«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақбұлымдағы бөбектер үйі бөлекше екен

Ақбұлымдағы бөбектер үйі бөлекше екен
ашық дереккөз
Ақбұлымдағы бөбектер үйі бөлекше екен

Арқаның төріндегі сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз 20 жасқа толды. Осы айтулы мереке қарсаңында ел игілігі үшін елімізде талай тірліктер тиянағын тауып, жүздеген нысандар пайдалануға беріле бастады. Әрине, бұл – Отанымыздың жүрегіне айналған Астананың төл мерекесіне тарту екені даусыз.

Осындай игі іс көп ұлтты елді мекен – Ақбұлым ауылында да жалғасын тауып, өткен сәрсенбі күні «Зерде» бөбекжайы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Ауыл халқы аса қуанышты еді. Өйткені мұнда балалар бақшасы болмаған. – Бүгін Ақбұлым ауылында таңымыз арайлана атты. Байқайсыздар ма, екі қабатты бөбекжай Жібек жолы бойына сән беріп қана қоймай, әр адамның жүрегіне нұр сәулесін құйып, қуантып отыр. Ауыл тұрғындары жеке кәсіпкер Бағдагүл Әбдиеваға дән риза, – деді бөбекжайдың ашылу рәсімі алдында ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жамбыл Бесбаев. Қуанышты сәтте бөбекжайдың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов: – Сіздерді бүгінгі 50 балаға арналған «Зерде» бөбекжайының ашылуымен құттықтаймын! Жеке қаржы есебінен 18 миллион теңгеге ел игілігі үшін бөбекжай тұрғызып, 15 адамды жұмыспен қамтып отырған жерлесіміз, Бағдагүл Ниетқызына ауыл, аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін. «Зерде» бөбекжайынан болашақта зерек балалар қанат қағып ұшатынына сенемін, – деді. Осындай текті тілекті облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сембек Сейдәзімов те білдірген. Жылы лебізден кейін қос басшы лентаны қиды. Сол сәттен-ақ ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, бөбекжай маңындағы балалар мен жиналған қауым қуаныш құшағына енген. Негізі бұл ауылда балабақша кезегінде 150 бала тұр. Бүгін соның 50-і қамтылып отыр. Аудан бойынша 16 мемлекеттік балабақша (бөбекжай), 20 шағын орталық және жекенің иелігіндегі 2 бөбекжайдың барын ескерсек, Ақбұлым ауылындағы бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 3-бөбекжай. Бөбекжай мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Жергілікті бюджеттен бір балаға 19300 теңге бөлінді. Есептей беріңіз, 50 балаға қанша теңге бөлінгенін. Әр бала үшін ата-ана ай сайын 5-6 мың төңірегінде ақы төлейді. Бөбекжайда 2 топ, яғни мектепке даярлайтын «Көгершін» атты топта 25 бала тәрбиеленетін болса, «Балапан» тобында 25 бала тәрбиеленеді. Негізі бөбекжайға 2 жас пен 5 жас аралығындағы балғындар қабылданған, – дейді аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова. Аудан аумағында жыл аяғына дейін тағы екі бөбекжай балаларға есігін айқара ашпақ.

Дүйсенбек Орманов.

Ұқсас жаңалықтар