Ұсақ шаруашылықтардың іріленуі, бір құрылым аясына бірігуі олардың ірі көлемде несие, лизингпен техника алуы үшін көптеген жеңілдіктер беретіні айтылып та, жазылып та жүр. Шын мәнінде бұл істің шағын фермерлік шаруашылықтар жұмысын жандандыратыны анық. Біз бұған өз тәжірибеміз арқылы нақты көз жеткізудеміз. Ботамойнақ ауылдық округі аумағындағы кооперативімізге алдыңғы жылы 18 шаруа қожалығы біріккен болатын. Ал былтыр қатарымызға бес қосалқы шаруашылық келіп қосылды. Ендігі жерде қолда бар техникамызды, жер үлесімізді, күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, биік межелерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы шаруалар бағзы кездегі колхоздастыру кезеңіндегідей ауыл шаруашылығы кооперацияларына өз еріктерімен бірігулері тиіс. Осыған байланысты жүргізілген түсіндіру жұмыстарының барысында ауылды жерде кооперативтік қозғалыстың құлашын кеңге жая бастағаны қуантады. «Қамқор қазынаға» мүше болып кірген агроқұрылымдардың 7-еуі мал өсірумен, қалғаны егін шаруашылығымен айналысуға бағыт ұстанып отыр. Биыл бізде қант қызылшасын 8, жүгеріні 52 гектар алқапқа егіп, өсіру қолға алынды. Осы ретте мал бордақылау бойынша жобаларына сәйкес «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несиеге қол жеткізген кооператив мүшелерінің де еңбектерінде тың серпін бары байқалуда. Олар мал азығын өзімізде дайындау мақсатында 38 гектарға жоңышқа, 30 гектарға арпа егіп, күтіп баптау жұмыстарын бастап та кетті. Былтыр құс өсіру, мал бордақылау бойынша жобаларымыз өтпей, қаржыландырылусыз қалып қойғаны көңілімізді аздап қобалжытқан еді. Алайда оның биыл есесі қайтқалы отыр. Бізге «Құлан дән» несие серіктестігінің ауданда ашылған филиалы көмекке келді. Аталған қаржы құрылымы бизнес-жоспарымызға сәйкес 6 пайызбен 6 миллион теңге несие беріп отыр. Бұл көмек кооперативтің қолы ұзаруына септеседі деген сенімдеміз. Ауыл аумағынан 200 гектар жер алып, күздік бидай еккелі отырмыз. Айтпақшы, биыл «ҚазАгро» қаржылық-несиелік ұйымы тарапынан жақсы жобалар келіп жеткенін атап өтуге тиіспіз. Оған қатысу арқылы несиені 7 жылға 6 пайыздық өсіммен алуға болады. Осыған байланысты жобаларымызды дайындаудамыз. Ең бастысы – бірігу, ірілену. Біз оған қол жеткіздік. Енді алдан кездесер кедергілер мен қиындықтарды бірлесе еңсеріп, еңбегімізді еселеу арқылы табыстың тайқазанын тасытатынымызға да әбден сенімдіміз.
Гүлнара ДӘУЛЕТБАЕВА, «Қамқор қазына» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрайымы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді