Тойып секірген Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?

Тойып секірген Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?
ашық дереккөз
Тойып секірген Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?

Осы бір сақалды туралы сөз қозғап, атын атап, басылым бетін былғағымыз келмеп еді. Бірақ, ұлттық намыс, елдік мүддені аяққа таптап жатқанын көре-біле тұра үнсіз қалуға арымыз жібермеді. Әңгіме ауаны әлеуметтік желілер мен интернет-порталдарды пайдаланып, «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп көкіп жүрген Ермек Тайшыбеков (өзі тегін тайчибеков деп көрсетіп жүр) туралы екенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар іштей сезіп отырған болар. Ал, интернеттің не екенін білмейтін, ой-санасы күнделікті күйбең тіршіліктен арыға жетпейтін кейбір қандастарымыз үшін «пішту» екені айтпаса да түсінікті.

Қалай дегенде де, іштен шыққан шұбар жылан Ермек Тайчибеков өзінің пәтуасыз «пайымдарымен», бейберекет «болжамдарымен» ел ішіне іріткі салуға тырысып жүр. «Мен қазақтың болашағына сенемін. Сауатты, дамыған ел. Бірақ, Ресейдің құрамында» деп ділмәрсиді ол. Әрине, әркімнің өз көзқарасы болатынын білеміз. Демократия тұрғысынан алғанда, бұл пікірлерді құлаққа қыстырмасақ та болар еді. Алайда, оның әлгіндей өрескел пікірлерін әжептәуір беделі бар zonаkz.net сайты қолдағандай автордың өзімен сұхбат алғаны күйдірді бізді. Тіпті, Тайчибековтің ештеңеден тайынбай, Қазақстанның Ресей губерниясы болғанын қолдап, бір жылқыны құрбандыққа шалғанын да білеміз. Ол өзінің осы әрекетін бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы таратты. Қолына су құйып, қасында жүргендер де қазақтың балалары. Еріккен Ермектің шектен шыққан бұл қадамы ел Тәуелсіздігіне ашықтан ашық сенімсіздік білдіру, мемлекеттік құрылысқа қарсы шығу екені кім-кімге де түсінікті болса керек. Ол отандық интернет-порталдың бірінде жарияланған журналист Жәния Әбдібекпен сұхбатында: «Мен көптің ішіндегі жалғызбын. Менің пікірім тек бір ғана дауысқа ие. Бірақ дерек дерек болып қала береді. Менің пікірім 80 пайыз қазақтың пікіріне сәйкес келеді. Қазақстан Тәуелсіз ел болып саналмайды. Бұл шартты түрде алғанда. Тауыққораға «Банк» деп жазып қойсаң да, ол тауыққора болып қала береді. Қазақстан Ресейге кірсе ғана, нағыз суверенитетті мемлекет болады» дейді тағы. Қазақ елінің атынан бұлай шатбақтауға аумақтық тұтастығы Конституциямен қорғалған тәуелсіз мемлекеттің намысын таптауға кім құқық берді оған? Тойып секірген Тайчибековтің тірлігіне қоғам өкілдері тарапынан қарсылық танытып жатқандар жоқ емес, бар. Мысалы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Ресей империясының қайта орнауын тілеп, құрбандыққа жылқы шалған оның оспадар қылығын қатаң сынға алды. «Қазақ елі» халықтық қозғалысының төрағасы Ғабдолла Қажымұқан баспасөз беттеріндегі өз жазбасында «Тайчибеков сияқты сыртқы күштердің ықпалындағы және солардың астыртын қолдауына ие болып отырған азаматтар Қазақстанның саяси Тәуелсіздігін жойып, халқын бодан етуге құштар әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс» деп жанайқайын жайып салған. Сонымен қатар, ол Мұхтар Тайжанның Ермектің әрекетіне шара қолдануды сұрап, прокуратураға арыз жазып, сотқа шағымданғанын, алайда, сот пен прокуратура өкілдерінен Тайчибековтің «тірлігінде» ешқандай қылмыс құрамы жоқ деген жауап алғанын жазып, шырылдапты. «Сонда Ресей империясы қайта орнап, Қазақстан оның губерниясы болғанын тілейтін, Қазақстан Тәуелсіздігіне, мемлекеттік құрылысқа қарсы шығып, оны төңкеру ниеті барын анық аңғартудан артық қандай қылмыс болуы мүмкін?» дейді Ғ.Қажымұқан. Мынаны қараңыз: Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-ші тармағында: «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» деп айқын жазылған. Бұдан артық қандай заң, қандай бап керек?! Біз пікірлескен журналист Өркен Кенжебек Ермек Тайчибековті Қылмыстық кодекстің 170-бабымен тезге салу керектігін айтады. Осы баптың 1-тармағында «Өкiметтi күштеп басып алуға, өкiметтi күштеп ұстауға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бiрлiгiн күштеп бұзуға жария түрде үндеу, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату үш жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Ал, 2-тармақта «Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасалған немесе ұйымдасқан топ жасаған нақ сол әрекеттер бiр мыңнан бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. – Сталин, Наполеон туралы анекдоттарды жұрт жақсы біледі. Енді соның қатарына Ермек Тайчибеков туралы «әнек» те қосылды. Бір ғана қаупі бар – ол әлі адамдар арасында. Ол айтатын бір ғана басты идеялық көзірі бар – Қазақстан Ресейдің құрамына қосылып, губерния күйінде қалу керек. Бұл сандырақтың жалғасы ретінде ол айтады: Ресей империясы Берлиннен Иерусалимге дейін кеңеюі керек. Ешкіммен, бастысы ештеңемен дәлелденбеген және бекітілмеген көкауыз сапырма екені көрініп тұр. Оның ешбір сөзінен рационалды ойдың бір түйіршігін таба алмайсыз. Психиатрияның тілімен сөйлесек, жай ғана инкапсуляциялық сандырақ. Мысалы, ол көбіне нағыз мұсылманнның кейпіне кіріп, ұзын сақал қояды, тәкбір айтады, бірақ сұхбатында атеиспін деп жариялайды. Ол қазақшаны нашар білетін қырғызбын дейді, бірақ иврит тілін жақсы біледі. Өсім берумен, банктермен, алкоголь бизнесімен байланысы болған «бизнесмен» және өмірінде, өзінің айтуынша, небәрі 10 кітап оқыған адам. Төбелесте адам өлтірген. Сонысымен... мақтанады. Ол өзін Абылай ханмен салыстырады. Сол үшін бір сұхбатқа жылтырақ шапан киіп келіп, «қазақ ханының тұқымымын» деп өтірікті соғады. Тайчибеков Қазақстанда ешкімге қызық емес. Оның жақтаушылары жоқ. Ол өзімен-өзі сөйлесіп жүр. Бірақ, жасырын қолдаушылары болуы ғажап емес. Себебі, ол жақын не алыс шетелдің арзан ақшасына жалдануға әзір стартап. Не ұлттық, не діни, не мемлекеттік құндылықтарға пысқырып қарамайтын оған өзін сату деген ештеңе емес. Сондықтан да, оның тұлғасы қорқынышты. Оны тек Қылмыстық кодекстің 170-бабымен тізгіндеп, тұсау керек. Басқа жол жоқ, – дейді Өркен Кенжебек. Тағы бір атап өтетін жәйт, басылым беттерінде Ермек Тайчибековтің тараздық екендігі жазылып келеді. Біз осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізбек болып Тараз қалалық ішкі саясат бөліміне хабарласқанбыз. Бөлімнің сектор меңгерушісі Гүлнәз Смәтілдаева ондай адамды естімегенін айтты. Тіпті, арнайы базадан іздестіріп, сәйкес аты-жөнді таппағанын да жеткізді. Кейбір адамдар Тайчибековтің Қордай ауданында тұратынын тілге тиек етеді. Қайткен күнде де ол «Жамбыл облысының тұрғынымын» деп жазып жүр. Қасиетті өңірде тұрып, тұтас қазақ елінің Тәуелсіздігін тәрк еткісі келетін азаматтың айылын жиғызатын кез жетті. Ресейде Жириновский жүр. Енді міне, ондайлар ішімізден де шықты. Енді қарап отыруға болмас. Осы орайда «Құзырлы құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?» деген ой сананы еріксіз түрткілей береді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар