«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы даланы домбыра күмбіріне бөлеген ұрпақ

Ұлы даланы домбыра күмбіріне бөлеген ұрпақ
ашық дереккөз
Ұлы даланы домбыра күмбіріне бөлеген ұрпақ

 width=Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күнін жамбылдық өнерпаздар шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды. Атаулы күнге орай Тараздағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші алдында «Домбыра – халық мұрасы» атты жиын өтіп, көпшіліктің рухын көтерді. Көпшілік алдында күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев сөз сөйлеп, домбыраның сырлы үніне, күйдің таусылмас кереметіне тоқталды. Мұнан соң Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін автормен бірге бір топ өнерпаздар көпшілік назарына ұсынды.

Облыстық қазақ драма театрының «Домбыра үні» атты театрландырылған қойылымы және «Ақкербез» би ансамблінің өнеріне көпшілік тәнті болды. Келесі сәтте Әулиеата аспанын күйші, Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі тербеді. Авторлардың және домбырашы өнерпаздардың сүйемелдеуімен орындалған бұл шығармаларға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов дирижерлік етті. Мұнан соң бір мезгілде 300 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін тартты. Оркестрге Ерлан Бақтыгерей мен Адай Жомарт дирижерлік жасады. Шара соңында барлық өнерпаздар «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Домбыра» стеласында бас қосып, естелікке суретке түсті. Осы шараға студент Әнел Әубәкірова мен 6- сынып оқушысы Ержан Дәулетте қатысуға мүмкіндік алды. Домбыраны ұлықтаған шараның ең жас қатысушысы – 3-сынып оқушысы Нұрислам Тұрысбеков болғанын айта кету керек. «Әкем мен анам – өнер адамдары. Сондықтан домбыраны кішкентайымнан серік еттім. Енді осындай үлкен шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл жиыннан алған әсерім шексіз. Қазір Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатында оқимын, домбыра үйірмесінен тәлім аламын. Домбыраны әрқашан қастерлеймін», – дейді жас өнерпаз.

Есет Досалы Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар