Айналасын нұрландырып жүруші еді...

Айналасын  нұрландырып жүруші еді...
ашық дереккөз
Айналасын нұрландырып жүруші еді...

Досым, саған сенемін, сеніп өтем, Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен... – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, бұл жалғанда мен үшін жолы да, жөні де бөлек, ерекше болмысты азамат Нұрлан Қасымбекұлы екеуміздің арамыздағы достық нағыз достықтың шынайы үлгісіндей еді. Бір-бірімізге етене бауыр бастық, пікіріміз ортақ, мүдделеріміз де үйлесті. Расында, мен осынау орта бойлы, салмақты, етек-жеңі жинақы, бір қарағанда тұйық көрінетін азаматты қай кезден бастап танып, білдім?.. Асыл дос, жақсы да жайсаң жан жөнінде өткен шақта әңгіме айту жеңілге де түспейді екен.

Мен ол кезде Алматыда компания басқармасы басшысының таралым маркетингі бойынша орынбасары едім. Жалпы, еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі болғандықтан, оның жер жерде жеті филиалы болды. Ұмытпасам, 2002 жылы Нұрланның өзі мені іздеп келді. Таныстық. Алғаш көріп, біліскен адам туралы, оның келбетіне, сөз саптауына қарап ой түйесің ғой. Нұрлан өзі туралы көңілімде жақсы ой қалдырды. Сөйтіп, 2008 жылға дейін жұмыс барысымен тығыз қарым-қатынас жасасып, сыйласып жүрдік. Иә, сол уақыттан бері тонның ішкі бауындай етене араласып, дос болып кеттік. Бертінде «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры болып тағайындалдым. Тараздан да жақсы достар, сыйлас азаматтар таптым. Ортам кеңейді. Нұрлан әрдайым жаңа, тың бизнес-идеяларын ұсынып жүрді. Олардың ішінде мал шаруашылығына, құстарға арналған фосфат өнімдерін (трикальцифосфат) еліміздегі мал және құс шаруашылықтарына тарату жөніндегі ұтымды ұсыныстары көңіліме қонды. Әрине, бұл жұмыстарды бірден жүзеге асыру оңай емес еді. Алайда ол істің көзін тауып, тірлігін тастүйіндей тиянақты жүргізе білді. Тіпті қаржы мәселесінен қиындықтарға кез болған сәттерімізде Нұрланның ұсынған қызметі біз үшін айрықша тиімді де болды. Міне, осындай әріптестік, іскерлік қатынастар біздің арамызды одан әрі жақындастыра түсті. Дос болып қана қоймай, отбасымызбен араластық. Әр азаматтың қоғамдағы жетіліп, кемеліне келуі, ортадағы орны жылдар өткен сайын биіктей түсетіні белгілі. Нұрлан бауырым да соңғы он жыл ішінде өсу, өркендеу жолынан өтті. Оның кәсіпкерліктің өрісін кеңейтудегі әлеуті мен мүмкіндіктері еселеп артып, азаматтық ажары ашыла түсті. Жеке басының жақсы қасиеттері ел ішіндегі абырой -сыйын арттырып, беделін көтерді. Досымның жеткен жетістіктеріне қуанып жүрдім, шамам келгенінше қолдадым. Түрлі шараларға атсалысуы, тіпті жиын-тойларда өзін-өзі ұстауы мен кісімен араласуы, мәдениеттілігі оны қайраткерлік биігіне өрлеумен келе жатқандығын байқататын. Билік айту үшін де, біліп айту керек емес пе? Нұрланның білімі, өмірден түйген тәжірибесі осындай айқын да сарабдал жолға бастады. «Асқар таулар алыстаған сайын биіктей түседі» – демекші, Нұрлан өмірден озғаннан кейін де, оның орны, аты да заты да асқақтай түскен секілді. «Жақсыға үйір болсаң, ырзық табасың» дегендей оның жанында ылғи жақсы адамдар жүрді. Жақсыларды өзіне жақын тартты, олардан үйренді, өнегелерін өміріне серік етті. Оның киім киісі, өзін-өзі таза ұстауы расында да біраз жігіттерге үлгі болды. Мүмкін бұл күнделікті өмірде байқала бермейтін шығар, дегенмен «кісінің кісіменен ісі болса...», ең алдымен өзінің кісілік келбетін танытып алуы шарт. Бұл жағынан Нұрлан Қасымбекұлының есебі түгел еді. Оның талғампаздығы, кірпияздығы, ұқыптылығы кім-кімді де тәнті ететін. Жұмысқа мерекеге барғандай көтеріңкі көңіл-күймен келетін. Иә, ерекше ғажап жігіт еді. Адамдармен араласып, ортасы кеңейгеннен кейін Нұрланның өзіне қоятын талабы да күшейіп, үнемі өзін-өзі тың істерге қамшылап жүрді. Ой-өрісі кеңейді. Сөздік қоры байыды. Талапшыл жанның жетістіктерге жету жолы осылай басталды. Әр қадамын байыппен басып, әр ойын салмақпен жеткізу – арман-мұраттарының табысты жолының бастауы болды. Бұлақ көзіндей таза көңілі кім-кімді болса да жатырқамайтын. Жаныңда жүрген азаматтың өзіне магниттей тартатын өзгеше жақсы қасиеттері болады. Біздің әріптестік, іскерлік байланысымыздың соңы шынайы да адал достыққа жалғасып еді. Үнемі іссапарларда бірге жүрдік. Бір-бірімізді жақсы танып, білдік. Шетелдерде де көп болдық. Сондағы шетелдік әріптестермен емен-жарқын араласып, бұрыннан сыйлас бауырлардай өзін еркін ұстайтын. Тез тіл табысатын.Оның ұсыныс айтсаң, қолдай кететін елгезектігі де бар еді. Жақсыны көруге асығатын. Әлемдік тәжірибелерді, жаңалықтарды, жаңа технологияларды өз өндірісіне енгізіп, алғашқылардың қатарында табысын молайтып, ел ырзығын еселеуге сүбелі үлес қосты. Біздің идея, пікірлеріміз де бір арнада тоғысты. Біз ешқашан кәсібімізге, бір-біріміздің жұмысымызға араласқан емеспіз. Сыйластығымыз адами тұрғыда жоғары деңгейде болды. Бірақ, Нұрланның кәсіпкерлік саласында тасы өрге домалады. Жеке өндірісінің ауқымын кеңейтті. Өнімін алыс-жақын шетелдерге экспорттады. Қазақстан нарығында оның кәсіпорнының аты айрықша танымал болды. Нұрлан Қасымбекұлы Жамбыл өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің арасынан суырылып алға шықты. Әлеуеті артты, дәулеті тасыды. Мемлекетке алақан жаймай-ақ, ешкімнің көмегінсіз кәсіпорнын аяғынан нық тұрғызып, берекесін тасыту қаншама күш-жігерді, тынымсыз еңбекті керек етеді десеңізші?! «Мемлекет маған не істеді дегеннен гөрі, мен мемлекетіме не істей алдым» деген қағидатты ұстанып өткен азамат еді ол! Өнеркәсібінің кластерлік қабілетін білді. Тіпті осы жылдар ішінде оның біреуден қарыз сұрап немесе аз-маз несие алғанын да көрмеппін. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демей ме. Істің көзін тапты, байыбын білді. Қарымды, алымды қадамы, істің адамы екенін көрсетті. Расында кәсіпкердің артында кім тұр? Жеке кәсіпкердің өзі ғана. Ол алдын болжап, қаржысын үнемдеп, пайымдап алмаса – сәттілік мүлт кетуі мүмкін. Нарықтың заңы сондай. Бірақ Нұрлан заман көшінен қалмай, шаруашылықтардың неге қат, қандай сұранысы барын зерделей білді. Өйткені ол нағыз өндірістің адамы еді. Өзім аймақтағы көптеген қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүремін. Жанымдағы Нұрлан да ондай игі істерден әсте шет қалған емес. Жетім-жесірлерге көмек көрсетуді, жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасауды азаматтық парызым деп білді ол. Нұрлан «Қазфосфат» ЖШС ұжымының белсенді бір мүшесі ретінде талай шараларға ортақтасты. 2012 жылы Нұрлан облыстық мәслихатқа депутат ретінде кандидаттығын ұсынатындығы туралы ой айтты. – Мәке, өзіңіз секілді қоғамдық жұмыстарға атсалысып, мүмкіндігінше, елге, жерге қолымнан келген көмегімді берсем деймін. Бұған қалай қарайсыз? – деді ол бірде. – Әрине, сендей жігіттер депутат болу керек, – деп ниетін қолдадым. Өйткені, Нұрланнан жақсы депутат, қоғамшыл азамат шығатынына сенімді едім. Ол сайлау науқанына өте үлкен дайындықпен кірісті. Бағдарламасын айқындап алып, тіпті ел алдындағы сөйлейтін сөзіне дейін аса ұқыптылықпен дайындалды. Егер басқа біреу болса, «бір болары болар...» деп бейғамдық танытар еді, ал Нұрлан ондай емес, жауапкершілікті шынайы сезінді. Алдына нақты мақсат қойды, жеке мүддесі ел мүддесімен үндес шықты. Діттеген мақсатына жетті де. Халық қалаулысы болып сайланды. Нұрланның депутаттық мінберде көтерген мәселелері, депутаттық корпустағы белсенділігі көпке үлгі болды. Жуалы ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына, шаруалардың көсегесін көгертуге көп көмектесті. Ол халық қалаулысы ретінде де облыстағы кәсіпкерлердің жоғын түгендеп, оларға кедергі болатын «тетіктерді» жоюға, табыс көзін молайтуға сеп болар жолдарды да айқындап көрсете білді. Ол бір жиынға қатысатын немесе сөз сөйлейтін болса міндетті түрде алдын ала қамданып, жан-жақты дайындықпен баратын. Бұл – екінің бірінде кездесе бермейтін қасиет. Өңір бизнесінің қантамыр бүлкілін тап басып, тани алуымен ерекшеленетін. Сондықтан оның есімі облыс көлемінде ғана емес, республика көлемінде жақсы танымал болды. Нұрлан көп іс тындырар еді. Қабілет-қарымы жоғары, алымды азаматтың орны әркезде де ойсырап айқын білініп тұрады... Мүмкін ортамызда Нұрландай азаматтар көп болса, мына дүние қазіргісінен де жайнап, нұрлана түсер ме ме еді. Нұрланның отбасында елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері болып, дастарханынан дәм татты. Перуза екеуі жақсылар мен жайсаңдардың батасын алды. Жамбыл өңіріне келген шетелдік әріптестеріміз де міндетті түрде Нұрланның шаңырағына бас сұғып шығушы еді. Бір аптаның ішінде бір-бірімізді көрмесек сағынып қалатынбыз. Апта ішіндегі үш-төрт күніміз бірге өтетін. Әр кездескен сайын жаңа идея, жаңа таныстар, тың бастамалар... Ол кәсібіне туыстарын, бауырларын да баулыды. Бүгінде жары Перуза, ұлдары Жақсыбек, Нұрсұлтан әкесінің ісін жалғастырып отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Нұрлан балаларына жақсы тәрбие берді. Екі анасын құрметтеді, төбесіне көтерді. Алақанында аялады. Салған үйінің өзін басқаларға ұқсатпай, аса талғампаздықпен көтеруі де бір мектеп еді. «Исі жұпар сөзіңді үй болғанда көрерміз, шешенсіген жігітті би болғанда көрерміз» депті бір данагөй. Сол айтпақшы Нұрлан топты жарып би де болды, би түсетін үйлі де болды. Дастарханынан қонақ үзілмеді. «Жақсыменен жақсының ғана ісі болса», жақсы менен жайсаңдардың өзі іздеп тұрды Нұрланды. Шаңырағындағы жылылық, үйлесім, береке, бірліктің, татулықтың ұйытқысы бола білді. Жақсыбек үйленіп, отау көтергендегі қуанышы көз алдымыздан кетпейді. Өрісім кеңейді деп қуанды. Келін түсіп, тойды өткізгенге дейінгі барлық жауапкершілікті Нұрлан өз мойнына алып, керемет ұйымдастырды. Тіпті Нұрланның тағы бір қасиеті достарының туған күнін ұмытпай, әр мерекеде ерекше ықыласын танытып, құттықтап тұратын. Соның өзі көңіліңді марқайтып тастайтын. Шешен сөйлеп, керемет теңеулермен жүрегіңді жылытатын жігіт ағасы болар шаққа жеткенде бес күн жалғаның қызығын қиып, ортамыздан кете барды... Әттең, тым ерте...

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар