Елбасынан бата алған

Елбасынан бата алған
ашық дереккөз
Елбасынан бата алған

Кенендік ерлі-зайыпты Бәтішевтердің отбасында жеті жылдан бері сары майдай сақталып келген бір өзгеше құжат бар. Ол конвертіне «үкіметтік» деп белгі соғылып, 2011 жылдың ақпан айында Астанадан Президент Әкімшілігінен келген хат. Хатта:

«Құрметті Ұлтуған Әбдіжанқызы! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жазған хатыңызбен танысып, жақсы тілектеріңіз үшін Сізге алғысын жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ Президент биыл мектеп бітірейін деп отырған ұлыңыз Елнұр үмітіңізді ақтап, білім жолын одан әрі жалғастырып келешекте жақсы азамат, білікті маман болып шықсын деген сәлем айтты. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке-бақыт және ойға алған мақсаттарыңыздың орындалуына сәттіліктер тілейміз» деп, Президент кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековтің қолы қойылған екен. Енді бұл хаттың жазылу себебіне келейік. Елнұрдың әкесі Әскен ішкі сезімдерін сыртқа шығара бермейтін біртоға, тұйық азамат болса, анасы Ұлтуған екі қыздан кейінгі осы ұлының болашағына көп алаңдап, әрнені уайымдап, кейде ұйқысыз таң да атыратын. Ойлап отырса, бүкіл өмірі қасиет қонған ауылдарда өтіп келеді екен. Өзінің балалық, жастық шағы Елбасының анасы туған Қасықта (қазір Әлжан ана ауылы) өтті, бой жетіп Кенен ауылының азаматына тұрмысқа шықты, кейін екеуі қол ұстасып, бес жылдай Қарасай батыр ауылында қызмет етті. Әскен онда кеңшар партия ұйымының хатшысы, одақ тарағаннан кейін мектепте мұғалім болса, Ұлтуған пошта бөлімшесінде еңбек етті. Елнұр сол ауылда 1993 жылы туған еді. Осындай киелі жерлердің топырағын басып, дәм-тұзын татып жүріп өмірге әкелген ұлының болашағынан зор үміт күткен ана көңілі байыз таптырмады. Елбасыға хат жазуға тәуекел етті. Ол хатта тәуелсіздік туы астында елімізді жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына алғысын білдірді. Елбасының сарабдал саясаты арқасында Қазақстанымыз күн сайын көркейе түсіп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Барлық аналар тәрізді еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, сапалы білім алуына мемлекеттік кепілдік берілгеніне ризалығын атап көрсетті. Соның бір мысалындай мектепті жақсы аяқтап келе жатқан ұлы Елнұрдың арманы жоғары оқу орнына түсіп, жүрегі қалаған мамандығын меңгеріп, елінің бір қажетіне жарау екенін де жасырмады. Жіберген хатының Елбасыға жете қоярына күпті көңілмен жүргенде, арада апта өтпей Президент Әкімшілігінен жоғарыдағы жауапхат келіп, бүкіл отбасын қуанышқа кенелтті. Елбасының бата-тілегіндей бұл хаттан ерекше қуат алған Елнұр Әскенұлы сол жылы Кенен ауылындағы Екейбай Қашағанов атындағы мектепті жақсы аяқтап, ҰБТ-дан 104 балл жинап, ҚазМҰУ-ға мемлекеттік грантпен оқуға түскен болатын. Ата-анасының үмітін ақтап дінтану мамандығы бойынша университеттің бакалавр, магистратурасын да үздік бітіріп, былтырдан бері облыс әкімдігінің дін істері басқармасына қарасты ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы болып қызмет етіп жүр. Білікті жас маман облыстық басылымдарда жарияланып тұратын дін тақырыбындағы өзекті мақалаларымен де танымал.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, журналист.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар