Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыс орталығындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру және басқа да ұйымдастыру мәселелері туралы жиын өтті. Онда ірілі-ұсақты сауда орындарының жай-күйі жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда өңірде барлығы 43 сауда базары бар. Оның 29-ы жаңғыртуды қажет етеді. Ал бұған дейін 4-еуі толық, 6-ауы жартылай жаңғыртудан өтсе, 4-еуі жаңартуды қажет етпейтіндердің тізімінде. Бұл туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов баяндады. Оның айтуынша, Тараз қаласында 19 сауда базары тіркелген. Оның 17-сі әмбебап, 2-і мамандандырылған. Бүгінде 5 ірі сауда орнына кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін сауда орындарындағы павильон иелерінің шамамен үштен бірі салық органдарына тіркелмегені анықталған. Базар иелерінен қолдау болмағандықтан, тексеріс барысында бірқатар қиыншылықтар кездесуде. Соған орай рейдтік тексеріс 1 айға созылмақ. Сонымен қатар базардың табысы мен шығысын барлау үшін арнайы хронометраж жасалынбақ. Жиын барысында Асқар Исабекұлы ел ішінде айтылып жүрген әңгімелердің қисынсыздығын алға тартып, өңірдегі ешқандай базар жабылмайтынын, ондағы сауда жасап күн көріп отырған халықтың жағдайы ескерусіз қалмайтынын баса айтты. Алдағы уақытта сауда орындарының иелерімен арнайы меморандум жасалмақ. Ол құжатта базардағы тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы, өзге де талаптарға сай болуы секілді көптеген мәселелер қамтылмақ. Базардың сыртқы келбеті, базардағы дүңгіршектердегі тауардың қаржылай көлемін нақтылап отыру секілді жайттар да назарға алынады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітілмек. Сондай-ақ облыс басшысының қатысуымен бұдан былай да басқосулар тұрақты түрде өтіп тұратын болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді