екі жыл екі күндей болмады
Өңірдің ақпараттық кеңістігіне өзіндік үнімен келген «77 TV» коммерциялық телеарнасының ашылғанына екі жыл толып отыр. Осынау атаулы күнге орай телеарна ұжымы облыс орталығындағы «Желтоқсан» аллеясында ашық аспан астында «Open air» форматында шоу концерт ұйымдастырды. Оған өңіріміздегі бірқатар жас әншілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Салтанатты шарада телеарна директоры З.Қуатова сөз сөйлеп, жиылған көпшілікті телеарна жұмысымен таныстырды. – Қазіргі таңда «77 TV» тәулігіне 18 сағат бойы хабар таратады. Жаңалықтар легі тек тікелей эфирде жүреді. Ұжымда бар-жоғы 35 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміз аз болса да, сапалы өнім шығаруға тырысамыз. Біздің телеарнаны басқалардан өзгешелеу етіп тұрған дүние – 3D форматтағы роликтеріміз, сондай-ақ өзіндік ерекшеліктері бар жоба-бағдарламаларымыз. Мәселен, біз былтырдан бастап облыста алғаш рет фильм-концерт түсіруді қолға алдық. Қазіргі таңда қорымызда қысқаметражды көркем фильмдер де бар. Алдағы уақытта бейнебаяндар, әлеуметтік роликтер әзірлеуді бастамақпыз. Телеарна ашылғанына жыл толғанда өзінің алғашқы жобасы «77 TV» ақпараттық агенттігін ашқан болатын. Бүгінде оның жұмысы жандану үстінде. Жалпы, алдымызға қойған мақсатымыз – телеарна жанынан жылда бір жобаны жүзеге асыру, нәтижесінде ұжымды үлкен корпорацияға айналдыру. Осы жолда алғашқы қадамдар жасадық. Телеарна коммерциялық болғанымен, мемлекеттік тапсырысты да орындайды. Сондай-ақ коммерциялық телеарналардың көпшілігі рейтингтің соңына түсетіні белгілі. Біз осы күнге дейін олай жасаған емеспіз, жасамаймыз да. Арзан телеарнаның ғұмыры ұзаққа бармайды. Сондықтан кішкентай дүние жасасақ та оны сапалы етуді және халықтың көңілінен шығуды мақсат етудеміз, – деді телеарна директоры Зарина Қуатова. Айта кету керек, ұжымдағы тележурналистердің көпшілігінің алғашында ешбір жұмыс тәжірибесі болмаған. Олар екі жыл бұрын кастинг арқылы жұмысқа қабылданып, арнайы машықтан өткен. Басшылық пен тәжірибелі мамандар тағылымдамасы мен тәрбиесі текке кетпепті. Бүгінде телеарнаның 10-нан астам түлегі республикалық телеарналарға жұмысқа орналасып үлгерген. Мұндағы ең жас маман Аят Асқарбекұлы бар болғаны 18 жаста. Ал Нұрлан Асқар, Мерей Бает, Нұрболат Жолдасбек, Айша Жақсыберген, Рахат Күзберген, Қаламқас Андас секілді журналистер өз істерінің кәсіби шебері деңгейіне көтерілу үстінде.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Cуреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді