«Астана» деп ән шырқады...

«Астана» деп ән шырқады...
ашық дереккөз
«Астана» деп ән шырқады...

Еліміздің жүрегі һәм басты құндылығы – Астана. Сарыарқаны жайлаған, ерке Есілді бойлаған бас қаланы көргенде шаттанбайтын, мақтанбайтын қазақ жоқ шығар. Біз мұны облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жан жүрегім – Астана!» атты облыстық ән байқауында тағы да сезіне түстік.

Аталған шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Рүстем Бегалиев сөз сөйлеп ашып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Бас қаланың 20 жылдығына арналған осынау өнер додасына Тараз қаласы мен аудандардан 18 әнші қатысыпты. Бұл шараның алдымен аудандарда іріктеуі өткенін айта кеткен жөн. Байқау шарты бойынша әр өнерпаз екі әннен орындады. Оның бірі еліміздің жүрегі Астана туралы, екіншісі патриоттық тақырыптағы ән болуы міндеттелді. Байқау барысында ел ішінде талантты өнерпаздардың шыңдалып өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Олардың Астанаға деген құрметі, отаншылдық сезімдері өн бойларында атойлап тұрды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің әншісі Жанболат Таласбай иеленді. Жүлделі бірінші орынға сарысулық Мейіржан Омаров лайық деп танылса, екінші орынды қордайлық Мұрат Рысбеков пен тараздық Айдын Асқарәлі өзара бөлісті. Оларға 75 мың теңгеден сыйлық берілді. 50 мың теңге көлеміндегі үшінші орынға Жамбыл ауданының әншісі Сейілғазы Тәңірберген мен жуалылық Ербол Қаттебеков лайық деп танылды.

Е. Жаңабайұлы.

Ұқсас жаңалықтар