«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сыйдың үлкені – сәбилерді қуанту

Сыйдың үлкені – сәбилерді қуанту
ашық дереккөз
Сыйдың үлкені – сәбилерді қуанту

Биыл елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы республика бойынша кең көлемде аталып өтілуде. Осыған орай елімізде түрлі акциялар ұйымдастырылып, оған өңіріміздегі аудандар да атсалысуда. Соның бірі – «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы. Аталған акция аясында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында екі бірдей балабақша ашылып, Астана қаласының мерейлі мерекесіне тамаша тарту жасалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі білім мен тәрбиені айрықша назарға ала отырып, 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осыны ескерген аудан кәсіпкерлері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында соңғы екі жылдың өзінде бірнеше балабақша ашып, 500-ден аса баланы тәрбиелеуде. Сондай-ақ бүгінгі күні жеке кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, ойға алған істерін жүзеге асыруда. Нәтижесінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстардың тиімді екенін түсінген кәсіпкерлер балабақша ашуды мықтап қолға алған. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша да соңғы жылдары ауданда қаншама жаңа ғимараттар салынып, іске қосылды десеңізші. Бас қаланың мерейтойына орай ашылған Шудағы «Нұр-Аш» балабақшасы 75 бүлдіршінге шақталған. Жобалық құны 41,5 миллион теңгені құрайтын балабақшада білім беру екі тілде жүреді. Сондай-ақ Роза Әбілбекова басқаратын нысанның электр жүйесі орталықтандырылған және жеке қазандығы бар. Мұндағы балаларға арналған музыка бөлмесі мен спорт залы, медициналық бөлме мен басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталыпты. Сонымен қатар Шу ауданында Астана қаласының 20 жылдығына орай тағы да бір балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Досаев балабақша ұжымына сәттілік тілеп, сый-сияпат көрсетті. – Елордамыздың мерейлі мерекесі қарсаңында ашылып отырған балабақшаның ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күнге дейін ауданымызда «Балапан» бағдарламасын іске асыру мақсатында 30 балабақша мен 19 шағын орталық жұмыс істеп келеді. Онда жалпы саны 4035 бүлдіршін тәрбиеленуде. Дегенмен қазіргі кезде аудандағы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету деңгейі 87,6 пайызды құрап отыр. Айта кету керек, 2016 жылы аудан бойынша бір ғана жекеменшік балабақша болатын. Міне, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінген кәсіпкерлер соңғы екі жылда бірқатар жекеменшік балабақшаларды ашуда. Мәселен, өткен жылы төрт балабақша ашылса, биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде бесінші балабақшаны ашып отырмыз. Осы қарқын бәсеңдемесе, жыл соңына дейін әлі бірнеше бөбекжай есігін айқара ашады. Нәтижесінде, жыл аяғына дейін 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көрсеткішін 96 пайызға жеткіземіз деген ойдамын, – дейді Қайрат Әскербекұлы. Жеке кәсіпкер Гүлнәр Жүнісәлиеваның иелігіндегі «Лашын» балабақшасының жалпы жобалық құны 7 миллион теңгені құрайды екен. Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балабақшада тәрбие және білім беру жұмыстары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Нысан бір қабаттан және екі блоктан тұрады. Байқағанымыздай, «Лашында» әр баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Әрбір топ блогына кең де жарық жатын бөлмелер, шешінетін орын кіреді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта ойын бөлмелері мен оқу сыныптары бар. Сый-сипаттың үлкендерінің бірі – балалардың бақытты күлкісі естілген бақытты шаңырақ салу. Ендеше, Шу ауданындағы қос балабақшаның сүйініші Астана күніне ерекше тарту болды деп сенеміз.

Ерғали Қартайған Шу ауданы.

(Астананың 20 жылдығына байланысты арнайы топтаманы газеттің 3-бетінен оқисыздар).

Ұқсас жаңалықтар