Оңал АЗАМАТОВА, облыстық филармонияның әншісі, мәдениет саласының үздігі.
Азаттық деп аталатын ғажап құтқа қол жеткелі ширек ғасырдан асты. Еліміз қай салада да өркениет көшінен қалған емес. Әлбетте мұның бәрі – көреген Көшбасшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Еліміздің басты құндылықтарының бірі – Астана – Сарыарқа төсінен бой көтерген әсем қала егемен елдің елордасы! Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Бұл шешім осы күнде өз жемісін беріп отыр деп айта аламыз. Оны уақыттың өзі дәлелдеуде. Астананың Алматыдан Ақмолаға ресми көшірілуі 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асқаны белгілі. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері осы жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық Ассамблеясының мүшесі болып келеді. Қазіргі уақытта Астананың аумағы – 750 шаршы шақырым, тұрғындар саны 1 милллионнан асты. Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді. Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Астана құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты. «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі құлшылық орны – «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейін атауға болады. Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны. Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінде орны бөлек Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан. Астанада экономикалық форумдар, маңызды халықаралық жиындар тұрақты түрде өтіп келеді. Былтыр үш ай бойы елордада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуі – еліміздің мәртебесін биіктетті, абыройын асқақтатты. ЭКСПО көрмесін көзіммен көріп, мен де үлкен әсерге бөлендім. Өнер адамы болғандықтан, шет мемлекеттерге де, сырт облыстарға да іссапарға шығып тұрамыз. Еліміздің жүрегі Астанаға да жиі жол түседі. Сонда байқайтынымыз, елорда ертегідегі Ертөстіктей, сағат санап, өркендеп өсіп барады. Құлпырып, нығайып келеді. Әлемдегі ең беделді қалалардың біріне айналды десем, артық айта қоймаспын. Елордаға арналып қаншама әсем әндер жазылды. Орындалып жүр. Жүрегіңді қозғап, тебірентетін әндер. Осы саздардың бәрі сазгердің, ақынның шын жүрегімен, үлкен толғанысымен жазылды деп ойлаймын. Сондықтан елордаға барған сайын мерейім өсіп, өзімді асқақ сезінемін. Астана сахналарында талай рет ән салдық. Сол сәтте де өзімді бақытты сезіндім. Себебі Астана – айбынымыз, байлығымыз, қастерлі құндылығымыз! Біздер кейінгі жас ұрпақтың бойына елорданың құндылықтарын, бас қаланың ерекшеліктерін сіңіруге тиіспіз. Еліміздің жас буыны отаншыл, патриот болса – үлкен бақытымыз, жеңісіміз. Мен осылай ойлаймын. Астана – арман қала, сұлу шаһар. Елорда – еліміздің өзге қалаларына үлгі. Астанаға қарап өзге қалалар бой түзеп, түрленуі керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндет те жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуді үндейді. Ол тәрбиені әр адам міндетім деп сезінгені жөн. Елбасы мақаласы аясында барлық өңірлерде нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр. Белгілі азаматтар, кәсіпкерлер туған ауылдарына мойын бұрып, қолұшын соза бастады. Барлық өркениеттің, барлық дамудың бастауында Астана тұр. Елорда – еліміздің жүрегі. Осыны әр қазақ жүрегімен сезініп, көңілімен ұғынуы тиіс. Әлемдегі ең әсем қаланың біріне айналған ару Астанамен қалай мақтансақ та, шаттансақ та артық емес.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді