Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру әрі жеке кәсіпкерлерді осы салаға инвестиция салуға тарту үшін, Елбасымыз атап көрсеткендей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесіне жіті көңіл бөлу қажет. Бұл қадам бізге әлеуметтік нысандарға деген көпшілік сұранысын қанағаттандырумен қатар, ілгері дамуымызға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасампаз жобалар қолға алынып, өз жемісін беріп жатқаны да сондықтан.
Күні кеше ғана Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай жалпы құны 11 миллион теңгені құрайтын «Ерік ата» балабақшасы бүлдіршіндерді қабылдады. Жаңа мектепке дейінгі мекеменің ашылу салтанатында аудан әкімі Рахмәтілдә Рахманбердиев Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуды тапсырғанын атап өтіп, Байзақта осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. – Былтыр аудан бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген балабақшаларды ашудың арқасында кезек санын 500-ге азайтуға мүмкіндік туды. Биыл тағы 485 баланы қамту жоспарланған болатын. Міне, бүгін осы мақсатта қолға алған игі істердің жетістігіне куә болып отырмыз. Нәтижесінде қазіргі таңда бұл көрсеткіш 97,9 пайызды құраса, жыл соңына дейін 99 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл – әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлер жұмысының жемісі. Осы ізгі бастаманың басы-қасынан табылып жүрген барша жандарға алғысымды айтып, ата-аналарды, балаларды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтағым келеді, – деді аудан әкімі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған нысан жеке кәсіпкер Ерік Тайшибеков пен оның жанұясы қаражаты есебінен бой көтеріп отыр. Бұл отбасы өздеріне тиесілі 12 сотық жерде әу баста үй салып, кейін оны балабақшаға айналдырған. – Астанамыздың мерейтойы қарсаңында тұрғындар игілігіне жаңа балабақшаны пайдалануға беріп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алған жоқпыз. Қажетті қаражатты келешекте алармыз деген ойдамыз. Өйткені болашақта балабақшамызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Негізі біздің қолымыздан мал шаруашылығымен немесе өзге де жұмыстармен айналысу келмеді. Оның үстіне, бес қызымның барлығы дерлік мұғалім, медбике мамандығын алғаны бар. Сондықтан осы іс бізге қолайлы болды. Бұл – біздің отбасылық бизнесіміз, – дейді Е.Тайшибеков. Бекзада Ерікқызы екі жылдай «Балапан» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеп, едәуір тәжірибе жинапты. «Тәрбиеші болып жұмыс істегендегі алған тәжірибем осы істі қолға алған кезде өз пайдасын тигізді. Бұл іске қаңтар айынан бастап білек сыбана кірісіп кеттік. Құжаттарын дайындадық. Наурыз айында ішін жиһаздармен толтырдық. Балабақшаны әкеміздің есімімен атадық. Қазір 75 орындық балабақшаға 1 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдап жатырмыз. Біз сенбі күні де жұмыс істейміз. Төлемақысы 3 жасқа дейінгі балалар үшін ай сайын 8000 теңге болса, 3 жастан жоғары балалар үшін 6500 теңге көлемінде. Айта кету керек, бізде білікті мамандар, ағылшын тілі мұғалімі, музыканттар бар. Бүгінде мұнда 3 топ болса, болашақта оның санын 4-ке жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, тамыз айынан бастап мемлекет тарапынан әрбір балаға субсидия төленбек», – деді ол. Айта кету керек, көршілес Шымкент қаласында балабақшаларға айлық төлеу бағасы айтарлықтай өскен. Зерттеулерге сүйенсек, Шымкентте балабақша қызметтерінің өсімі бір жылда 19,2 пайыз болған. Сондай-ақ қызмет көрсету ақысы көрші облыста 20,4, Алматыда 10,1, ал біздің өңірде 8,1 пайызға өскен.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді