«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асыл мұраттар мекені

Асыл мұраттар мекені
ашық дереккөз
Асыл мұраттар мекені

Астана арман қала ғой, шіркін! Айбыны асқақтап, көк аспанға қырандай қалықтап бара жатқан азат елдің ақ ордасы. «Азат ел» деген сөздің өзі сеніміңді қанаттандырады екен. Кеудемде еріксіз қуаныш оты жарқ етті де, лапылдай кетті. Шабытымды оятты.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1995 жылы қабылдады. Ақмола атауы Астана болып өзгертіліп, 1998 жылы жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Кейін Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Астана, расында, ару қала, бас шаһар. Қарасаң көз тоймайды. Жылдан-жылға сәніне сән қосып, салтанаты мен мерейі тасып, көркейіп келеді. Қазақ жерінің шежіресін паш етер, көңілі кең, жаны жомарт қазақ елінің ұлылығын ұлықтайтын асқақ та айбынды, ажарлы «Бәйтерек» монументі көк аспанмен таласып тұр. Бірлік пен достықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың айқын белгісі болған Бейбітшілік пен келісім сарайы, іргесі берік, шаңырағы биік қазақ елінің еркіндігінің символы «Тәуелсіздік» монументі елорда мәртебесін асқақтатып тұр. Рухты жеңіс пен жасампаз жетістіктердің айқын дәлелі болатын «Мәңгілік Ел» қақпасы Астананың аспанмен таласқан зәулім ғимараттарының ортасынан ойып орын алған. Небәрі жиырма жылда осыншама дәрежеге көтерілген жас қаламыз Астананың атағы барша дүниежүзі елдеріне белгілі болып отыр. Бас қала бүгінде тез әрі қарқынды дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденуде. Бұл – халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігінің, тұрақтылығының, бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқанының, ақ көңілді, кеңпейілді, ешкімді жатсынбайтын, қиянаттан шет, жомарт мінезді қазағымның арқасы. Елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігіміз молайып, жайнай берсін.

Қожахмет МАДЕЛХАНҰЛЫ, ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар