Өткен ғасырда дүниеге келіп, ауыр балалық шақты бастан өткеріп, кешегі күндей күркіреп өткен соғыс кезінде қаруы мен қаламын қатар ұстап жауға қарсы аттанған, жеңіс рухы жер үстін нұрландырғанының да, бесжылдықтар тұсындағы түбегейлі өзгеріс, жаңару-жаңғырулардың да куәсі болып, тұтастай бір ғасырдың барша қиындығын иініне жүктеген ұрпақ өкілі еді ол!
Жастайынан қиындық көріп, соғыста қанша жерден от пен оқ кешсе де, тағдыры ақынның мейірімді жүрегін қатайта да, қартайта да алмады. Оның мектеп оқулығына енген «Момынбайдың Көшегі, мойын кірі бес елі, күні бойы далада лай суды кешеді» деп келетін өлеңін оқып өстік өзіміз де. Ақын балбөбектердің бал мінезі мен қимыл-қозғалыстарын қалт жібермей қадағалап отыратын бақылаушы да сияқты. Көзі тірі кезінде «Қазмемкөркемәдеббас» (кейіннен «Жазушы») баспасынан жарық көрген «Батырдың баласы», «Бос қалта», «Аспаз», «Күлдіргі өлеңдер, қызықты мысалдар» секілді жинақтары мен суретті кітапшаларына енген өлеңдері балаларды еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, тапқырлыққа, тәртіпті, әдепті болуға, өнерге жетелейді. Біз білетін Мыңатай аға өмір бойы ауылда тұрды. Осында шаңырақ көтеріп, ұл-қыз сүйді, оларды тәрбиелеп, өмір көшіне қосты. Батыста соғыс өрті бұрқ ете түскенде, өзінде өкіметтің берген «броны» бола тұра қолына қару алып, Отанын қорғауға өзі сұранып аттанған екен. Тағдырдың пешенесіне жазғаны болар, сол бір сұрапылдан да елге аман-сау оралды. Мыңатай ағаның омырауындағы жарқыл қаққан Дон өзенін жаудан босатудағы, Курск иінін, Польшаны азат етудегі, Берлинді шабуылмен алудағы қаһармандығы, ерлігі, Сталинградты қорғағаны, Германияны жеңгені үшін берілген, басқа да орден, медальдарына ауылдастары қызыға да таңырқай қарасып, ердің ері, нағыз батырдың қандай болатынына көз жеткізгендей болған. Ақын аға бейбіт өмір «майданына» да білек түре араласып, табаны күректей отыз алты жылға созылған ұстаздық қызметте жатпай-тұрмай тер төкті. Басшылары қайда жұмсаса, сонда барды. Ұлағатты ұстаз аудандағы Бірлестік, Қарой, Ақтөбе мектептерінде де із қалдырды. Кейін туған ауылына біржола туын тігіп, Ильич орта мектебінде (кейін өзінің есімімен аталды) өмірінің соңғы он сегіз жылында табан аудармай мұғалім, директордың орынбасары, әскери дайындық жұмысын басқарушы болып қызмет етті. Бірде ақынның кейбір жұмбақ қырлары жөнінде кенже ұлы Айнұрдың мына төмендегі жайды әңгімелеп бергені бар... «Тоғыз жастағы кезім. Әкем шарбақтағы жоңышқаны көбінесе қаруласы, құрдасы Бекжан атаға (Алпысбаев) орғызады. Сол кезде айран-шалабын, қайрағын әкеліп беріп, қолғабыс жасаймын. Әзіл-қалжыңдары жарасқан, жақсы достар еді. Олай болатын да жөні бар. Соғыста әкем артиллерия жағында, взвод басқарса, Бекжан ата (етжеңділеу кісі) жаяу әскер құрамында болған, өзі ұдайы арқалаумен жүретін тоқсан килолық «Максимка» пулеметімен жауды қынадай қырған кезінде. Екеуі ойда жоқта Сталинград майданында кездесіп, құшақтаса көрісіпті. Бекжан ата солқылдап жылап, екі көзіне ерік бергенінде, әкем оны «Жылама, сен жыласаң, саған еріп мен жыласам, сұм фашистермен