Аптасына екі рет жарық көріп, аудандағы жағымды жаңалықтар мен қызықты оқиғаларды дер кезінде оқырман назарына ұсынатын «Шу өңірі» газетіндегі мақала мен суреттің сапалы түсуі, бояуының қанық болуы, жалпы газеттің қалай дайындалатынын, қаншама тер төгіліп, жүйке жұқаратынын оқырмандар біле бермеуі мүмкін. Білуге де міндетті емес, әрине. Дей тұрғанмен төл мерекеміздің қарсаңында аудандық газеттің сапалы шығуына бірден-бір жауапты баспахана жұмысшыларының есімдері мен еңбектерін атап өткенді жөн санадық.
Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің баспасында 2008 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан директордың өндіріс ісі жөніндегі меңгерушісі Есіркесін Абдраимов бастаған ұжымның жұмысы әдеттегідей азанда емес, керісінше, кешкісін басталады. Мұндағы Орынбасар Егеубаев, Айдос Әлпейсов, Тұрлыхан Шәймерденов есімді баспагерлер тілшілердің, корректорлардың, операторлардың күндіз дайындаған жұмыстарын кеш батқаннан таң атқанға дейін газетті баспада дайындаумен айналысады. Үлкен жауапкершілікті мойындарына алып, көз ілместен газеттің таңертеңмен жұртшылықтың қолына сапалы жетуі үшін аянбай еңбек етеді. Осы тұста, олар газетті қалай басып шығарады деген заңды сауал көкейде туындайды. Мақалалар бірнеше адамның сүзгісінен өтіп, қателері түзетіліп, соңғы өңдеуден өткен соң, баспаханаға жіберіледі. Ондағы қызметкерлер дайын болған пленканы қабылдап алып, дұрыстығын тексеріп, арнайы пластинаға көшірмесін түсіреді. Оны қышқылмен тазалап, машинаға жағылған қоспаға салып, бояу құяды. Екі тілде қатар шығатын басылымның таралымы 5 мың данадан асатын болса, баспахана жұмысшылары сағатына 1500 дана газет шығарады. Алайда сағатына осындай жылдамдықпен жұмыс істелгенімен, оның жұмыс барысындағы машақаты да аз болмайды. Түні бойы дырылдаған машинаның дауысы, сұйықтықтардың бас айналдырар иісі зор шыдамдылықты қажет етеді. Соған қарамастан, шулық баспагерлер жұмыс барысында әрдайым көңілді жүріп, шаршағандарын еш білдірмейді. Тіпті түндерін ұйқысыз өткізсе де, таңертеңмен ұйқылары қанық адамдай жұмыста жүре беретіндеріне қайран қаласыз. Бүгінгі таңда баспахана жұмысы ұлғайып, мол мүмкіндіктерге ие болған. Баспагерлер тек газетті басып шығару жұмысымен айналысып қана қоймай, тапсырыспен жасалатын жұмыстарды қабылдап, оның сапалы орындалуына бар күшін салады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Шу өңірі» газетінің баспасында қазір тапсырыспен кітап, журнал шығару ісі кең құлаш жайған. «Ricoh» деп аталатын көп қырлы жаңа аппарат келгелі бері мұндағы жұмыстардың сапасы мен жылдамдығы әжептәуір артқан. Бағдарламашы Қанат Майшекеев кітаптың іші-сыртын ретке келтіріп, әрлеп, өзге де үлкен баспаханадан шығатын кітаптардан кем жасамайды. Міне, аудандағы баспахананың өндірістегі күнделікті тіршілігі осындай. Ең бастысы, қызығы мен қиындығы қатар жүретін баспаханадағы ұжымның сыйластығы мен достығы, ауызбіршілігі мен татулығы көңіл қуантады.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді