Сөз басында Көсегенің көк жонында тарих тұнып тұрғанын айттық. Тарих бар да оны құрметтеу, ұрпаққа жеткізу бар. Міне, осы орайда бұл округке Жаратушы тарихты да берген, оны шебер тілмен жас ұрпаққа жеткізуші зердесі бар азаматты да тарту еткен. Ол азамат Жанысбек Арыстанбеков. Ол Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы. Былайша қарасаңыз, округтің белді басшысының бірі. Жанысбек ел басқарумен қатар, ауыл адамдары айтатын тарихқа, өткеннің құндылықтарына құлақ түре жүреді екен. Қолымыздағы деректің көпшілігін сол азамат берді.
Қамыр әулие ма, Қамыра әулие ма?
Үшбас ауылының іргесіндегі кесене жайлы әртүрлі тарихи әңгімелер бар екен. Бір нұсқасында Қамыра әулие, оған қарама-қарсы тұста Барша әулие кесенелері қатар жатқаны айтылады. Яғни, біз атап отырған әулиені әйел ретінде баяндайды. Барша мен Қамыра бір-біріне ғашық болып, қосыла алмапты. Сондықтан, қос ғашықтың кесенелері де қатар жатыр деп сипатталады. Бұл айтылған аңыздың бір нұсқасы ғана.
Ал, негізі жергілікті жұрт «Қамыр әулие» туралы көбірек біледі. Осы «Қамыр әулие» кесенесіне көп қызмет жасаған кісінің бірі – Сәулембай Телқожиев деген ақсақал. Әрине, бұл кісі де ертеректе ғұмыр кешкен, қазір жасы 105 немесе 110 шамасында болуы керек. Осы Сәулембай ата кесенеге құрметпен қарап, ұзақ жылдар бойы күтімге алған. Ақсақалдың ұн тартатын диірмені болыпты. Сол диірменді кесенеге жақын жерге орналастырып, көршілес Андреевка, Үшбас, Октябрь ұжымшарларының тұрғындарына бидай тартып, ұнға айналдырып беріп отырған. Ұлы Отан соғысының азапқа толы жылдарында мұның өзі тұрғындарға үлкен көмек болғаны белгілі. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Сәулембай атаның адамгершілігі мен кісілігі туралы тамсана айтатындар көп. Адам емдейтін қасиеті де болған. Ол емшілік қасиет ұрпақтарына да қонған.
«Жақсылардың кеудесі алтын сандық» дегендей, біз айтып өткен Сәулембай ақсақалдан да салиқалы ұрпақтар тарапты. Бәлкім қиын қыстау жылдарда шапағатын көрген үлкендердің «Көсегең көгерсін, өсіп өн» деген тілегі қабыл болған шығар. Қазіргі таңда ақсақалдың баласы Қуатбек Сәулембаев та 75 жасқа келген қария. Бүгінгі таңда осы Қуатбек Сәулембайұлы «Қамыр әулие» кесенесінің басында қызмет жасап отыр. Шырақшы, әулие жайлы ақпарат айтушы ретінде орны ерекше. Осы жұмыстармен де шектелмей кесененің жанына шатыр тігіп, қазан ошақ, үстел апарып, 20 кісі еркін тамақтанып, демалатын жағдай жасап қойыпты. Әулиенің басына зиярат жасап келушілер үшін бұл өте жақсы жанашырлық. «Бұл жерде бар мақсатым – әкем жасап кеткен ізгі істі жалғастыру. Әулиенің басын қараусыз қалдырмау, келушілерге қолайлы жағдай жасау. Оның барлығы сауапты іс», – дейді Қуатбек Сәулембаев.
– Көсегенің көк жоны тұнып тұрған тарих. Сол тарихтың бір бөлшегі – Қамыр әулие. Алдағы уақытта аталған әулие туралы зерттеу жұмыстары жүрсе де артық емес. Біз мұндай тарихи құндылықты құрметтейміз. Әулиені ардақтаған Сәулембай, Қуатбай аталарымыздың ісі ұрпаққа үлгі», – дейді жан дүниесі тарих пен зерттеу жұмыстарына жақын Жанысбек Байысбекұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




