облыс әкімдігі мен «Yildirim Holding» компаниясы арасында осы жоба бойынша келісімге қол қойылды
«Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сарысу ауданынан кальцийленген сода өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр. Оның инвесторы – түркиялық «Yildirim Holding» компаниясы. Жобаның жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын, төл теңгемізге шаққанда 102,6 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 400 мың тонна өнім өндіруге есептелген. Өндірісті толықтай жолға қойғаннан кейін өнім көлемі 1,2 миллион тоннаға дейін артады деп күтілуде. Химия өнеркәсібі саласындағы бұл жоба нақты жүзеге асырылса, серіктестік 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ ниетте. Жалпы жоба 2019-2022 жылдар аралығында іске асырылады деп белгіленген. Бүгінгі таңда «Соркөл» тас тұзы кен орнына конкурс өткізіліп, «Соркөл» (қоры 1,93 миллиард тоннаны, құрамындағы натрий хлориді 66 пайызды құрайды), «Ақсай» (қоры – 12,7 миллион тонна), «Ақтау» және «Ақтау-1» кен орындарында барлау жұмыстары жүргізілуде. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары басталып та кетті. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров жоғарыда аталған компанияның өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді күні бұрын талқылап алған болатын. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін компания өкілдері артезиан ұңғымаларын пайдалану мәселесін көтерген-ді. Кездесу барысында Нұржан Сәбитұлы компания басшыларынан жобаны одан әрі жетілдіріп, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, қайтара пысықтауды талап еткен. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Kazakhstan Global Investment Roundtable» (KGIR-2019) жаһандық инвестициялар аясында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Н.Календеров облыс әкімдігі мен компания арасындағы өңірімізде кальцийленген сода өндіру зауытының құрылысын бастау жөніндегі меморандумға қол қойды.
Марат Құлибаев Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Қоршаған ортаны қорғауға қоғам белсенділігі қажет
- 19 қыркүйек, 2024
Болашағын әскери саламен байланыстырған сарбаздар
- 19 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді