Біраз уақыттан бері қоғамдағы даулы әрі түйіні тарқатылмай тұрған тақырыптың бірі – орамал тарту екені баршамызға белгілі. Әркім әртүрлі пікір білдіріп жатады. Әр пікірдің өзіндік қисыны бар. Біреу «хиджаб» деген қағидаға шегедей қадалып, бетін тұмшалап, қара түсті киінуді міндет санап жатады. Бірі «Жоқ, орамал тек белгілі бір рәсімде ғана киілу керек, басын ашып, қалған жерін жауып жүрсе не жамандық бар?» деп келте қайырады.
Біріншіден, «хиджаб» деген сөз термин тұрғысында Құранда қолданылмаған. Құранда оны «жилбаб» немес «хумур» дейді. Мағынасы әйелдің абыройын жауып, ұятты жерлерін бүркеп, қорғап тұрушы деген ұғымды береді. Ал әйелдің ұятын, абыройын Алла аса қымбат санайды. Оның бет-жүзі, қолы және аяғы, табанынан басқа жердің бәрі жасыруға тұратын асыл маржан тәріздес, қорғануға тиісті құндылық деп бағаланады. Құранда ұсынылған осы өлшем барлық елде бірдей болуы міндет емес. Әр халық оны әртүрлі атаумен сан қилы амал-тәсілмен орындайды. Бастысы, шариғат жабуға бұйырған абырой жасырылса болды емес пе? Неге басқа ұлт киген киім түсі не тәсілі жапа-тармағай шариғат деп көшіріле берілуі керек? Осының кесірінен қара жамылғандарды көріп, «хиджаб» деген атаудан үркетіндер шықты. «Біздің дәстүріміз жойылып, арабқа ұқсап бара жатырмыз» деп, қоғамдық ортада әжептәуір дау-дамай да туындады. Адам құқығы, сенімі, ар-ожданы шариғат заңында да, зайырлы ел заңдылықтарында да басты мәселе болып табылады. Сол үшін де әйел басындағы орамалмен алысу зайырлы құндылықтарға қарама-қайшы келеді. Орамал дауын түйіндеп шешу үшін оны жай киім ретінде не сән ретінде емес, ардың ісі деп түсінсек, бұл дау-дамай баяғыда басылған болар еді. Алла өз заңдылығында арды бәрінен жоғары қояды. Алланың бізге сызған шектеу шекарасында зинадан (ойнастық) артық жамандық жоқ. Алланың жазаларында (яғни зайырлы түсініктегі Қылмыстық кодексі) адам өлтірудің жазасы мен зина жасаудың жазасы бар. Бір ғажабы, зина жасағаннан адам өлтірудің жазасы жеңіл келеді. Адам өлтірген кісі ақысы егесіне беріледі. Ол кешірсе, жаза жеңілдетіледі, не кешіріледі. Ал зинада Алла өз ісіне ешкімді араластырмайды. Бірін-бірі кешірсе де, разы болса да Алла жазасын беруді талап етеді. Ашуланғаны сондай: «Оларға жандарың ашымасын», – дейді. Адам өлімі болған сәтте екі жақтың біреуі сөзсіз риза болмайды. Біреу оның жанын қиып жатса, кімнің көңілі толсын. Ал зинада екі жақ разы болуы мүмкін ғой. Бірақ солай бола тұрса да, ар мәселесінде Алла қатал. Ақиқатында жаратушы әлемде еш нәрсеге мұқтаж емес. Өз қалауында адамзаттың арының жоғары болғанын қалайды. Жүйесіз қарым-қатынастан тексіздік пен азғындық тарағанын қаламайды. Мұның бәрі Алланың қажеті емес, адамзаттың пайдасы үшін жасалған заңдылық. Сол үшін Құранда: «Зина жасамаңдар» демейді, «Оған жақындайтын жолға жоламаңдар!» – деп түбегейлі бұл азғындықты кесіп тастайды. Тіпті сол азғындықтың алғашқы себебі болатын, ер мен әйелдің бірі-біріне көзі түсуінің өзіне тоқтам қояды. Сол үшін де Алла әйел затына бүркемеленуді бұйырады. Асыл Пайғамбарымыз бір ұрыстан соң бірін-бірі іздеп әрең тапқан бала мен анасын көріп: «Мына әйелге баласын қазір отқа лақтыр десе, отқа тастай ма?» – деп сахабаларынан сұрады. Олар «Жоқ, мүмкін емес, ол өзі түссе де, отқа тастамайды» деп кесімді жауап берді. Бұның өзі көп жайттан хабар берсе керек. Жалпы әйел затын Алла мейірімді қылып жаратқан. Ананың мейірімді жүрегі арқасында әлем сақталып тұр. Мал екеш малдың ұрғашысы да баласына мейірімділік танытады. Алайда бүгінгі қоғамда әйел затының туған баласын әжетханаға, қоқысқа, жолға тастап жатқанын көріп, шошынатын жағдайға жеттік. Сол ананың балаға деген мейірімі қайда қалды? Мейірім негізі жоғалған жоқ. Жалпы, адамның жүрегі мейірімге толы болғаны абзал. Ал мейірімділіктің барлық амалы Құранда жазулы тұр. Білімді ұрпақ бүлікке бармайды. Адам қатыгездікке бой алдырғанда ғана экстремистік, лаңкестік әрекеттерге баруы ықтимал. Оның түрлі мысалдарын өмірде көріп те жүрміз. Әлбетте, бұның бәрі білімсіздіктен екені анық. Ендеше, жат ағымның шырмауына түсіп қалмаудың жалғыз жолы – біліммен қарулану. Имандылыққа бет бұру.
Ғайырфулла ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ, Жамбыл ауданының бас имамы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді