Оның айтуынша, ерте көктемде есік алдында арнайы қолдан жасалған жылыжайға қырыққабат және басқа да бақша дақылдарының тұқымын сеуіп, өсіріп алады. Өзіне керекті көшетті осы жылыжайда дайындаса, артығын базарға шығарып, өткереді. Жалпы көшетке деген сұраныс жоғары. Көшет өсірумен Нұрлыкент ауылында айналысатын үй көп. Алғашқыда ол бұл дақыл түрін өз ауласына өсірсе, уақыт өте ауылдың шетінен 25 сотық жерді жалға алып, сонда отырғызады. Біраз тәжірибе жинақтаған соң оны гектарлап отырғызып, саудасын бақша өнімдері арқылы тауып жүр.
– Ауыл тұрғындарының күнкөрісі диқаншылықпен байланысты. Көршім егін ексе, мен қырыққабат өсірумен айналысамын. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Қазіргі таңда қырыққабаттың «Бухарест» сұрпын баптап, өсірудемін. Бұл сұрып 90 күнде пісіп-жетіледі. Алқаптың биылғы шығымы жақсы. Тұқым мәселесі бізде қиындау. Біздің өңірден таба алмайсың, тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруа жоқ. Сондықтан қырыққабат тұқымын Алматы және Шымкент қалаларынан алып келіп, үй жағдайында жылыжайда өсіреміз. Жылыжайда бір жарым айда өсіп, дайын болған жас көшет алқапқа отырғызылады. Бұл тірліктің барлығын отбасымызбен атқарамыз. Кетпендейтін және арам шөбін жұларда маусымдық 20 адамды жұмысқа тартамыз, – дейді ол.
Жалпы қырыққабат басқа бақша дақылдарына қарағанда тез өсіп, тез жетіледі. Әрине, күтімі мен бабы келіссе. Ағын судан тарықпаса қырыққабат өсімтал. Бірақ өз деңгейіне жеткенше 7-8 рет суарылады. Жеке кәсіпкер болашақта қырыққабат алқабына тамшылатып суару қондырғысын енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Біз әлі күнге арық жүйесімен алқапты ылғалдандырудамыз. Бұл бір жағынан уақытты көп алса, екіншіден ағын суға талас көп. Кейбір күндері су күзетіп, түнделетіп жүруге тура келеді. Жол-жөнекей түнде жығып алып, жоңышқа суаратындар да бар. Ал жаңа технологияның игілігі көп. Оны өзге шаруашылықтарға барғанда көріп жүрміз. Байқағаным, жаңа қондырғының бірінші пайдасы суды үнемдейсің, қырыққабатқа себетін дәріні осы арқылы жіберіп отыруға болады. Оны енді уақыт еншісіне қалдырамын. Бірақ қазіргі таңда қасымдағы біраз диқан осы технологияға ауысты. Мен де алдағы жылы қырыққабатты жаңа технологиямен отырғызуды көздеп отырмын, – дейді шаруа.
Нұржан Кеңесбекұлының қырыққабат алқабы жайқалып-ақ тұр. Биыл ол қырыққабатпен қоса жарты гектар алқапқа сәбіз отырғызыпты. Одан бөлек, күнделікті отбасы тұтынуы үшін салған азын-аулақ бақшасы бар. Сәбізді де біраз жылдан кәсіп еткен ол бұл көкөністің жұмысының көп екенін айтады. Арам шөбін жұлу, жекелеу, күзде қазып алған соң сабағын кесу, сорттау, мұның өзі көп жұмыс. Бір ғана өнім түрімен шектеліп қалмай, қар түскенше сәбізді өткеріп, оны да күнкөріс қамына жаратуда.
– Диқаншылық – бұл біздің үйренген кәсібіміз. Білген адамға күннің ыстық-суығына төзу оңай шаруа емес. Жылдағы үйреніп қалған кәсібіміз болғандықтан, көктем шығар-шықпастан дайындыққа кірісіп кетеміз. Қар түсіп, өнімімізді толық өткергенше тыным таппаймыз. Балаларды да жастай осы кәсіпке баулып жүрмін. Жер емген, еңбек еткен адам жаман болмайды. Отбасыммен ерте көктемнен бастап алқап басында еңбек етудемін. Қырыққабатты шабу, көшеттеп отырғызу кезінде ғана адам жалдаймыз. Оларға төлейтін күнделікті жұмыс ақысы да оңай емес. Ендігі ойымыз өнімді лайықты бағаға өткеру. Өйткені маңдай теріміздің өтелгенін қалаймын, – дейді Нұржан Кеңесбекұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




