«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз қаласының келешектегі келбет-айшығы қандай болмақ?

Тараз қаласының келешектегі келбет-айшығы қандай болмақ?
ашық дереккөз
Тараз қаласының келешектегі келбет-айшығы қандай болмақ?

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасауды тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейтінін атап көрсетті.

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69231,69229,69230"]

Тараз еліміздегі бай тарихы бар, ең ежелгі шаһарлардың бірі екені баршаға мәлім. Бүгінде өзіндік бет-бейнесі, сәулеттік келбет айшығы айқындалған жауһар қалаға да айналып отыр. Бағзы замандағы және бүгінгі сәулеттік ерекшеліктерін негізге ала отырып, шаһарды дамытудың 2010-2025 жылдарға арналған бас жоспары да дайындалған. Соған сәйкес көне қала орны аумағын «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени кешенін орналастыру арқылы қайта құру тұжырымдамасы бекітілген-ді. Бүгінде тарихи қалыптасқан көшелер жүйесін ескере отырып, аталған аумақты тиімділікпен қайта жобалау ісі жүзеге асырыла бастады. Қарахан баба, Дәуітбек, Тектұрмас әулие кесенелерін, «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығын өзара жалғастыратын біртұтас туристік бағыттар жүйесін түзу қарастырылуда. Осыған байланысты негізгі туристік бағыттағы қала көшелерінің бас жоспарға сәйкестендірілген, сәулеттік келбеті нақтыланған, толыққанды егжей-тегжейлі жобалары дайындалу үстінде. Аталған жобаларда қаламыздың негізгі магистральды көшелерінің сәулеттік келбеті, көше бойындағы құрылыстардың орналасу тәртібі, нысаналы мақсаты, құрылысты реттеудің «қызыл сызықтары» нақтыланып, көшені кеңейту, велосипед жолдарын орнату, әлеуметтік нысандардың қасбеттерін әрлеу тағы басқа да жұмыстар өз шешімін табатын болады. Аталған көшелердің қайта құрылатын аумағында болашақта салынатын құрылыстардың келбет-айшығы мен орналасу көлемі, бұзылуға жататын нысандар саны да нақтыланбақ. Сондай-ақ осы көшелердің бойында демалыс аумақтарын орналастыру, саяжайлар мен скверлерді қайта жаңғырту, көше бойындағы сәулеттік-көркемдік нысандарды орнату бойынша жобалық ұсыныстар бекітіледі. Мысалы, Жамбыл даңғылын жоспарлау жобасы қалаға кіреберіс шығыс қақпа мен кіреберіс, автобекет және Қонаев көшесіне дейінгі аумақтарды қамтиды. Жалпы аумақтың бет-бейнесі, автобекет маңынан Алматы және Сарыкемер бағытындағы жол торабынан жолайрық салу, Жамбыл даңғылы бойындағы ғимараттардың сәулеттік жобалары да қарастырылмақ. Ал Төле би көшесінің жоспарлау жобасы «Әулиеата» халықаралық әуежайынан бастап Бектұрғанов көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Сонымен қатар Абай даңғылы, Комратов көшесі, Сүлейменов, Пушкин көшелерінің жоспарлау жобалары да осы бағытта жүзеге асырылады. Олардың қатарында Талас өзенінің бойына үш бірдей демалыс орнын орналастыру жобасы да бар. Оның біріншісі қаланың солтүстік-шығыс шекарасындағы «Қазақ ауылы» мен «Аю тропик» демалыс орталығының аралығында, екіншісі 14-шағын аудан маңында, үшіншісі Талас өзенінің «Тектұрмас әулие» кесенесі орналасқан бөлігінде жобалануда. Сонымен қатар аталған жобалау жұмыстарында қаланың шығыс бөлігінде орналасқан «Тектұрмас» таулы аумағын жаз мезгілінде этнографиялық-экологиялық, ал қыс айларында шаңғы тебетін, шанамен сырғанайтын демалыс орталығына айналдыру қарастырылмақ. Бұл жоба аталған аумақтың экологиялық тұрақтылығын сақтауға және осы маңдағы зираттар жүйесін реттеуге де мүмкіндік береді деп күтілуде. Аталған жұмыстардың барлығы туған қаламызды дамытуға және тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды діттейтін бас жоспар аясында жүргізілуде әрі таяу уақытта нақты іс жүзіне де асырылатын болады.

Жандос ӨМІРЗАҚОВ, Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар