Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртар

Несиеге  ет жесең,  сүйегі ішегіңді жыртар
ашық дереккөз
Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртар

«Aq jol» газетінің 2019 жылдың 2 наурыз күнгі санында жарияланған тілші Есет Досалының «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол...» жаназа дастарханы қалай жайылуы тиіс? атты мақаласы қолыма қалам алғызды. Мақаладағы көтерілген маңызды мәселе ешкімді де, әсіресе мұсылман қауымын бейжай қалдыра қоймас. Себебі біздің қазақта ысырапшылдық күннен-күнге өршіп барады. Осы орайда «Ештен кеш жақсы» дегендей, мақаладағы айтылған ұсыныстар алдағы уақытта қолға алынып жатса, құба-құп болар еді. Расында қазіргі кезде, әсіресе біз жақта той мен жаназа (құдайы тамақ) дастарханы бірдей етіліп жасалатын болды. (Тек құдайы тамақта арақ-шарап қойылмағаны болмаса). Дастархан бетінде ине шаншар орын болмай, кейде кесе қояр жер таппай да қаласың. Сол аста-төк дастархан бетіндегі ас-ауқат толық желінбей, аяғы ысырап болып жатқаны. Өткенде бір тойдың аяқталар тұсында асаба шығып бара жатқан кемпірге: «Апа, келгенде бір сөмкемен келіп, енді екі сөмкемен қайтып барасыз, не әкетіп бара жатырсыз?» дегенде, кейуана іркілместен: «Өй, қараңқалғыр, пленге түскен немістерді әкетіп бара жатырмын да» дегені. Сол айтқандай, тойдың да, құдайы тамақтың аяғында да әйелдер стол бетіндегі тағамды жаппай сөмкелеріне салып, дастархан бетін жылан жалағандай, тып-типыл ететінді шығарды. Сөйтіп қасықпен жиналған дүние шөміштеп төгіліп жатқаны. Мен осыдан біршама уақыт бұрын бажамның інісі қайтыс болып Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Шарапхана ауылына бардым. Бұл өңірде осы мақалада айтылған рәсімдер ерте кезден қолға алына бастапты. Марқұмды жерлеп келгеннен кейін біз тәрізді алыстан келген кісілер үшін көршінің үйінде дастархан жайылыпты. Ас мәзірінде тандыр нан, шелпек, бауырсақ, қант, кәмпит болды. Әр адамға тостағанға құйылған тамақ тартылды. Сондай-ақ қаралы болған үйде үш күнге дейін қазан көтерілмейді екен. Тағы бір айтарлығы, зират басындағы бейіттерде біздердегідей кесене тәрізді зәулім жайлар, тіптен қарапайым қоршаулар да көрінбейді. Оның орнына марқұмның туған-қайтқан жылдары жазылған шағындау мрамор плита ғана орнатылған. Жан-жақтан келген біздер бұл көрініске риза болып қалдық. Осы бір құптарлық жай көптен көңілімде жүрген еді, газетте көтерілген мәселелер ойымды көпшілікке жеткізуге түрткі болды. Қазіргі кезде дүниесі бар болсын, жоқ болсын дүркіретіп той жасау, құдайы тамақ беру дәстүрге айналып барады. Байлардың мұртын балта шаба қоймас. Бірақ «Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртады» дегендей, үйінде былайша айтқанда тышқақ лағы да жоқ сіңірі шыққан кедей де жалған намыспен тыраштанып банктен несие алып, бала-шағасының несібесін бостан-босқа шашып жатқаны. Міне, енді, тек басылым беттерінде жарияланып қана қоймай, онда айтылған ұсыныс-пікірлерді, көңілге қонымды көкейтесті мәселелерді көп болып іске асырар кез келді.

Алдаберді МАҚАШЕВ, еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар