«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаз. Жастар. Жалын...

Жаз. Жастар. Жалын...
ашық дереккөз
Жаз. Жастар. Жалын...

жаңа балабақша ғимараты құрылысында 30 студент еңбек етуде

14 13 15Луговой ауылында салынып жатқан 280 орындық балабақша тамыз айының соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Іргетасы өткен жылы қаланған аталмыш нысанда қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тараздағы «Ремэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары жобалық-сметалық құны 496 миллион теңге болатын нысанның соңғы шегелерін қағуда десе де болады. Бір айта кетерлігі, оларға жастардың еңбек жасақтары да көмекке келіп, әжептәуір қолқабыстарын тигізуде екен. Біз оған құрылыс алаңына келгенде көз жеткіздік.

– Құлан ауылшаруашылығы колледжінің студенттері бізге көмекке келгелі бір айдан астам уақыт өтті. Тұрарбек Баймұратов басқарған студенттердің құрылыс жасағы мүшелері жұмысына дән ризамыз. Олар ғимараттың алдын көріктендіріп, көгеріштендіруге көп үлес қосты, – дейді учаске бастығы Марат Жақашев. Бүгінде мұнда 30 студент еңбек етіп жүр. Жасақ жетекшісі Нұрсұлтан Орынбайдың айтуынша, олар колледж факультеттерінен іріктелініп алынған. «Мәселен, Зульфия Шихова мен Юлия Чикризова болашақ бағдарламашы, Айбек Смайылов пен Әділет Ардақұлы агроном, ал, менің өзім мал дәрігері мамандығында оқимын», – дейді ол. Жаңа балабақшаның бөлмелері кең де, жарық. Бүлдіршіндердің жоғарғы және төменгі қабаттарға арлы-бері қауіпсіз, жылдам қатынауы үшін асханаға лифт орнатылған. Мердігерлер барлық бөлмелерді дерлік тиісінше жиһаздармен, асхана мен санитарлық жүйелерді қажетті қондырғылармен жарақтандыру үстінде. Ауладағы ойын алаңшалары жасалып, бітуге таяу. Ғимарат іші алдағы уақытта жалпы қуаты 650 киловатт болатын екі қазандық күшімен жылытылмақ. Тек бір «әттеген-айы», қатты отын пайдалануға лайықталып соғылыпты. Елді мекендердің барлығына дерлік табиғи газ кіргізіліп жатқан тұста жылыту жүйесінің бұлайша жобалануы түсініксіздеу. Дегенмен, Сапар Мырзасалимов пен Бекболат Көкталовтың бригадалары өздеріне тапсырылған жұмысты өте сапалы атқарған. Бізбен бірге осы нысанды аралап көрген аудандық білім бөлімінің инженері Жанкелді Иматаев: «Ең бастысы бақшада жарық пен жылу үзілмесе болды. Анадай қуатты қазандық тұрғанда бүлдіршіндер тоңа да қоймас», – деді. Студенттердің құрылыс жасағы өздеріне жүктелген соңғы тапсырыстарды орындау үстінде. Енді аз күнде олар бесінші еңбек тоқсанынан кейінгі жазғы демалыстарына шықпақ.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,  «Ақ жол».

Луговой ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар