Біз қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, үлкенге құрмет, кішіге ізетті ұстанған ұлы халықпыз деп өзімізді-өзіміз мақтағанда, алдымызға жан салмаймыз. Олай болса, сол ұлылығымызды неге ұмытамыз? Салт-дәстүрімізді неге дұрыс ұстанбаймыз? Қарттық келгенде қарияларымыз қарттар үйін жағалап, ал дүние есігін жаңа ашқан нәрестелеріміз жетімдер үйін паналауға мәжбүр. Неге? Қаракөз қыздарымыз бен ұлдарымыз өздерін жарық дүниеге әкелген ата-анасына безбүйректік танытса, бауыр еті баласын ойланбастан балалар үйіне тастап кете баратын жастың саны артса, кінәні кімнен іздейміз?
Үш рет анаңа, одан соң әкеңе жақсылық жаса
Университет қабырғасында жүргенімде ұстаздарымның бірі: «Балабақша – мемлекеттің үйі. Баланы онда беріп, тәрбиесін онда тапсыратын болсаң, уақыты келгенде ол ата-анасын қарттар үйіне, яғни, өкіметтің қарауына қайта өткізеді. Сондықтан, бала ата-әжесінің тәрбиесін көруі тиіс. Апасының мейірін сезініп, атасының қамқорлығына қанып өскен бала ешқашан жақындарынан безінбейді. Сол себепті мен өз перзенттерімді ауылға, әке-шешемнің қолына жіберуді ұйғардым», – деген еді. Сонда курстас-достарымның кейбірі бұл пікірге қосылып, тіпті, оның дәлелденген жайт екендігін алға тартты. Ұстаздың бұл айтқаны жаныма қатты батқан. Өйткені, мен бүлдіршін кезімде әлгіндегі «өкіметтің үйіне», яғни, балабақшаға бардым. Көңілім жабырқау болып, бұл пікірдің ақылға қонымсыз екенін айттым. Әлі де ол ойымнан айнығаным жоқ. Ата-әжеңе еркелеп, олардың тәрбиесін көрген жақсы, әрине. Алайда, олардан ерте айырылып қалған жандар қайтпек? Тәрбие отбасыдан басталады. Ал, балабақша бала-шағасының қамын күйттеп, нәпақа табумен күнін өткізетін ата-анаға қолғабыс етпей пе? Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір адам келіп, «Маған не бұйырасыз?» деп сұрапты. Сонда ол (с.ғ.с) «анаңа жақсылық істе» деген. Әлгі адам екінші, үшінші рет сұрағанында да Пайғамбар (с.ғ.с) «анаңа, ал, содан соң әкеңе жақсылық жаса» деген екен. Осыдан-ақ, ізгі амалдардың барлығы ата-анаға жақсылық жасаудан басталатынын аңғару қиын емес. Қоғамымызда осыны ескермейтін, жүректері тасқа айналған безбүйректердің бары жанды жегідей жеп, қынжылтады. Облысымызда қарттар мен мүгедектерге арналған үш интернат үйі бар. Оның екеуі Таразда, ал, біреуі Қаратау қаласында орналасқан. Алдымен ондағы статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек. №1 қарттар мен мүгедектер үйінде бүгінгі таңда 150 қарт бар. Олардың 41-і қазақ, 73-і орыс, 36-сы басқа ұлт өкілдері. №2 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде қарттар саны – 205, олардың 61-і қазақ, 94-і орыс, 50-і басқа ұлт өкілдері. Осы №2 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің бас емшібикесі Гүлхан Тұрсынбаеваның айтуынша, қарттар үйін паналаушылардың дені өз еріктерімен келгендер. Өздері солай дейді. Бұған сену қиын, әрине. Басым бөлігінің отбасылары жоқ, туыстары алыста немесе жанұядағы кикілжіңдердің кесірінен үйінен кетіп қалғандар. Анығына көз жеткізу үшін қариялардың бірқатарымен тілдескен едік. Атымтай Манасбаев, қазақ: Жол апатына ұшырағаннан кейін, денсаулығым нашарлады. Сондықтан осында келдім. Алты балам қайтыс болған. Кемпірім мен жалғыз балам бар. Олар Алматыда тұрады. Келгеніме жеті жыл болды, ұлым бір рет те хабарласқан жоқ. Қаражатым болса, өзімнің туған жерім Қордай ауданындағы Қаракемер ауылына жетсем деймін. Одан асқан арманым жоқ. Татьяна Гамзаева, орыс: Мұнда барлық жағдай жасалған. Сәл ауыра қалсақ, дәрігерлер тексереді. Дәрілермен де толық қамтылғанбыз. Тағамдары өте жақсы. Жыл - он екі ай дастарқанымыздан жеміс-жидек үзілмейді. Күйеуімді өлтіріп кеткен. Алаяқтардың арбауына түсіп, бар дүние-мүлкімнен де айырылдым. Жалғыз қызым бар. Күйеубалам екеуі пәтерден пәтерге ауысып, сандалып жүр. Сондықтан осындамын. Қызымның қолына барған күннің өзінде, ол бұл жердегідей маған күтім жасай алмас. Георгий Пак, неміс: Балаларымның барлығы Кавказда. Жұбайыммен ажырасқанмын. Жақындарыма барар мүмкіндігім болса да, осы үйде қалар едім. Себебі, қандай «алтын келінім» болсын, маған бұл үйдегідей жағдай жасамайды. Киіміміз таза, тамағымыз тоқ, денсаулығымыз ұдайы бақылауда. Одан артық бізге не керек? Иә, расында зейнет жасындағы қарияға, ең
алдымен, дұрыс күтім қажет. Алайда, тамағы тоқтық олардың жанын жай таптыра ма? Бізге сыр білдіргісі келмегенімен, мұңға толы қарт жанары барлығын аңғартып тұрды. Қай-қайсысынан сұрағанымызда «жағдайымыз жақсы, тағар мініміз жоқ» дейді. Тағы бірқатарымен сөйлескіміз келді, бірақ жаны жабырқау қариялар ашылып сөйлемеді. Жан жарасын жауып-жасыруға қанша тырысса да, көңілдеріне түскен қаяуды байқамау мүмкін емес. Расында, қарияларға толық жағдай жасалған екен мұнда. Қарттар үйі шипажайдан кем түспейді. Интернатта қырық орындық монша да бар. Әр қартқа теледидармен жабдықталған жеке бөлме берілген. Ас-сулары алдында. Дегенмен, қандай демалыс орнына барсаң да, өз үйіңе қайтқың келетін күн туады ғой қашанда. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, тартқан бейнетінің зейнетін енді көрер шақта жападан-жалғыз қалғандары бар араларында. Өкінішке қарай, олармен тілдесе алмадық. Неше жылдан бері олардың жанашырларына айналған қызметкерлердің «ішіндегі жан-сырын сізге олар айта қоймас» деген сөзіне тоқтап, қарттарды мазаламадық. «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» дейді қазақ. Мейлі, ол қандай болсын, перзенті өзін бағып-қаққан әке-шешесіне қамқор болуға міндетті екенін түйсінуден қалса, оның кім болғаны?!
Құлыншақтар жетімдік көрмесін
Өмірге адам болып келгеннен кейін, оның басты мұраты да, өмір сүруінің негізгі себебі де – артында ұрпақ қалдыру. Ол дегеніңіз – жәй ғана дүниеге сәби алып келу емес, оны өсіріп-жетілдіру, тәрбиелеп, адам ету. Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – деген екен. Ұлы жазушы М. Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» десе, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы М. Жұмабаев: «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп өсіру» – депті. Ал, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өз Жолдауында: «Ата-аналар өз балаларын өмірге даярлауға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Олар қазіргі балалар елдің болашағын анықтайтын ХХІ ғасырдың ересек адамдары екенін түсінуі қажет» – деп атап көрсеткен. Осыдан-ақ, баланың адам, қоғам, мемлекет, қала берді бүкіл адамзат үшін маңыздылығын аңғару қиын емес. Перзент – Алланың адамдарға берген ең үлкен сыйы, аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасау – күнәнің ауыры. Өкінішке қарай, елімізде бауыр еті баласын ойланбастан жетімдер үйіне қалдыратын «ата-аналардың» саны артуда. Қара басын ғана ойлайтын мұндай санасыздарға не дерсіз? Расында, бүгінгінің ұл-қыздарына не болған? Туған перзенттеріне де жанашырлық танытпайтындай олардың жүректерінің семіп қалуына не себеп? Мемлекет ата-анасының қамқорлы-ғынсыз және жетім қалған жандарға барынша қайырымдылық көрсетіп келеді. Ол үшін жер-жерден балалар үйі салынып, жеткіншектердің саналы азамат болып өсуі үшін бар жағдай жасалынуда. Алайда, жетімдер үйі санының артуы кеуде керіп мақтанатындай нәрсе емес. Ол ұя балаға тәлім берер, тәрбие берер, тамақтандырып, киіндірер. Алайда, ата-ананың орнын баса алмайды ғой. Ауырғанда маңдайынан сипап, жылағанда көз жасын сүртіп, күлгенде бірге қуанар ата-анадай жан қайда? Тәрбиешілер балақайларға қанша жанашырлық танытып, жақсылық жасаса да, ана махаббатын алмастыра алмасы айдан анық. Ол дәлелді қажет етпейтін аксиома секілді. Мұны ұлттық тәрбие тағлымын байыптай да батыл айтқан батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да растаған. «... Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Өйткені өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған ешкім жоқ», – депті ол. Тараз қаласындағы Мыңбұлақ мөлтек ауданында орналасқан Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйіне арнайы бардық. Мекеме директоры Гүлбаршын Төлегенова балалар үйі адами құндылықтың төмендеуінен пайда болғанын алға тартады. – Өткен ғасырдағы кеңестік билік тұсында ұлттық идеологиямыз ақсады. Жауапкершілігі жоқ ата-аналар қатары көбейді. Бұл «дерт» бүгінгі күнге де жетті. Бірақ, жеткіншектерге мемлекеттің қамқорлығы емес, оларға ата-ананың жылы алақаны қажет. 2012 жылы бізді «Ұлан» балалар үйімен біріктірді. Сонда көзі жәудіреген 82 қазақ қосылды арамызға. Біз кейін зерттеу жүргізіп, олардың көпшілігінің ата-анасы бар екенін анықтадық. Оларды шақыртып, кеңесу жұмыстарын жүргізіп, 52-сін отбасыларына қайтардық. Таңғалғаным, сол ата-аналардың арасында көйлектері көк, көңілдері тоқ, алтынға оранғандары да аз емес. Тұрмыстары түзу бола тұра, балаларынан баз кешкендерге не дерсіз? Меніңше, ондай жауапсыздарға Заң арқылы қатаң шаралар қолдану керек. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары бізге түсушілердің ішінде қазақтардың саны азайған, – дейді Г.Төлегенова. Расында, солай. 2014 жылдың 4 маусымына мұндағы балалардың саны – 148, олардың 37 пайызға жуығы қазақ, 51 пайыздан астамы орыс, ал, 12 пайыздайы басқа ұлт өкілдері екен. Олардың ішінде неміс, татар, қырғыз, кәріс, украин, өзбек, ұйғыр және сыған ұлтының балалары бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Ата-анасының мейірімін сезінбеген баланың ер жеткенде отанына жаны аши қоюы екіталай. Бұл да ұлтымыздың болашағына кері әсерін тигізер факторлардың бірі. Ұрпағымыз, яғни, болашақта ел тізгінін ұстаушылар толыққанды отбасында тәрбиеленіп, білім алып, патриоттық сезімді бойына сіңірген жағдайда ғана шын мәнісінде алдыңғы қатарлы, өркениетті ел боламыз. Рухымыз бен ұлттық құндылықтарымыз берік болғанда ғана ешкімнің көлеңкесінде қалып қоймай, ұлы мемлекеттер көшін жалғайтынымыз анық.
Балалық балдәурен әр балада болсын
«Адам бақытқа, құс ұшуға жаралған». Әр бала бақытты болуға лайық. Алайда, балалар үйіндегі жеткіншектер балалықтың тәтті дәмінің орнына ащысын ерте жастан татып келеді. Олардың дүниеге көзқарасы да, дүниетанымы да, психологиясы да, ойы да, арманы да бөлек. Толыққанды отбасындағы бала жаңа ойыншықты, қыдыруды армандар. Ал, жетім бала ананың «жан балам, ботам» деп еркелетуін аңсап, әкесінің жәй ғана қасында жүргенін қалайды емес пе? Г.Төлегенованың айтуынша, балалар үйі тәрбиеленушілерінің психологиясы екі топқа бөлінеді. Алғашқылары – «өзім кінәлімін, сабақ оқымадым, үлгілі бала болмадым, сол үшін балалар үйіне түстім» десе, кейінгілері «менің ата-анам бола тұра, неге мен балалар үйіндемін?» деп ойлайтындар. «Екі топтағылар да өмірге өкпелі», дейді балалар үйінің директоры. Сол өкпені жазу үшін, өмірді риясыз сүюге баулу үшін республикада кең қолданысқа ие өзін-өзі тану бағдарламасы бар. Қ. Сарымолдаев балалар үйі аталмыш бағдарламаны, сондай-ақ, атақты психолог Норбековтің жүйесін негізге ала отырып жұмыс жасайды. – Жетім балалар санының артуына бір себеп – ажырасу. Неге ажырасады жастар көбінесе? Себебі, қыз да, жігіт те өз орнын білмейді. Түптеп келгенде, барлығы тәрбиеге байланысты. «Баланы – жастан» дейді қазақ. Қыз балаға кішкентайынан «сен өмір бойына ер адамды қадірлеп өтуің керек» деп ұғындыру қажет. Ал, ер азамат «Отан қорғаушы да, отбасының асыраушысы, тірегі» екенін жастайынан түйсігімен сезініп, түсінгені ләзім, – дейді Гүлбаршын Смайылқызы.
Тілші түйіні: Ес білмей жатып ананың аялы алақанынан, әкенің ыстық құшағынан мақұрым қалудан асқан сор болсын ба?! Қартайған шағыңда бауыр еті балаңнан аластатылып, жалғыздықтың күйін кешуден асқан қасірет бар ма?! Бір сәт ойланайықшы. Жақындарының қамқорлығынсыз қалған жандардың балалар мен қарттар үйін паналағанын көргенде, оларға мемлекеттің ғана жаны ашиды ма деген ойға қаласың. Бастысы, самайын ақ басқан әжелеріміз, ақсақал аталарымыз бала-шағадан жылулық таппай, мемлекет қолына қарап қалмасын! Ал, елдің ерке ұл-қыздары тегіс жерде сүрінбей, ойнақтаймыз деп от баспасын, келешегіне балта шаппасын! Біздегі бір тілек – осы!
Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді