«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлемге танымал авторлар қазақ тіліне тәржімеленді

Әлемге танымал авторлар  қазақ тіліне тәржімеленді
ашық дереккөз
Әлемге танымал авторлар қазақ тіліне тәржімеленді

Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын атап өтсек болады. Себебі мақала өткен тарихымыз бен қазіргі тәуелсіз елдің жаңғырудағы болашаққа бастайтын басым бағыттарын айқындап берген еді. Мақаланың барлық қағидалары отандық экономиканың көрсеткіштерін жетілдірумен қоса, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартумен де тікелей байланысты. Назарбаев орталығында мақаладағы маңызды бағыт – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік, танымал авторлардың 100 оқулығын әртүрлі тілдерден қазақ тіліне тәржімалау туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес келесі талаптар қойылған болатын, олар таңдалған кітап әлемдегі озық 100 университеттің оқу бағдарламасында болуы шарт; оқулық кемінде үш мәрте баспа бетін көрген болуы тиіс; ең соңғы басылымы өткен үш жылда шығуы керек. Осындай қатаң талаптардың сүзгісінен өткен оқулықтар тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдарын қамтиды деп күтілген. Аталмыш істі бұған дейін білім беру саласында бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырған «Ұлттық аударма бюросы» үкіметтік емес ұйымы қолға алып, сүбелі 18 оқулықты аударып шығарды. Олардың арасында Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Рикки Грифиннің «Менеджмент», Гарвард университетінің профессоры, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы, қазіргі әлеуметтану ғылымының ең беделді өкілі, Корнелл университетінің профессоры Джордж Ритцердің «Әлеуметтану теориясы» және т.б. танымал авторлардың сүйекті еңбектері бар. Бұл еңбектер жоғары оқу орнының ұстазына да, жалпы қазақ тілді қауым мен қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер үшін өте құнды. Жалпы кітапты ана тілінде оқып қорыту, сараптау – өте маңызды іс. Ал осы оқулықтарды аудару біздің ғылыми санамызды көтеру үшін керек болып отыр. Егер болашақта дамыған елдер қатарында болғымыз келсе, солардың озық технологиясын игеру үшін сол технология тілдерін жетік білуіміз қажет. Ал оларды игеруге сол салалар бойынша жазылған озық ойлы жаңаша көзқарасты кітаптардың орны ерекше. Осы құнды дүниелер ішінде экономист ретінде маған қатты ұнағаны – Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы. Бұл еңбек АҚШ-та бестселлер қатарында болып қоймай, ол мемлекет басқарушыларының үстел кітабына айналған. Экономикалық теорияның негізгі 10 қағидасынан бөлек, бұл кітапта сұраныс пен ұсыныс теориясы, өндіріс шығындары, бәсекеге қабілеттілік, нарықтардағы фирмалардың мінез-құлқы, өндіріс факторлары нарықтарының, мемлекеттік сектордың экономикасы, тұтынушылардың таңдауы, табыстарды бөлу, қоғамдық игіліктер, сыртқы әсерлер және тағы көптеген экономикалық мәселелер қарастырылады. Бұл еңбектің бізге берері мол. Әсіресе шешімдер мен ынталандыру туралы жазылған қағидаттары өміршеңдігін көрсетіп отыр. Осы орайда, экономикадағы әрбір шешімдер адамдар өміріне тікелей әсер ететінін ескерсек, кез келген мемлекеттегі қабылданған шешімдер, мейлі саяси немесе экономикалық шешім болсын, адамдар өмірін өзгертіп қана қоймай, олардың мінез-құлықтарына әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Мысалы, бензинге салықты көтеру адамдарға аз үнемдеуге немесе отын үнемдейтін автомобильдерді сатып алуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ адамдарға жеке көліктен гөрі, қоғамдық көліктерді пайдалануға итермелейді. Одан бөлек жұмысқа жақын жерлерден үй іздеуге де ықпал етеді. Адамдар шығындар мен пайда арасын салыстыру арқылы шешімдер қабылдайды. Сондықтан кез келген шешімдер әсерін жеңілдету үшін мемлекет ынталандыруды да дұрыс пайдаланған жөн. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің шешімдерінің адамдардың мінез-құлқына әсерін дұрыс бағалай білмесе, бұл мемлекет үшін өте қауіпті болып қана қоймай, кері нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, экономика саласы бойынша ғылым докторы.

Ұқсас жаңалықтар