Жамбылдықтар жұмылып жұдырық бола білді

Жамбылдықтар жұмылып жұдырық бола білді
ашық дереккөз
Жамбылдықтар жұмылып жұдырық бола білді

сұлу Сарыарқаның төрінен бой көтеріп, күллі әлемге көркімен, ажарымен танылған асқақ Астанамыздың бүгінгі беделі, бүгінгі биігі – әрбір қазақстандықты марқая түсер мақтанышы. Елбасының ерен еңбегінің жеңісі, еліміздің жұмыла атқарған жұмысының жемісі болған елорданың туған күні барша ел тұрғындарының думанды мерекесіне айналғалы қашан. Биыл 20 жасқа толып отырған бас қаланың мерейтойы жыл басынан бері аталып өтілуде.

Жанғазы АХМЕТ Ұйымдастырылып жатқан игі шаралар, оң бастамалардың барлығы құтты ордамыздың мерейтойына арналуда. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында еліміздің әр өңірі Есілдің бойындағы еңселі шаһарға деген өз тартуларын жасауда. Бұл бастамадан біздің облысымыз да шет қалған жоқ. Атап айтар болсақ, жамбылдықтар 6 жер телімін қамтитын велосипед жолын салуға да атсалысуда. Жалпы ұзындығы – 43,92 шақырымды, сметалық құны 2588,312 миллион теңгені құрайтын «Велосипед көлігінің инфрақұрылымы» нысанының құрылысын 6 облыс жүзеге асыруда. Оның №3 жер телімінде тиісті жұмыстарды атқару біздің облысымыздың еншісіне тиген болатын. Бүгінде бұл жұмыстар толығымен аяқталды деуге болады. Ол туралы облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Әлібек Аманбай айтып берді. – Мұндағы велосипед көлігі жолының ұзындығы – 12,36 шақырым, Есіл ауданының Достық көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 470, 9 миллион теңге қаралса, оның ішінде құрылыс жұмыстарына 467 794, 2 мың, техникалық қадағалауға 2 200,0 мың, авторлық қадағалауға 916, 2 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары мердігерлік ұйым «АрайСтройМаркет – 2003» ЖШС биылғы мамыр айында бастаған еді. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталып үлгерді. Елорданың туған күнінде нысан салтанатты түрде ашылады деп күтілуде, – дейді Ә. Аманбай. Ондағы атқарылған жұмыстар туралы айтар болсақ, алдымен жер дайындау, ұсақ тас, қиыршық тас, жиек тас, ірі түйірлі асфальт, сондай-ақ ұсақ түйірлі асфальт жабыны төселінген. Жоба аясында велосипед көлігі жолы бойында қоқысқа арналған жәшіктер, орындықтар, велосипедті уақытша орналастыратын арнайы құрылғылар, велосипед тұрақтары мен сәйкестендіру жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар жер телімінің басында және соңында облысымыздың атынан екі монумент қойылып, монументтердің іргетасы куртинск гранитінен қаланып, сырты иран-египеттік травертинмен қапталыпты. Осылайша Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге жамбылдықтар да өздерінің үлестерін қоса білді. Бұл – елорда мерекесінің нағыз елдіктің мерекесіне айналғанының бір көрінісі.

Астана.

Ұқсас жаңалықтар