Шәкірттер лебізі

Шәкірттер лебізі
ашық дереккөз
Шәкірттер лебізі

Ақылжан Мамыт ағамыз облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Aq jol» газетіндегі экономика саласын жілікше шағатын қаламы қарымды журналист. Тіпті облыстың басқа да БАҚ өкілдері бұл салада Ақаңмен санаса алмайды десем, артық айтқандық болмас. Себебі ол кісінің жергілікті БАҚ-тарды жіті бақылап, оларда жарияланып жатқан мақалалар мен көрсетіліп жатқан хабарлардан экономика және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты өзгелерге байқала бермейтін өрескел қателерді тауып отыратынын бірнеше мәрте көрген болатынмын. Экономика тақырыбындағы мақалалар сезімге толы бос сөзден емес, терминге толы сандардан тұрады ғой, Ақаң соларды өз мақалаларында тап-тұйнақтай етіп қолданады. Кейде жұмыс барысында сол кісінің «егініне» түсетін кезіміз болатын. Ондайда кей күмәнді жайларды Ақаңнан сұрап барып, дұрыс-бұрыстығына әрі газетке жариялауға «қауіпсіздігіне» көз жеткізетінбіз. Қашанда қолұшын созудан аянбайтын ағамызды мерейтойымен құттықтап, отбасына амандық, деніне саулық тілеймін!

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА.

* * *

Ақылжан ағадан аз үйренген жоқпыз. «Aq jol»-дағы әрбір жасқа жақсы аға болып қана қоймай, дұрыс жазудың қыр-сырын меңгерткен ұстазымыз десек, артық айтпаймыз. Қаламды қалай дұрыс сілтеуде, әсіресе экономикалық тақырыптарда еркін көсілуде Ақаңның ақылы талайға азық болып келеді. Тек жазуымен ғана емес, жүріс-тұрысы, болмысымен де, інілерге көрсетер ізетімен де үлгі бола білген аға асқаралы алпысқа жемісті жетіп отыр. Журналистикада жемісті жолы жалғаса беріп, ғұмыры ұзақ, тұғыры биік болуын тілеймін!

Жанғазы АХМЕТ.

* * *

«Aq jol»-ға жаңадан келгенде өзім үшін бейтаныс сала – экономика мәселелерін жазуға мамандандым. Бұл жолда маған тәжірибелі журналист Ақылжан Мамыт бағыт-бағдар беріп, жөн көрсетіп отырды. Сондықтан ол кісіні өзіме ұстаз санаймын. Үш жылда саланың қыр-сырын үйретіп, қателескен жерімде үнемі мысалмен түсіндіретін. Экономика кілең цифрлар мен көрсеткіштерден, статистикадан тұрады. Бір қарағанда жалықтыруы мүмкін. Дегенмен қызығы мен шыжығы да аз емес. Мен әлі күнге дейін экономика тақырыбында мақалалар, сараптамалар және жаңалықтар жазамын. Өйткені бұл маған соншалықты етене таныс, жаныма жақын сала. Әрине, бұл ретте ұстазым Ақылжан ағаның берген тәлімі, журналист ретінде қалыптасуыма қосқан үлесі зор. Ақылжан Мамыт – журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар, қаламы қарымды, өз мамандығын шексіз сүйетін қаламгер. Сол махаббатты ол кісі біздің де бойымызға сіңіріп, өз ісіңнің нағыз майталман маманы болуды үйретті. Әрқашан объективті жазуымызды, бір емес, бірнеше сарапшымен сұхбаттасу арқылы тақырыпты аша білуімізді талап етті. Оқырманды шатастырмай, лайым тек қана шындықты жазу керектігін ескертті. Мерейтойыңыз құтты болсын, аға!

Жанат ҚАПАЛБАЕВА.

* * *

Өмірде мен үшін аңқылдаған, аңғал мінезді екі адам болса, соның бірі – Ақылжан аға дер едім. Өзінен бұрын өзгенің көңіліне қарап, ешқашан «жоқ» деп айта алмайтын екі жан болса, соның бірі де осы аңқылдақ аға деп білемін. Қатары тұрмақ, өкшелес іні-қарындастарына, ұл-қыздарымен шамалас жастарға да үміт артып, одан болашақта мықты маман шығатынына сендіре отырып жол сілтейтін де осы жан аға. Алпыстың ғана емес, адамдықтың да биігін бағындырған белесіңіз құтты болсын, аға! Абыройыңыз ешқашан аласармасын! Шәкірттеріңізге сіңірген ерен еңбегіңіз адамнан да, Алладан да еселеніп қайтсын деймін!

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Ұқсас жаңалықтар