Бөлтірік шешен ауылының өмірі бітпейтін мың сан шаруасына атсалысып жүрген атпалдай азаматтан қас қағым сәтте көз жазып қаламыз деп кім ойлаған. Жұрт жапырыла қалаға көшіп жатқанда да қара басының қамын күйттемей, ауылда қалып еді.
Осында кіндік қаны тамған Бақтыбай Сабыралиев Қазақ политехникалық институтын бітіріп келгеннен кейінгі бар саналы ғұмырын өзінің туып-өскен ауылының көркейіп, өсуіне арнады. Қатардағы инженерліктен еңбек жолын бастап, өндірістік кооператив төрағалығына дейінгі жолдан өтті. Ауылшаруашылығының қазанында қайнап, білгір маман атанды.
Бақтыбай қолына қалам ұстаған қауымның досы да еді ғой. Ауданға іс-сапарға келген ақын, жазушылар оның үйіне соқпай кетпейтін. Бақтыбайдың көркем әдебиеттен де хабары мол болатын. «Асыл адам айнымас» демекші, бір көріп, таныс-біліс болған адамын қашан, қандай жағдайда кездестірсе де, жазбай танып, ағынан жарыла амандық-саулық сұрасатын. Жолымыз алғаш өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында «Кеңес» кеңшарында (қазіргі Бөлтірік ауылы) түйісіпті. Бұл кезде ол кеңшардағы жұмысшылар комитетінің төрағасы. Жақсыда жаттық жоқ екеніне сонда бір көз жеткізгенбіз. Әсіресе, бізді оның үйі мен ауласын шағын спорт залына бергісіз етіп жарақтандырғаны тәнті еткен-ді. Бақтыбайдың өзі турникте шыр көбелек айналып, одан қалды ауыр гантельдер мен зілтемірлерді ұршықша үйіріп барып, демін басты. Оның жасынан спорт пен саламаттылықты жанына серік еткені соңыра ойы озық, санасы сергек басшы болып қалыптасуына оң әсерін тигізді. Бұрынғы басшының бастамаларын одан әрі сәтімен жалғастырды. Одақ тарап, ел ішін берекесіздік жайлаған кезең қиындықтарына мойымай, шаруашылық ісін өрге бастырды. Әсіресе, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсаруына айрықша мән берді. Оның өндірістік кооператив төрағасы, кейін ауылдық округ әкімі ретінде ел игілігін еселеу жолында атқарған қадау-қадау жұмыстарын Талас ауданындағы Бөлтірік, Көшек ауылдарының тұрғындары әркез ілтипатпен еске алып отырады. Солардың бірі осы ауылдың тұрғыны Бақтыгүл Қасенова «Әне бір жылы, көктемде қырдың қызыл суы ауылды алып кетіп, отырған үйіміз жарамсыз болып қалды. Ауыл тұрғындарын жұмылдырып, асарлатып, үйімізді жөндеп берген жақсылығын қалай ұмытайын» десе, тағы бір замандасы «Бақтыбай қай салада болсын жауапкершілікпен еңбек етіп, өзінің адамгершілік әдебі мол, ізденімпаз, іскер басшы екенін көрсетті. Өмірінің соңғы жылдарында аудандық орман шаруашылығы, «Талас таза су» мекемелерін басқарғанында да осы абырой биігін аласартпады» деп еске алады. Қашан барсаң да құшағын жая қарсы алатын, есігі де, пейілі де ашық, көңілі даладай кең, жақсы, жайсаң мінезімен кім-кімді де өзіне бірден баурап алар бауырмал, аңқылдаған арда азамат еді. Сусылдай жабылған жылдар парағы азамат мұратын еш көмескілендіре алмақ емес. Соңында айқын да бедерлі ізі жосылып жатыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, оның өмірін бүгінде бес бірдей ұл-қызы жалғастыруда. Жанға медет, көңілге жұбаныш етеріміз де сол. Жомарт жүрегінің жылуы, алақаны табымен көсегесі көгеріп, көктеп өскен, өркен жайған ауылы, ұрпағы енді оның өзіндей, көзіндей ыстық көрінеді бізге...
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді