Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді
Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге облысымыздан спорттың 5 түрі бойынша бірнеше сайыпқыран қатысуда. Жарыстың алғашқы күндерінде-ақ жерлестеріміз қоржынға алты алтын медаль салып үлгерді. Әлемдік деңгейдегі додада армрестлингтен топ жарған жерлестеріміз Таразға оралды. Жарыс жеңімпаздарын спорт саласының мамандары мен жанашырлары облыс шекарасынан қарсы алып, негізгі іс-шара «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтті. Аталған жарыста жамбылдық қол күрес шеберлері Дмитрий Трубин, Татьяна Лисянская, Оксана Письменная өз салмақ дәрежелерінде оң және сол қолмен күш сынасып, екі-екі алтын медальдан иеленсе, Вали Фараджов екі бірдей күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша армрестлингтен командалық есепте де көш тізгінін қолға алдық. Спортшыларды қарсы алу шарасын облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп ашып, нәтиже облыс үшін зор жетістік екеніне тоқталды. Бұдан соң спорт ардагері Ермұрат Лұқманов және қол күрес шебері Дмитрий Трубин сөз сөйлеп, жауапты басқармаға, жоғары спорт шеберлігі мектебіне, бапкерлерге алғыс айтты. Армрестлингтен саңлақтарды бастап барған облыстың бас жаттықтырушысы Ахмед Әлиевтің еңбегі шынында да ересен. Салтанатты шарадан соң қол күрес шеберлері БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, ойларымен бөлісті. Д.Трубин осы жарыста Өзбекстан, Үндістан, Иран спортшыларын ұтып, сол қолмен күш сынасу финалында Әзірбайжан, оң қол бойынша Қырғыз Республикасының спортшысынан басым түскенін айтып өтті. – Мен әуелі Әзірбайжан, Өзбекстан, Иран жігіттерін жеңіп, тек ақтық сында әлем чемпионы, Қырғыз Республикасының оғланына жол бердім. Алдағы жарыстарда ол қарсыласымды ұтатыныма сенемін, – деді күміс жүлдегер Вали Фараджов.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Қоршаған ортаны қорғауға қоғам белсенділігі қажет
- 19 қыркүйек, 2024
Болашағын әскери саламен байланыстырған сарбаздар
- 19 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді