«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айша бибіден шыққан «айқай»

Айша бибіден шыққан «айқай»
ашық дереккөз
Айша бибіден шыққан «айқай»

Өтемақы үшін өңеш жырту сыңайлы

«Ойбай, қойым шетінен қырылып жатыр. Оған не ауылдың, не ауданның ветеринарлық қызметкерлері қыңқ ететін емес. Нағыз «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері. Қазірдің өзінде 50-60 бас қойдың «жаназасын» шығардым. Бүйте берсе, таяқ ұстап қалатын түрім бар!» – деген айқай шықты Айша бибі ауылы жақтан. Шілденің шіліңгір ыстығында елді елең еткізген айқайдың иесі «Нұрдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Еркебаев екен. Оның айқайын жерге түсірмей қағып алған әріптестеріміз «жағымсыз жайды» республика жұртшылығын хабардар етіп те үлгерді. «Мал ашуы – жан ашуы», адал малы қынадай қырылып жатқан соң айқайлаған-дағы», – деп мәселенің мәнісін білмекке біз де ниет еттік. Бірақ, сала мамандарының уәжіне құлақ түруді жөн санаған жайымыз бар.

Айқай шыққан күннің ертеңіне, яғни 2014 жылы 19 шілдеде, Қ. Еркебаевтың үйіне жетіп барған Айша бибі ауылдық округінің ветеринарлық бас маманы С. Дүйсенбиев, осы округтің мал дәрігерлері Н. Оразбаев, Қ. Ташенов, Е. Жұмашев және ветеринарлық санитар И. Жұманов орын алған оқиға туралы жасаған актілерінде қорадан 3 бас уақ малдың (бір қой, екі қозы) өлігін көргендерін, мал иесі олардың қашан өлгені туралы толық мәлімет бере алмағанын, өлген малдар арық екенін, қозының мұрын қуысын ашқанда толы құрт (эстроз) шыққанын, іш қуысын сойып көргенде бауырында құрт бар (диктиокаулез) екенін жазған. Өсербаев деген кісі Еркебаевтың қойымен бірге 9 үйдің малын қосып бағады екен. Ол малдың да күйі төмен. Жайылым тақыр. Су жоқ. Бірақ, сол малдың ішінен Қ. Еркебаевтан басқа ешкімнің малы өлмегені де жазылған актіде. Соңында мамандар «қойлар құрт ауруынан ағзасы уланып өліп жатыр» деген қорытындыға келіпті. Ал Жамбыл ауданы әкімдігі ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т. Өмірбеков пен аудан әкімдігі «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ветеринар маманы Е. Асқаров жоғарыда аталған округ мамандарының қатысуымен 2014 жылдың 22 шілдесінде жасаған актісінде мал өлуінің себебін арықтықтан деп көрсеткен. Облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы С. Солтанбековтен алынған ақпарат та осылай деп тұр. Құдды, «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» деген сияқты. «Неге бұлай?» деген сауалымызға облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы Салтанат Боранбаеваның мына бір түсініктемесі нақты жауап болуға лайық сияқты. – Адамға жұғатын аса қауіпті індеттен өлген малдың өлексесі жоюға жатады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі №407 Қаулысымен бекітілген «...жануарлардың ерекше қауіпті ауруларының тізбесіне» жататын аурулардан өлген малға мемлекет тарапынан өтемақы төленеді. Ал паразитарлық құрт ауруларынан өлген малға өтемақы төленбейді, – деген ол бізге. Әзірге өлген малдың ағзасынан алынған паразитарлық құрттар ол тізбеде жоқ. Ауру малдан алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тексеруге жіберілген сынамалардан тізбедегі аурулар белгілері анықталуы неғайбыл. «Бақсам бақа екен» демекші, Қанат Еркебаевтың елді елең еткізген ащы айқайының себебі енді белгілі болғандай. Ол өзінің шаруаға қырсыздығымен малын көтерем халге жеткізгенімен қоймай, арам өлген қойларына мемлекеттен өтемақы алмақ болғаны білініп қалды.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар