайын дегенім, халықтардың әл-ауқаты жыл өткен сайын көтеріле беретін болады деген сеніміміз мол.

Оразкүл Тастемірова, облыстық «Қызыл-Ай» қоғамының директоры.

Ұқсас жаңалықтар