«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Альмираның карикатурадағы алғашқы қолтаңбасы

Альмираның карикатурадағы алғашқы қолтаңбасы
ашық дереккөз
Альмираның карикатурадағы алғашқы қолтаңбасы

ал «Бақорда» кітабына Асхат райқұлдың үш мақаласы енген

 width=Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газеті Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер, ғалымдар мен сатира жанрының өкілдері қатысқан басқосудың алғашқы бөлімде аталған басылымның «Егемен Қазақстан» кітапханасы сериясымен жарық көрген елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Бақорда» кітабының тұсауы кесілді. Президентіміз Н.Назарбаев есімімен егіз аталатын елорда өміріне арналған бұл туындыға бас басылымда жарық көрген әртүрлі жанрдағы жазбалар енгізіліпті. Жарияланымдарда авторлар Астананың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани келбеті төңірегінде ой толғаған.

Кітапқа ел газетінде жарияланған 19 материал енсе, оның үшеуі облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Асхат Райқұлдың «Ескерткіштері еңселі елорда», «Елорданың ең керемет қонақ үйлері» және «Елбасына гүл ұсынған ару» атты мақалалары екен. 1000 таралыммен жарық көрген кітаптың таныстырылымында «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бұл істің былтырдан бастап қолға алынып, тілші, шолушылардың күшімен шыққанын жеткізді. – «Бақорда» кітабы басылымымыздың Астананың мерейтойына арналған үлкен сый-тартуы деп біліңіздер. Тіпті атауының өзін қос мерекеге орайластырып бердік. Яғни бірінші, «Бақорда» сөзінің алғашқы буыны – БАҚ. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары деген мағынаны білдірсе, екінші жағынан, әрине, елордамыз бақ дарыған ордаға айналғандығын көрсетеді, – деді ол. Сатираның кенжелеп қалған саласы – карикатура. Қоғамда ол әжуаны, кекесінді ғана білдіреді деген түсінік қалыптасқан. Алайда карикатура сананы сергітіп, танымды кеңейте түсетін ауқымды жанр. Биыл «Егемен Қазақстан» газеті қылқалам шеберлерінің ұтымды ой арқылы астарлы сөзді жеткізушілердің өнерін оқырмандарға терең насихаттауды қолға алып, тұңғыш рет карикатурашыларға арналған байқау жариялаған болатын. Ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген белгілі суретші, карикатурист Айдарбек Ғазизұлының айтуынша, бұл тақырыптағы конкурстар сонау 1994 жылдан кейін жарияланбаған екен. Әрине, «Нұр Отан» партиясының үш жыл бойғы жемқорлық тақырыбындағы бәйгесін атап айту керек. Бәсекеге қазылық етіп жүрген сатираның сардары Көпен Әмірбек оның да сыйлығының көлемі әлі жоғарылай алмай келе жатқанын айтады. Осылайша талай тар жол, тайғақ кешу көрген байқаудың алғашқы атауы елордамыздың 20 жылдығына байланысты «Астана айшықтары» деп аталыпты. Алайда мерейлі мерекеге орай елорданы сынау қалай болар екен деген екіұдай ойда болған ұйымдастырушылар карикатураның тек мысқыл, сынау-мінеу емес, кереметке акцент беріп көрсететін құдіретін назарда ұстап, бұл қадамға батыл барған. – Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақ баспасөзінде ұмыт бола бастаған карикатура жанрын қайта жаңғырту. Себебі кейде ол тұтас бір мақаланың жүгін, тіпті кітаптың салмағын арқалап тұрады. Үлкен өркениетті елдердегі баспасөз карикатурасыз шықпайды. Өйткені бұл – баспасөздің үлкен бір бөлімі, ажырамас саласы, – дейді Д.Қыдырәлі. Сайысқа Қазақстанның әр түкпірінен 20-дан аса қатысушы 30-дан астам жұмысын ұсыныпты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің шығармалары қойылған көрмеге 15 карикатура ұсынылыпты. Бәйгенің бірінші орнын карикатураның жілігін шағып, майын ішкен атақты суретші Ғалым Смағұлұлы жеңіп алды. Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің тілшісі әрі көркем графика маманы Мерей Қайнарұлы екінші орыннан көрінді. Ақтөбелік фототілші, бейнелеу өнерінің маманы Қайрат Болатбайұлына үшінші орын берілді. Ал облыстық «Aq jol» газетінің корректоры Альмира Омарова мен қызылордалық жеке кәсіпкер Ердәулет Сәттібай ынталандыру сыйлығы мен байқауға қатысқандығы жөніндегі дипломмен марапатталды.

« Аq jol-Ақпарат».

Астана қаласы.

Ұқсас жаңалықтар