Саламатты ұрпақ – баянды болашақ кепілі. Осыған аса көңіл бөлген Елбасымыз халықтың басым бөлігін, жасөспірімдерді спортпен айналысуға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеп келеді. Ол үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып, жер-жерде қажетті спорт нысандарын көптеп салуды да тапсырған болатын. Біздің өңірімізде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Жуырда ғана Қордай ауданында тағы бір жаңадан пайдалануға берілген 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені соның бір айғағы. Елордамыздың 20 жылдық мерекесі қарсаныңда ашылған екі қабатты спорт кешені, әсіресе қордайлық спортқұмар өрендер үшін теңдессіз тарту болды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Байтөле Болатбек қатысып, ауданнан шыққан спорт саңлақтары мен ел мақтаныштарын атап өтіп, жаңа кешенде де болашақ чемпиондар шынығатынына сенім білдірді. – Биыл сайын даламыздың төсінде, Сарыарқаның төрінде жұлдыздай жарқырап бой көтерген арайлы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы. Әлбетте, бұл – барша қазақстандықтардың, азат еліміздің мерейлі мерекесі, тағылымды тойы. Өйткені, Астана – Қазақстанның жүрегі, тірегі, тілегі. Міне, сол мереке қарсаңында аудан тұрғындарының көптен күткен араманы орындалып отыр. Заманауи үлгіде салынған дене шынықтыру – сауықтыру кешені қордайлықтардың игілігіне жарайтынына сенім мол, -деген аудан әкімі ғимарат облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынғанын айтып өтті. Жалпы жоба құны 438 101,0 мың теңгені құраған. Спорт кешені бір жылда салынып бітіп, пайдалануға беріліп отыр. Құрылыс жұмыстарын мердігер компания – «ПСК Алибек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоспар бойынша 40-50 адам жұмыспен қамтылады деп күтілсе, қазіргі таңда мұнда 17 адам еңбек етуде. Нысан ашыла салысымен қордайлық жалынды жастар ә дегеннен футбол мен күрестен бәсеке ұйымдастырып, жарыстың көрігін қыздыра түсті. «Елорданың 20 жылдығына – 20 нысан акциясы» аясында облысымыздың шығысындағы Қордай ауданында бұдан бөлек тағы екі нысан ашылды. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқан қордайлықтар мерекеге орай «Керімбала» және «Асыл перзент» жекеменшік-әріптестік негізіндегі балабақшаларын пайдалануға беріп отыр Екі жүз орындық «Керімбала» балабақшасы Қордай ауылының 1,5-6 жас аралығындағы балақайларды қабылдап, тәрбиелеуде. Әзірге 115 балаға бес топта сегіз педагог мемлекеттік және орыс тілінде білім беруде. Балабақша меңгерушісі Айнаш Зәуірбекова отбасылық бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына дән риза. Ол мұнда балаларға барынша барлық жағдай жасалынатынын, бүлдіршіндердің бейіндік қабілеттерін ашуға тырысып, шырағын жағуға талпынатындықтарын жеткізді. Бетқайнар ауылында ашылған «Асыл перзент» балабақшасы да көпшіліктің игілігі үшін жұмыс істейтіні анық. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімі Байтөле Болатбек бұл мекеменің мектеп жасына дейінгі балаларға сапалы тәрбие мен білім беретініне сенім білдірді. –Мемлекеттік бағдарламалардың ауданымызда балғындарды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту жұмыстары арқасында жүйелі жүргізілуде. Кәсіпкерлер мен қолынан іс келетін азаматтар өз қаржыларына балабақша салып, ашып жатыр. Бұл – қуанарлық іс. Мемлекеттің қолдау-көмегі арқылы балаларға білім беріліп, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуда. Соның нәтижесінде аудандағы 3-6 жастағы балаларды балабақшамен 91 пайызға қамтып отырмыз. Жылдың аяғына дейін бұл жұмыс жалғасып, 400-дей орынды қамтитын осындай жекеменшік-әріптестік мекемелерді ашу жоспарда бар, – деді Б.Болатбек. Балабақша меңгерушісі Ләззат Оңгелдиева «Асыл перзенттің» 100 баланы қамтитынын, бүгінде онда төрт топ бойынша бүлдіршіндер тәрбие алып жатқанын жеткізді. Айта кету керек, ауылда бұған дейін мемлекеттік балабақша болғанымен, ол бетқайнарлықтардың сұранысын толық өтей алмаған. Ол олқылықтың орнын жаңадан ашылған аталмыш балабақша толтырмақшы. Қазір онда он педагог жұмыс істеуде, ақысы – әр балаға айына жеті мыңнан. Балабақша иесі әрі меңгерушісі Ләззат Оңгелдиева алдағы уақытта нысанды кеңейту, соған орай бала санын арттыру жұмыстарын жоспарлап отыр.
Жанғазы Ахмет
Қордай ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді