«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалының бал қымызы

Жуалының  бал қымызы
ашық дереккөз
Жуалының бал қымызы

Дәстүрлі қымызмұрындық күні биыл да жалғасын тапты

Жуалы ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші жобасын іске асыру аясында «Атадан – аманат, ұрпаққа – ұлағат» атты ұлттық дәстүрлер фестивалі ұйымдастырылды. Шараға облыс аудандары мен Тараз қаласынан және Астана қаласынан қонақтар қатысты. Облыс орталығынан келген ардагерлерді аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков бастаған ақсақалдар «Жастар» саябағынан қарсы алып, шараны демалыс орнын аралатудан бастады. Қариялар «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясын да қызыға тамашалады. Осыдан кейін көпшілік аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлының бастамасымен қолға алынып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Мәңгілік Ел» саябағындағы өзгеше, алып та еңселі төрт түліктің төресі түйеге арнап тұрғызылған ескерткіштің ашылу салтанатына куә болды. – «Атадан – аманат, ұрпаққа – ұлағат» атты ұлттық дәстүрлер фестивалін Астана қаласының 20 және ауданымыздың 90 жылдығымен байланыстыра отырып, «Мәңгілік Ел» саябағындағы төрт түліктің бірі, Қазақстандағы ең алып түйенің ескерткішін орнаттық. Түйе – халқымыз үшін қасиетті жануар. Енді бұл жер жастардың демалатын орнына айналатын болады. Сонымен бірге біз ауданымызда қымызмұрындық өткіземіз. Оған бір тонна қымыз дайындалды, – деген Бақтияр Бейсембайұлы Бауыржан Момышұлы саябағында өтетін шара барысымен таныстырды. Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, Жуалы ауданының қадір-қасиетін, азаматтарының дархандығын тілге тиек етіп, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі. Ал Талас ауданының Құрметті азаматы, Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбек Тәшібеков бата берді. Ауданға келген азаматтар Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының рухын аттап кете алмайды. Өйткені батыр Бауыржанның ерлігіне бас имейтін жан жоқ. Облыс ардагерлері де ол дәстүрден аттап өтпеді. Саябақтан шыққан көпшілік Баукеңнің еңселі ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қойды. Негізгі іс-шара Ақсай ауылдық округіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта өтті. Ардагерлерді аудан өнерпаздары, ауыл әжелері жаңа піскен бауырсақ ұсынып, қақпа алдынан қарсы алды. Ардагерлер қаз-қатар тізілген ауылдық округтердің дәм-тұзы мен бал қымызынан да дәм татты. Таңғы жолдан аздап шаршаған, оның үстіне шөліркеп, Жуалының бал қымызын аңсап келген көпшілік кең жайылған дастарқанға ризашылықпен бата берді.

Саябақтың ортасындағы ашық алаңқайға сахна құрылыпты. Айнала мерекедегідей безендірілген. Ардагерлер сахна алдындағы орындықтарға жайғасқан соң, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы басталды. Күмбірлеген домбыралардан күй төгілді. Қара жорға биі биленді. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ұлттық дәстүрлер фестивалін қымызмұрындықпен байланыстыра атап өтіп, ардагерлерді басқосуға белсенді атсалысуға шақырды. Одан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қариялар мен жастар арасындағы ұрпақ сабақтастығын жандандыруда қымызмұрындық шарасын өткізудің маңызы зор екеніне тоқталды. Ал өз кезегінде Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Мақұлбек Рысдәулет аудан тарихына тоқталды. Қымыз ұстаған 40 келіншек қарияларға иіліп сәлем салып, ағаш тостағанмен Жуалының бал қымызын ұсынды. Ақ кимешек киген әжелер тәттіден шашу шашты. Мерекенің сәні батагөй қариялармен жарасым тапты. Сахнаға шыққан қариялар бірінен соң бірі тапқырлығымен қоса, ізгі тілегін жеткізіп, бата берді. Солардың ішінде ауданның қадірменді қариясы Болатбек Қайыпбеков те бар. Батагөйлердің бәйгесін ауданның Құрметті азаматы Аманжол Дүрәліұлы қорытындылады. Оның батасы баталардың батасы болды. Бұдан соң термешілердің, жазба ақындардың байқауы өтті. Қымыз баптаушылар мен қымызқұмарлардың да жарысы фестиваль ажарын аша түсті. Келіндер бие сауды. Қымыз баптау тәсілдері мен түрлері айтылды. Бәрі тең. Бөле жаратын емес. Бәріне бас бәйге бұйырды. Елдің осыдан кейін қызыға тамашалағаны – ат спорты. Білекті жігіттер ат үстінде күш сынасты. Ептілері теңге ілді. Қыз қууға шығып, қыздың қамшысының «дәмін» татты. Палуандар да аянып қалмады. 91678 әскери бөлімнің сарбаздары ат үстіндегі шеберліктерін көрсетті. Осы шаралардан соң ардагерлер саябақтың бір шетінде қаз-қатар қонған қазақ ауылынан дәм татты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар