Азаттық үшін Алматыға аттанған албырт жастар

Азаттық үшін Алматыға  аттанған албырт жастар
ашық дереккөз
Азаттық үшін Алматыға аттанған албырт жастар
Ырғайты техникумындағы дүрбелең Ұлт тағдырында өшпес із қалдырған Желтоқсан көтерілісінен бері де отыз екі жыл. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде тоталитарлық жүйеге қасқая қарсы шыққан қазақ жастарының ерлігі әлемді әлі күнге таңдандырумен келеді. Тек Алматыда ғана емес, Колбинді 18 минутта тағайындаған пленумның шешіміне наразылық білдірген бейбіт шерулер еліміздің әр өңірлерінде болды. Облыс орталықтарының бірқатар жоғары оқу орындарындағы тәрізді Красногор совхоз-техникумында да (бүгінде Ноғайбай ауыл шаруашылығы колледжі) осындай толқу орын алған еді. Ол кезде Красногор ауданы әлі Қордайға қосылмаған (1989 жылы қосылды). Сол ауданға қарайтын Ырғайтыдағы техникумның мәртебесі өзгеше, теориялық білім беру өндіріспен тығыз ұштастырыла жүргізіліп шаруашылықтармен біріктірілген бүкіл одақтағы он алты совхоз-техникумдардың бірі еді. Студенттердің жалпы саны 1200-ді құрап, олардың тең жартысы техникум жатақханаларында жатып күндізгі бөлімде оқитын. Қазіргідей ұялы байланыс, ғаламтор әлі жоқ. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 16 желтоқсандағы кезектен тыс пленумы туралы хабарды жұрт түс қайта радио мен теледидардан бір-ақ естіді. Елімізді ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаев қызметінен алынып, орнына бүкіл елден лайықты адам табылмағандай Ресейдің бір түкпірінен келген Қазақстанға мүлдем жат Г.Колбиннің тағайындалуы қаны қазақ кім-кімнің де намысын қозғаған жай болды. Келесі күні Алматыдағы Брежнев атындағы алаңда студенттер мен жұмысшы жастардың «Әр ұлтқа – өзінің көсемі!» деген ұран көтерген бейбіт шеруі басталып, оның әскердің күшімен басып жаншылып жатқаны, жастар аяусыз соққыға жығылып шетінен қамалып, тіпті, өлгендер бар деген жан түршігерлік хабарлар да бірінен соң бірі жетіп жатты. Бұл ырғайтылық студенттердің де жанын жай таптырмай, тез жиналып алматылықтармен бір сапта болуға ұмтылды. Красногор совхоз-техникумының сол кездегі директоры, бүгінде зейнеткер, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрғанбек Байзақов: – 18 желтоқсан күні таң азаннан қыстаудағы отарларды аралап үйге кіргенім сол еді, соңымнан есікті тарсылдатып мал дәрігері келді. – Ойбай аға, бәле болды. Сізді іздеп жатыр, – деді алқынып. – Не болды? – Алматыда кешегі пленумның шешіміне қарсылық танытып жастар орталық алаңға шығыпты, біздің техникумның да студенттері дүрбелең салып жатыр. Олар ешкімді тыңдайтын емес. Дереу кеңсеге бет алдым. Селолық кеңестің төрайымы Тайса Тющенко үрейден екі көзі алақандай болып кеткен екен, алдымнан шықты. Оның айтуынша, барлық курстарда сабақ тоқтап, студенттердің бір бөлігі Алматыға баруға жиналып жатқан көрінеді. Шынында да, техникум жақта адам қарасы мол. Шұбырып орталық көшемен автобус аялдамасына қарай бара жатыр. Мені көріп барлығы келесі көшеге қарай ошарыла бұрылды. Жүгіріп алдарын орағытып кес-кестедім. – Айналайындар, тыңдаңдар мені, бұлай ештеңе шеше алмаймыз. Босқа арандап қаласыңдар, оқуларыңа да зияны тиеді, – деп жатырмын. Бірақ жастардың кейбірі әбден ашынып алған: «Алматыға барамыз аға, онда студенттерді тепкілеп, соққыға жығып жатыр», «Қазақтарды қашанғы бүйтіп қорлай береді», «Ең болмаса ауылдағы орыстарды үйлерінен қуамыз, терезелерін сындырамыз» деп өрекпиді. Жиналғандардың саны 300-ден асып қалар, күндізгі бөлімнің басым көпшілігі осында. Бәрі 14-19 жас аралығындағы өрімдей жастар. Ұлты орыс студенттердің бірі де жоқ, екі неміс бала бар еді оларға дейін жүр. Ал ауылдағы орыс тұрғындардың барлығы үйлерінің есік-терезелерін тарс бекітіп алыпты. Олар түгілі, ұлты орыс аудан басшыларының өздері біртүрлі момақан күйге түскен. – Бұлай жасамаңдар, мұның арты өте жаман болуы мүмкін. Одан да мәжіліс залына барып жиналыс өткізейік. Бірге отырып талқылайық, ақылдасайық, – деймін балалар орны толмас бір пәлеге ұрынып кетпесін деп. «Кеңшар» партия ұйымының хатшысы, кәсіподақтың төрағасы, комсорг, техникумның оқу ісінің меңгерушілері, жай мұғалімдері де студенттерді сабырға шақырып жатыр. Сөйтіп, жалынғандай әке-көкелеп жүріп оларды біртіндеп техникумның мәжіліс залына жинадық. Осы кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Колочев іздеп жатыр деді. Телефонға барып «Тез келіңіз, студенттерді әрең ұстап отырмын, бірлесіп сабырға шақырайық» деп оны шақырдым. Сөйтіп, сол күні бар ақылымызды айтып жатып ереуілдің алдын алып едік. Білім беру ісінің ардагері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Фатима Байбекова: – Ол кезде совхоз-техникум партия ұйымының хатшысы едім. 17 желтоқсан күні кешқұрым аудан орталығы Отардан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Юрий Прилуцкий біртүрлі мазасызданған дауыспен телефон шалды. «Қалайсыңдар, бәрі қалпында ма?» дейді. Мен «иә» дедім. «Кезекшілікті күшейтіп, тәртіпті қадағалаңдар» деді. Онсыз да бізде тәртіп жақсы еді, мұнысы несі дедім де қойдым. Ертесі таңертең кеңсеге келсем, «техникумның студенттері бүлік салып жатыр» деген хабар төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Дереу аудандық партия комитетіне хабарладым да, совхоз-техникумның директорына жүгірдім. Ол кісі топ алдында сөз сөйлеп тұр екен. Әділін айту керек, сол күні Тұрғанбек Байзақовтың ауданға танымалдығы, абырой беделі, студенттердің тілін таба білуі арқасында үлкен дүрбелеңге жол берілмеді. Сол күні бәріміз студенттермен бірге болып, аудиторияларда да, жекелей де әңгіме жүргіздік. Бірқатарының ата-аналарын хабардар еттік. Соның арқасында бізде бірде-бір студент қудаланып, оқудан шығарылған жоқ. Осы арада мына бір жайға назар аударайық. Негізінен қазақтар мекендеп, мал шаруашылығымен айналысатын айналдырған үш колхоз, үш совхоздан тұратын, бірде-бір ірі өндіріс орны жоқ Красногор атты кішкентай ауданда аупарткомның бірінші және екінші хатшылары (Г.Калачев, Ю.Прилуцкий), аудандық атқару комитетінің төрайымы (Н.Жукова), Ырғайтыдағы селолық советтің төрайымына (Т.Тющенко) дейін орыс ұлтының азаматтары болатын. Техникумдағы жиналысқа келгенімен, студенттер оларды тыңдай қоймады, көкейдегі сұрақтарын тайсалмай қарсы қойып жатты: «Неге Қонаевты құрметтеп зейнетке шығарып, орнына, мейлі орыс болсын, қазақстандық басшы қоймады?», «Біз Чеховтың, Пушкиннің шығармаларын жатқа білеміз, ал сіздер Абайдың бір өлеңін білесіздер ме?», «Ұлт саясатының лениндік принциптері неге бұрмаланады?» деген өткір сұрақтарға аудан басшылары қандай уәж айта қойсын, «бұл партияның шешімі, оған шек келтіруге болмайды» деп күлбілтелеп, соңында «Алматыдағы бүлік «бұзақы», «нашақор», «маскүнем» жастардың қолымен жасалуда. Сендер де соларға қосылмақшысыңдар ма? Мұның арты жақсылыққа апармайды, өздеріңе де, ата-аналарыңа да қиын болады» деп қоқан-лоқы жасауға дейін барды. Тек совхоз-техникумның директоры Т.Байзақов, партия ұйымының хатшысы Ф.Байбекова, техникумның бөлім меңгерушісі Д.Қошалиев, комсомол жетекшісі, студент Т.Архабаев, беделді мұғалімдер Ж.Арынов, Қ.Молдажанов, Н.Исанов, Н.Атабаев, А.Медеева және басқаларының жастарды бұлай қорқытып үркітпей әкелік, аналық мейіріммен «босқа арандап өз өмірлеріңе балта шауып аласыңдар ғой, әліптің артын баға тұрайық, аптықпаңдар, мәселені бейбіт жолмен шешудің жолын қарастырайық» деген басу сөздері студенттерді біртіндеп сабасына түсірген еді. Дегенмен билік басындағылар қамсыз қалмау үшін, студенттер бас бермей бара жатса күш қолдануға ауыл сыртына үш бірдей өрт сөндіргіш машина, милиция жасақтарын әкеліп қойғанын айтады куәгерлер. Оқиға ортасында болған сондағы студенттер бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Апалы-сіңлілі Гүлнар, Райкүл, Гүлсін Сұраубаевалар, Төлеген Архабаев, Исағали Құсайынов және басқа біз тілдескен олардың қай-қайсысы да сол бір ызғарлы желтоқсанда жастарды астананың орталық алаңына алып шыққан ұлы күш ұлттық рух пен патриоттық сезім екенін айтады. Өздерінің де солармен ниеттес болғанын мақтан етеді. Ұлттық рух буырқанған сол күндері Алматыда алаңға шыққандар қатарында көптеген қордайлықтар да болды. Мәселен, Қуаныш Сәрсенбаев құрылыс техникумында, Гүлсара Сағынбекова мен Айнұр Өтеева байланыс техникумында, Асқар Тұрлыбаев сәулет-құрылыс институтында, Сәрсен Әлиев есеп-санақ техникумында, Қуандық Сабыралиев кинотехникумда оқитын. Басқа да оқитын, жұмыс істейтін қордайлық жастар шеруге қатысқаны үшін оқудан шығарылып, жұмыстан қуылса, соққыға жығылып майып болып қалғандары да болды. Қырғыз жастарын Қордай асуынан асырмаған «Қырда арқардың мүйiзi сынса, сайда сиырдың мүйiзi сырқырайды» демекші, сол күні Алматыда болған шерудi билiктiң аяусыз басып-жаншығаны Алатаудың күнгейiндегi айыр қалпақты қырғыз бауырларымыздың да қабырғасын қайыстырған. Суық хабар Фрунзе көшелерінде (қазіргі Бішкек қаласы) желдей есіп, жұрттың көңілін ұйқы-тұйқы қылды. Алматыдағы көтерілістің қатысушылары негізінен жастар, студенттер болғандықтан, қырғыз жастары ошарыла көтерілді. Оларды бір топ зиялы қауым өкілдері де қолдады. Белсенді қырғыз азаматтары жиналып, бауырластарына жәрдем беру үшін Алматыға бет алған. Олардың ішінде кейін Қырғыз Республикасының халық жазушылары атанған Асанбек Стамов пен Мырза Гапаров та бар. Жазушылар бастаған топ Қордай асуынан ары өткізілмей кейін қайтарылды. Қырғыз политехникалық институтының да екі автобуспен шыққан студенттері асудан әрі асырылмаған. Тағы бір топ жаяу-жалпылап Отар стансасына жеткенімен, оларды да мұздай қаруланған орган адамдары күтіп алған болатын. Сол қаһарлы күндерді саясаттану ғылымының кандидаты, Қырғыз Үкіметінің «Қырғыз Туы» баспа үйінің директоры-бас редакторы болған Бақытбек Орынбеков былайша еске алады: – Қырғыз мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезім. Жатақханада тұратынбыз. Сол 16-17 желтоқсанда Алматыда болған жағдайдан кешінде хабардар болдық. Жатақхана іші у-шу. Қазақ жастарының рахымсыз жазаланып жатқаны студенттердің ашу-ызасын туғызды. Миллиондаған қазақтың біреуіне сенім көрсетілмей, жоғарғы жақтан басқа ұлттың өкілі таңылып, республиканы басқаруға келгеніне наразы болудамыз. Ертеңіне аудиторияларда және дәліздерде Алматы оқиғасы студенттердің арасында қызу талқылана бастады. Алматыға барып, қазақ жастарына көмек беруіміз керек, тілектестігімізді білдірейік деп пікір білдірушілер көбейді. Мен де солардың ортасында болдым. Сол күні кешке ректорат, қалалық ішкі істер бөлімі тарапынан жатақханаға арнайы бекет қойылып, жүріс-тұрысымыз, кірген-шыққанымыз тексеріле бастады. Ертеңіне университетте партия, комсомол жиналыстары өтіп, түсіндіру істері жүргізілді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп белсенділік көрсеткен, Алматыға баруға үндеген студенттерді және кейбір ұстаздарымызды сұраққа алды. Оларға мен де жауап бердім. Болғанын болғандай, өз ниетімді ашық айттым. Ертеңіне сонау Қытайдың шекарасына жақын жердегі ауылымнан әке-шешем сөйлесу пунктіне шақырып, телефонмен «балам, жаман іске барма» деп басу айтты. Мен ешқандай жаман іс жасап жатпағанымызды, Алматыдағы жағдай біздің де намысымызға тигенін білдірдім. Кейінірек белгілі болғандай, арнайы қызметтің адамдары ата-анама да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген екен. Ал 1995-2000 жылдары екі палаталы Қырғыз парламентінің Заң шығару жиынының депутаты, 2010 жылғы Ош және Жалалабад қанды оқиғаларын зерттеу бойынша ұлттық комиссияның мүшесі болған Жыпар Жекшеевтің пікірі мынадай: – Алматыда жастар ереуілінің қарулы күшпен басылуы өзін қырғызбын деген азаматтардың барлығының бауырмалдық сезімін қозғады. 1970 жылы көркемсурет училищесінде оқып жүргенімде жастардың «Жас тілек» ұйымын құрған болатынмын. Ол биліктің қысымымен бір жылдан кейін жабылып қалса да, оған мүше болғандар байланысымызды үзбей, тілектестер көбейген. Соларды және басқа да еріктілерді жинап, дереу Алматыға баруға әзірлене бастадық. Бас-аяғымыз жиналғанша, арнайы органдардан адамдар келіп: «Әрбір қадамдарың бақылауда, ол жаққа аттап баспайсыңдар, Қазақстанның шекарасына (ол кезде шекара шартты түрде ғана) жасақшылар қойылған» деп қатаң ескерту жасады. Сөйтіп, біздің топтың аяғы тұсалып қалды. Сол күндері көрші елдегі үлкенді-кішілі бірқатар оқу орындарында және қырғыз жастары көбірек жұмыс істеген кәсіпорындарда да қазақ жастарына қолдау білдірген жайлар орын алыпты. Оған қатысқан, қатысты делінген бір топ адамдар кейіннен партиядан, комсомолдан шығарылып, жұмысшылар жұмыстарынан, студенттер оқуынан қуылған. Желтоқсан көтерілісі қырғыз елінің де ұлттық сана-сезімінің өсуіне, көтерілуіне өте зор серпін берді. Желтоқсанның екпінімен сексенінші жылдардың аяғында, тоқсаныншы жылдардың басында «Қырғызстан демократиялық қозғалысы» және үйсіз жүрген қырғыз азаматтарының Фрунзе қаласының төңірегінен жер телімдерін алуына, үй салуына жәрдемдескен «Ашар» қозғалысы, саяси партиялар дүниеге келді. Оқиғалардың осылай өрбуі демократиялық үрдістердің орнығуын тездетіп, 1990 жылдың 27 қазанында Қырғызстанда коммунистік билік құлаған болатын. Тақырыпқа орай мына бір жай да еске түседі. Желтоқсан көтерілісін күшпен басуға, жазалау әрекеттеріне белсене қатысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилер кейіннен ордендермен, сый-сияпаттармен марапатталған болатын. Сол тұста Қазақстанда әскер қатарында болған қырғыз жігіті Талайбек Ылаев одан бас тартып: «Менің фашист болғым келмейді. Мен – Колбинге, оны қолдаған барлық жендеттерге лағынет айтамын» деп, өзіне берілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасынан бас тартып, оны кері қайтарып жіберуге батылы барған. Желтоқсан көтерілісі КСРО аталатын алып империяның іргесін шайқалтқан ең алғашқы дүмпу еді. Ол тек қазақтар ғана емес, кеңестік жүйедегі бодан халықтардың жаппай орыстануының тамырын үзуге себепкер болды. 1987 жылы Саха Республикасындағы, 1989 жылы Балтық елдеріндегі, Грузия, Әзірбайжанда болған демократиялық қозғалыстардың өріс алуына жол ашты. Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қордай – Бішкек – Қордай.

Ұқсас жаңалықтар