кім соғысады, сонда» деп әрең жұбатыпты. Сол жайды естеріне түсіріп мәре-сәре болысатын. Жеңіс күні арнайы дастарқан жайып, бір жартылықты қақ бөліп ішіп те алатын. Мен мұны жақтырмай: «Бұларыңыз не?» десем, «Е, балам-ай, бұл да соғыстан «үйренгеніміз» ғой. Ұрысқа кірер алдында өрімдей жас жігіттерге «наркомдық паек» – бір қалайы күрежкені толтыра арақ құйып беріп «жігерлендіретін». Боздақтардың көбі осындай уытқа бой алдырып, қызбалықпен сақтықты ұмытып оққа да ұшты» деп біраз шындықтың шетін шығарушы еді. Бұл бержағы ғана екен. Әкемнің Жеңіс күні қарсаңында көрсетілетін «Азаттық» атты киносериалды көріп отырып, «Мынаның бәрі шылғи өтірік. Біздің көргендеріміздің қасында бұл түк те емес. Біз... жауынгер өліктерінің үстінде отырып тамақтанатынбыз» деп нариза болатын да кезі бар-ды. Кейде ұйқыда жатқанында «Огонь! Огонь!» деп айқайлап, қара терге түсетіні де есімде. Соғыстың үрейлі елесі бұл кісілердің жанымен, қанымен бірге кетті ғой». Тағы бір ерекше атап өтерлік жай, ол кісі жас жеткіншектерді ұстаз ретінде әскери тәртіпке, ақын ретінде адамгершілікке, ізгілікке, ел мен жерді сүюге баулумен өтті. Әдебиет саласында қол жеткізген жетістіктеріне келсек, елімізге айтыскер ақын ретінде де (бұл орайда өлеңдері «Ақындар шықты айтысқа» жинағына енгізілген) танылғанын, бір жолы республикалық жыр жарысында жүлделі екінші орынды айтулы ақын Сырбай Мәуленов екеуі өзара бөліскенін ерекше атап өту жөн болар. Әлі де болса ақынның көп қыры, көп дүниесі көмескілеу жатқандай көрінеді. Бұл тұрғыда ақынның жары, Қызыләуіт ауылындағы «қара шаңырақтың» түтінін өшірмей келген Алтын апа Исаева былай деп толғанғаны бар: «Иә, ағаларың көп қырлы талант иесі еді ғой. Пайғамбар жасына толғанда дүниеден озды. Көзінің тірісінде мерзімді басылымдармен байланысын еш үзген емес. Кезінде түрлі деңгейдегі газет-журналдарда мақала, әңгімелері, фельетондары жиі жарияланып тұрды. Мұнымен де шектелмей, өңірдің мәдени-әдеби өміріне белсенді атсалысып, облысаралық, облыстық, аудандық ақындар айтыстарында талай рет жүлделі орындарға ие болып, ақшалай және заттай бағалы сыйлықтар да алған. Дүниеден озғанынша қажымай-талмай еңбектеніп, артында мол әдеби мұра қалдырып кетті. Бүгінгі жастар, әсіресе жасөспірім жеткіншектер үшін ізгі жол нұсқар, тәрбиелік тағылымдық мәні бар шығармаларын жинақтап, баспаға әзірлеу үстіндеміз». 2012 жылы туғанына 90 жыл толуы мерейтойы елеусіздеу қалып қойды демесек, «Орнында бар оңалар», жары Алтын апай бас болып, қызы Ләзиза, ұлдары Талғат, Айнұр ардақты азамат, ақиық ақынның әдеби мұрасын елге жеткізу ісіне құлшына кіріскен де сияқты. Қалай болғанда да жастығы оқ пен от ортасында шырқаған, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі, ел игілігі жолына сарп еткен сардар ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігін, жүрек үнін, ұлағат-ұстанымын, асқақ болмысын сол күйінде бүгінгі жастар мен жасөспірімдер санасына сіңіріп, үлгі етуден ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Баймаханбет АХМЕТ
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді