Жаңа спорт залынан жаңа чемпиондар шығады

Жаңа спорт залынан  жаңа чемпиондар шығады
ашық дереккөз
Жаңа спорт залынан жаңа чемпиондар шығады
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72350,72351,72352,72353"]

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі».

Бейсенбі күні, Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан жаңа спорт залы ашылып, пайдалануға берілді. Астана күні және ауданның 80 жылдық мерекесіне орай, ашылып отырған спорт кешенінің салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов барша тұрғындарды Астана күні мерекесімен және бүгінгі ел игілігіне беріліп отырған спорт кешенінің ашылуымен құттықтады. «Елбасы Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айқын басымдық береді. Өйткені бұқаралық спорт адамзатты салауаттылыққа, бірлікке шақырады. Оның ішінде, жаппай дене шынықтыруға дағдыландыру қоғамның дені сау азаматтарын қалыптастыруға жағдай жасайды делінген. Бүгінгі ашылып отырған кешен жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде мол септігін тигізіп, халық игілігіне қызмет етеді деп ойлаймын», – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Шара барысында спорт саласының саңлағы, ардагер спортшы Жанысбек Әшімов сөз алып, ізгі тілегін жеткізді. Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев былтыр сәуір айында құрылысы басталып, жалпы сомасы 363,4 миллион теңгеге жоспарланған ғимаратты мерзімінен бұрын пайдалануға ұсынып отырған «Ақ пейнет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Севостяновты Алғыс хатпен марапаттады. Мердігер компания директорының орынбасары Қуаныш Кенеев №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Айтбековке жаңа нысанның кілтін салтанатты түрде табыс етті. Спорт кешенінің лентасын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев арнайы қиған соң, шараға қатысушылар спорт залды аралады. Ғимаратта күрес, бокс, үлкен ойын залдары, киім ауыстыру, шомылу, жаттықтырушылар және әкімшілік қызметкерлердің бөлмелері бар. Сондай-ақ ғимарат алдында спорт мектебінің стритт-воркаут алаңшасы орналасқан. Мұнда да жасөспірімдерге барлық жағдайлар жасалған. Жаңа кешен ашылысымен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері волейбол, футбол, күрес түрлерінен екі топқа бөлініп, жолдастық кездесу өткізді. Бір ауысымда 65 адамға дейін қабылдауға қабілеті бар жаңа ғимаратта жастарымыз спорттың бокс, каратэ-до, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо, волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды түрлерімен айналысуға қол жеткізеді. Ендігі кезекте, әлемдік додаларда топ жарған Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Алмас Мұсабеков сынды спорт саңлақтарының туған жерінде іргесі қаланған жаңа нысан ауданның шымыр перзенттері үшін олжа салар ордаға айналарына сенім мол.

Мұхтар МАНКЕЕВ.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар