«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас жампоздар елорданы жырлады

Жас жампоздар елорданы жырлады
ашық дереккөз
Жас жампоздар елорданы жырлады
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71624,71623,71622"]

Айтыс – халқымыздың бірегей ғажайып өнері. «Айтыс – сөз барымтасы, қайта айтпаса қайтпайды қарымтасы», деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтып өткендей, әр қазақ үшін бұл өнердің шоқтығы биік. Атамұра өнер көмейіне бұлбұл ұялаған бүгінгі жастарға да мирас болып келеді. Аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Дүбірі тұлпарлардың қалған өңір» атты облыстық айтыс Астана қаласының 20 жылдығына, Талас ауданының 90 және Қаратау қаласының 55 жылдығына арналды.

Бұл күні Ұлбике ақын атындағы аудандық Мәдениет үйінің іші мерекеге айналды. Алдымен Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серімов сөз сөйлеп, Талас ауданының тоқсан жыл бойы жалғасқан тағылымына тоқталып, жас жүйріктерге сәттілік тіледі. Мұнан соң таластық көрермендердің алдында 6 жұп өнер көрсетті. Жыр аламанын белгілі айтыскер Ербол Қамбатырдың жүргізгені шараның көркін аша түскені анық. Алғашқы жұпта ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатай мен таластық Нұржан Манатбек айтысты. «Мырзатайын ардақтаған осы Талас, Мырзатайдың ұрпағын биіктетсін» деп жырлаған Медеу де, «Қаратаудың жолдары жөнделіпті, Апамның судай жаңа кебісіндей» деп өлеңдеткен Нұржан да айтыс әлеміне құштарлықтарын байқатты. Дегенмен айтыс Жамбыл ауданының жүйрігі Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбайдың арасындағы сайыста қызды. «Жансарайын көргенде көрерменнің, Хан сарайы қалады лашықтай боп» немесе «...Сахнада сыр алдырмай Рай отыр, Шыға келген қасқырдай тау ішінен. Бұл Талас Ыстыбаев туған жер ғой, танылған «Қазақстан барысымен». Бейбіт күнде мазамды ала берсең, Лақтырамын Бейбіттің әдісімен» деп әдемі әзілдеген Нұрлыбекке қарсыласы Рай Дөңбай: «Нұрекең сөйлейді өз фактісімен, Асқақтаса қайтады бақ кісіден. Бейбіттің әдісін мен қайтарармын, Сәттібаев Олжастың соққысымен» деп әрі жауап беріп, әрі Таластың мақтанышына айналған ұлдарды жырлап өтті. Шулық Әділет Медетқұлмен айтысқан байзақтық Дидар Басығараев бұл жолы жарқырап көрінді. Қарсыласының «Бірде күйші, бірде ақынсың» деген уәжіне Дидар: «...Дина апам айтысыпты Жамбылменен, Сөзінің көркемдігі көзді арбайды. Жұмекен де бір кезде күй шығарған, Әнұранмен шектеліп мәз болмайды. Мен де сол сегіз қырлы азаматпын, Сондықтан жетістігім аз болмайды. Бұтағы көп бәйтерек біле білсең, қанша дауыл соқса да қозғалмайды», деп мазмұнды жауап берді. Д.Басығараевтың әр айтыскерді футбол командаларына теңеп, фаворит айтыскерлерді бағалай сөйлеуін адалдығы деп, Шорабек Айдаровтың әніне салғанын таластықтарға құрметі деп ұғындық. Келесі сәтте Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ернұр Бейсенов пен Жамбыл ауданының қарлығашы Шапағат Сәбитқызы, байзақтық Дархан Әбдіманат пен тараздық Дидар Апбасов, Жамбыл ауданының ақыны Бақнұр Нұрман мен Медеу Мырзатайдың арасындағы айтыстар да қызықты өтті. Ақтық сында Нұрлыбек Құрманов пен Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай мен Дидар Басараев түре айтыстың көрігін қыздырды. Айтысты қортындылайтын сәтте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Нұрсұлтан Манатбеков сөз сөйлеп, жас айтыскерлердің Астана тақырыбын да, Талас тағылымын да шамалары келгенше жырлай білгенін айтып, өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді. Қазылар алқасының шешімімен Жамбыл ауданының жүйрігі Нұрлыбек Құрманов айтыс жеңімпазы атанды. Екінші жүлдеге байзақтық Рай Дөңбай ие болса, үшінші қос жүлдені сарыкемерлік Дархан Әбдіманат пен Дидар Басығараев өзара бөлісті. Жамбыл ауданының ақыны Шапағат Сәбитқызы «Көрермендер көзайымы» аталымына ие болды. Ақындар Айтмұханбет Исақов, Үміт Битенова мен Сабыр Рысбаев жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Жиналған көпшілік алдағы күзде ауданның 90 жылдығына орай облыстық аламан айтыс өтетініне сеніп тарқасты.

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар