«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қарсыластан қаймықпайтын қаһарман қыз

Қарсыластан қаймықпайтын қаһарман қыз
ашық дереккөз
Қарсыластан қаймықпайтын қаһарман қыз

Индонезия елінде өткен Жазғы Азия ойындарына каратэ-доның хас шебері Гузалия Гафурова аттанғанда «қандай нәтиже көрсетер екен?» деген ойдың санамызда болғаны рас. Спортта «чемпион болған қиын, ал чемпиондық атақты сақтап қалу одан да қиын» деген түсінік бар. Өйткені аламанда бақ сынайтын мықтының бәрі чемпионды жеңгісі келеді. Гузалияның нәтижесіне алаңдауымыздың басты себебі, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен құрлық ойындарында топ жарған жерлесіміз тағы да чемпион атанатынына аздап күмән болды. Өйткені төрт жыл ішінде Гузалия тұрмыс құрды. Ана атанды. Осылайша «жыл басында ғана жаттығуға кіріскен қайсар қыз қаншалықты спорттық бабына келе алды?» деген ойда жүрдік. Бала күтімі демалысынан енді ғана шыққан жерлесіміз шын мықты екенін кезекті мәрте дәлелдеді. Қарсыластан қаймықпайтын Гузалия тағы да финалда қытайлық Танг Линлингпен кездесіп, 2:0 есебімен басымдық танытты. Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған Гафурованың бұл жеңісін спорт жанкүйерлері жылы қабылдады. Тіпті ерлікке теңегендері де болды. Төрт жыл бұрын да жерлесіміз дәл осы қытайлық қызды 4:3 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салған-ды. Ел сенімін ақтаған Гузалияның бұл жеңісі елеусіз қалған жоқ. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған жыл үздіктерін марапаттау рәсімінде Гафурова «Жылдың үздік спортшысы» болып танылды. Талай байрақты бәсекелерде қарсыластарынан айласын асырып, алтыннан алқа таққан қайсар қызды біз де үздік деп білеміз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар