«Мылтықсыз майданның» майталмандары
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72298,72297,72296"]
Қай кезде де қалың бұқараны толғандырған мәселені тікелей билікке жеткізе білетін БАҚ-тың қоғамда алар орны ерекше. Соған қарай атқарушы органдардың да журналистердің пікірімен санаспаған кезі жоқ.
Өңір басшысының өзі 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесінде «төртінші билік» өкілдерін төрге оздырып, құрмет көрсетуі – соның дәлелі. Дәстүрлі шаралардың өзіне тыңнан түрен салуды көздеп, бірнеше сағатқа созылатын жиындардың да форматын өзгертіп, жаңашылдық енгізген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтауы да ерекше болды.
– Төрткүл дүниедегі оқиғалардан хабарлар болып отырғанымыз БАҚ өкілдерінің арқасы. Журналистика саласы да қоғаммен бірге дамып келеді. Уақыт өзгеріп, қоғам алға ілгерілеген сайын көрермен мен оқырманның да талғамы, сұранысы өзгеруде. Соған қарай бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы артуда. Әлеуметтік желілер пайда болып, ақпараттық порталдар белсенді жұмыс істей бастаса да, дәстүрлі БАҚ-тың рөлі төмендемейді. Себебі біз сөз құдіретін түсінетін халықпыз. Ал бүгінгідей жаһандану заманында әрбір айтылған сөзге ең алдымен осы ұлттық тұрғыдан, мемлекеттік идеологиялық тұрғысынан мән беруіміз керек. Ал елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға, мемлекеттік саясаттың нәтижелі болуына ақпарат құралдарының қосатын үлесі зор, – дей келе сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, қаламдарына қуат, дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Тараз қаласының төріндегі «Бүркіт» мейрамханасында өткен салтанатты шара шын мәнінде билік пен БАҚ өкілдерінің арасындағы білікті басқосу болғанын айта кеткен жөн. Өңір тұрғындарының өміріндегі елеулі оқиғалардың басы-қасында жүретін, нақты ақпарат алып, жұртқа жеткізу үшін тастүйін дайын тұратын журналистер осы жиында емен-жарқын пікір алмасып, алғаш рет арқаны кеңге салды. Бұл күні сала ардагерлері, басылымдар мен телеарналардың басшылары, интернет журналистиканың өкілдері, байланыс жүйесінің үздіктері жиналды. Облыста ақпараттық саясатты дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтардың еңбектері еленіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Құрмет грамота табысталған тоғыз журналистің ішінде «Aq jol» газетінің ақпарат және хаттар бөлімі редакторының міндетін атқарушы Амангелді Әбіл, ал Алғыс хатқа ие болғандардың қатарында өңірдің бас басылымының жауапты хатшысының міндетін атқарушы Шынар Сағиева бар. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет мерекеге орай 9 номинация бойынша қаржылай сыйақы тапсырылды. Үздіктерге 100 мың теңгенің, ал жылдың ең үздік ұжымы ретінде «Облыс айнасы» аталымы бойынша «Жамбыл» телеарнасы мен «Знамя труда» ұжымына 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Мерекелік жиында журналистерді облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ал қаламы қарымды журналистер, белгілі жазушы, республикалық «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы мен Елен Әлімжан өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға сенім білдірді.
Салтанатты жиында мерекеге орай үлкен марапатқа ие болған ардагер-журналист Әбілда Сәрсенбіге «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының өңірлік филиалының жетекшісі Көсемәлі Сәттібайұлы тапсырды. Көсемәлі Сәттібайұлы табанды еңбегі лайықты бағаланған журналистің басты жетістігі – көз жанарынан айырылған жанның тағдырдың басқа салған қиындығын жеңуі екенін атап өтті. Тағы бір атап өтетіні, газеттің индустрия және инновация бөлімінің редакторы Баймаханбет Ахметтің Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Иә, өңір басшысы атап өткендей қоғам дамыған сайын БАҚ-тың рөлі де арта бермек. Бүгінде облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның 2-еуі телеарна, 50-і басылым, 7-еуі ақпараттық агенттік. Еліміздегі ақпараттық саясатты дамытуда олардың әрқайсысының қосатын үлесі зор.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді