Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына арналған «Жамбыл баспасөзі: кеше, бүгін» атты экспозиция ашылды. Онда облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Арай» газеттері мен «Jambyl» телеарнасының тарихынан сыр шертетін экспонаттар жиналған.
Экспозицияның ашылу рәсімінде музей директоры Гүлнұр Ембердиева сөз сөйлеп, ақпарат құралдарының облыс өміріндегі рөліне тоқталып өтті. – Ашылып отырған көрмеден музейге келушілер аймақтағы басылымдар мен телеарналардың қалыптасу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында ақпарат ала алады. Жамбылдық журналистер облыс тұрғындарын өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстар барысымен уақтылы әрі терең ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар ел ішіндегі түйткілді мәселелерді билікке жеткізіп, олардың шешімін табуына да үлес қосуда. Осы тұрғыдан келгенде, олар шын мәнінде билік пен халық арасындағы алтын көпір болып отыр деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Гүлнұр Бақытқызы. Сондай-ақ олардың облыстық тарихи-өлкетану музейінің тыныс-тіршілігі мен тарих қойнауында жатқан құнды жəдігерлерімізді қайта жаңғыртудағы жұмысын халыққа кеңінен таныстырып, насихаттауда үлес қосып жүргенін айтып, ақпарат құралдарының басшыларын Алғыс хатпен марапаттады. Марапаттау рəсімінен кейін облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері бір күнге өз мамандықтарын өзгертіп, «Журналист гид» акциясына қатысты. Олар музейге келушілерге экскурсовод ретінде тарихи экспонаттарды таныстырып, құнды жəдігерлерімізге қатысты ақпараттармен бөлісті. Мəселен, «Aq jol» газетінің тілшісі Мұратхан Əлімхан музейдің «Қазақ хандығы жəне қоныстанушылар» залында экскурсия жүргізіп, келушілерге ел тарихына қатысты деректерді ұсынды. Ал «77» телеарнасының тілшісі Келбет Шəмші этнография залының экспонаттарымен таныстырып, ата-бабаларымыздың тұрмысынан сыр шертетін тың ақпараттарымен бөлісті. «Арай» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасаева Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ардагерлердің ерлігі мен өмірі туралы тарих беттерінде сақталған деректерді жан-жақты жеткізіп, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Журналист гид» акциясына қызығушылық танытқан Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, облыстық «Балалық шақ» газетінің бас редакторы Гүлнар Есмаханова да арнайы келіп қатысып, 2008 жылы музейдің құнды жəдігерлер қорына өткізілген Ықылас Дүкенұлының қылқобызы туралы тарихи мəліметтер ұсынды. Көпшілік келушілердің қызығушылығын тудырған акция барысында музей директоры Г.Ембердиева «Журналист гид» акциясына қатысқан журналистерді «Үздік экскурсовод» номинациясы бойынша арнайы дипломмен марапаттап, музейден естелік ретінде кəдесыйлар табыс етті.
«Aq jol-Ақпарат»
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді