Киіз үй – біздің ұлттық брендіміз

Киіз үй – біздің ұлттық брендіміз
ашық дереккөз
Киіз үй – біздің ұлттық брендіміз
Кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқаныма 28 жыл болды. Мені құрбыларым, әріптестерім өз ортамызда «ЮртаСтрой» деп атайды. Өйткені ұлттық қолөнермен қатар киіз үй жасап, оны жабдықтаумен айналысып отырғаным үшін де осылай атаған болар. Оған мен ренжімеймін. Расы солай ғой. Жалпы ұлттық қолөнер туындыларын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында көптеп ұшыратамыз. Киіз үй мен оның жабдықталуы да сан алуан болып келеді. Былайғы жұрт оның жасалу жолына аса бас қатыра қоймасы анық. Бірақ әрбір қолөнер туындысын мен қайталанбас шедевр деп бағалаймын. Наурыз мерекесін алғаш тойлаған жылдары киіз үй таппай қатты қиналған сәттеріміз көп болған еді. Малшы ауылдардан жабдығы әбден көнерген, киіздері тозған киіз үйлерді жинастырып, кем-кетігін түгендегендей болдық. Сол кезде маған неге киіз үй жасамасқа деген ой келді. Өзімнің негізгі мамандығым құрылысшы. 1980 жылы Алматы политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Еңбек жолымды өмірлік серігім Мағауия Жолақовтың жолдамасына байланысты Целиноград қаласында темір жол құрылыс монтаждау мекемесінде құрылысшы болып бастадым. Кейін жолдасымның туған жері Таразға көшіп келіп темір жол саласында мамандығымыз бойынша бірге жұмыс істедік. 1991 жылы қысқартуға түскен соң, бір кісімен бірлесе отырып «Дамай» атты фирма құрып, жиһаз жасадық. Шаруамыз бастапқыда жақсы жүрді. Жиһазға қажетті ағаштарды тапсырыспен Ресейден алдыратынбыз. Бір жолғы тапсырысымыз өртке оранып, шығынға ұшырап, жабылып тындық. Осыдан кейін өзімнің жеке кәсібімді ашуға бел байладым. Неден бастасам деп жүргенде «Ақ отау» ұлттық киім тігу цехын ашқан Қалбибі Махажанова мен Күләш Назарбекова апаларым ұшыраса кетіп, өздерінікіндей кәсіппен айналысуға үгіттеді. Аяқтан тұрып кеткенше тігін машиналарын алып беріп, жол көрсеткен-ді. Фирмамның атын «Би-Даулет» деп қойған да сол кісілер. Апалық қамқорлықтарымен «Билі әрі дәулетті бол» дегендері еді. Кейін ол кісілер мемлекеттік қызметке араласып, фирмалары жабылып қалды. Бірде біздің жұмыспен танысу үшін цехқа сол жылдардағы облыс әкімі Амалбек Тшанов келді. Қарамағымда 60 адам жұмыс істейтін. Цех орналасқан ғимарат шағын болатын. Біздің жұмыспен танысқан соң ол жұмысыңды кеңейт деп қазіргі ғимаратымызды алып берді. Содан бері осындамыз. Тараз қаласының 2000 жылдық тойы өтеді дегеннен бастап тойға 5 жыл дайындалдық. Сөйтіп сақ-ғұн мәдениетінен бастап бүгінге дейінгі кезеңдерді қамтитын қазақтың киім үлгісі мен қолөнерін, «Жібек жолы» композициясын, сахнаның әрлеу жұмыстарын ұлттық ою-өрнекпен алып шықтық. Осылайша он жыл төккен тер бір күнде ақталып, еңбегімнің жемісін Тараздың 2000 жылдық тойында көргенім бар еді. Наурыз мерекесін өткізетін болсақ киіз үй іздеп шабыламыз да жүреміз. Неге киіз үй жасап шығармасқа деген ой келді. Әкем Қазтайдың айтатыны болушы еді: «Өзің не істейтініңді білмесең, оны кімнен талап етесің. Талап ету үшін де әуелі оны өзің білуің керек», деп отыратын. Сонымен Қырғыз Республикасының Қытай мемлекетімен шектесетін тұсында Бақалы деген жер бар екен. Онда апаратын жолдың азабын айтып жеткізу мүмкін емес. Өзі бір таудың түкпірінде қалған, өркениеттен алыс жатқан елді мекен болып шықты. Онда үй жасауға қажетті «Сәмбі» талы өседі екен. Өзі жіп-жіңішке, оқтай түп-түзу. Биіктігі 4 метр. Жергілікті тұрғындар киіз үй жабдығына соны пайдаланады екен. Сонда бір ай жатып, киіз үй жасау технологиясын меңгердім. Әрі қажетті материалды сол жерден жинауға кірістім. Сөйтіп қайтарымда бір жүк көлігіне материалды тиеп алып келдім. Келген соң 6-дан бастап 16 қанатты киіз үйге дейін жасап, ою-өрнекпен жабдықтап, сыртқы киіз жабынымен бірге сатылымға шығардым. Қырғыз мемлекетінен ағаштарды үш рет жеткіздім. Қазір шикізатымыз таусылып, бұл цех жұмысы уақытша тоқтап тұр. Киіз үйге қажетті ағашты өзімізде де өсірсек болар еді. Оған 2007 жылдан бері жер сұрап келемін. Әлі күнге өтінішім қанағаттандырылмады. Осы күйінде қалып кете ме деп қорқамын. Жалпы киіз үйге қажетті ағаштан бастап, жіпке дейін шет елден тасымалданады. Бізде киіз басуға пайдаланылатын қолайлы қой да өсірілмейтін болып шықты. Оған шаруашылықтарды аралап, жүн іздегенде көзім жете түсті. Әйтпесе киіз басу цехын да ашқым келген. Бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Шапандар мен камзолдар тігіп, жағаларын, жеңдері мен етектерін ұлттық ою-өрнекпен әрлеудеміз. Қазір Наурыз мерекесі мен күнделікті киіп жүруге ыңғайлы ерлер мен әйелдерге арналған плаштар сатылымға шығарылып отыр. Туғанай Жолақова, «Би-Даулет» ЖШС-ның директоры. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар