«Екінші деңгейлі банктер несие алған азаматтарға заңсыз үстемелеген комиссиялық төлемдерді қайтаратын болыпты», деген хабар интернет кеңістігі мен WhatsApp қосымшасы арқылы тарап жатқанына біршама уақыт болды. Ақшаны қайтару үшін несие алғаны туралы келісімшарт пен несиені төлеу кестесінің түпнұсқалары немесе көшірмесі қажет. Сол құжаттармен сот орындарына жүгінуге тура келеді, өйткені клиенттерден бір кезде «заңды» жолмен жинап алған қаражаттан банктер де оңайлықпен айырылғысы келмейді. Банктердің көрсеткен қызметі үшін алған комиссиялық төлемдерді қайтару үшін клиенттер алдымен Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығына хабарласқаны дұрыс. Қауымдастыққа шағымданып жатқандардың саны қазірдің өзінде мыңдап саналады. Әлбетте, несиені ешкім де жетіскеннен алмайды. Айлығы шайлығына жетпейтін халық тұрмыстық техникадан бастап, баласының оқуына, автокөлік пен баспанаға дүркін-дүркін несие алуға мәжбүр. Ал екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің несие беру қызметіне ақы алуға тыйым салғанына қарамастан, өз клиенттерінен комиссиялық төлемдер жинап келген. – Несие есепшоттары есеп айырысу операцияларына жатпайды. Бұл – ақшаны бухгалтерлік есепке алу әдісі. Яғни несие есепшоттарына қызмет көрсеткені үшін комиссия алуға банктің құқы жоқ. Алайда екінші деңгейлі банктердің көпшілігі Ұлттық банктің алдындағы есептерін несие алушылардың қалтасынан жүргізген. Нақты айтқанда, несие беру қызметін көрсету – екінші деңгейлі банктің қарыз алушының емес, Ұлттық банктің алдындағы міндеті, – дейді Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин. Оның айтуынша, 2012 жылы Ұлттық банк барлық коммерциялық банктерге кейбір комиссия түрлерін алуға тыйым салып, несие алушылардың үстінен заңсыз пайда табудың жолын кесіп баққан екен. Бірақ оны елегендер шамалы. Ұлттық банк 2016 жылы несие алу кезіндегі комиссиялардың санын 46-дан 11-ге дейін (!) қысқартып тастады. Екінші деңгейлі банктердің кейбірі заңсыз комиссия жинауды сонда да доғармай қойды. Банктен қарыз алушылар орта есеппен 18-20 пайыздық несие алып тұрмын, осы пайызды ғана төлеймін деп ойлаған. Ал шын мәнінде банктер олардың мойнына негізгі қарыздың үстіне комиссиялық үстеме қосып, 40 пайыз артық төлем жүктеп отырған. Ермек Әбілдиннің айтуынша, Кәсіпкерлер қауымдастығының заңгерлері шағымданған несиегерлермен бірге банкке барып, тиісті ақшаны қайтаруды сұрайды. Банк әдетте бас тартады. Содан қауымдастық мамандары 42 істің несиегерлер пайдасына шешілуіне көмектесті. Бүгінгі таңда қауымдастық атына келіп түскен арыз-шағымның саны 900-ден асқан. Қауымдастықтан көмек сұрағандардың қатарында тауарлы несие алғандар да, ипотекалық несие алғандар да бар. Әсіресе сол ипотекалық несие алғандардың комиссиялық төлемдерді қайтаруға деген құлшынысы күшті. Енді ше, ол дегеніңіз миллиондаған теңгеге жететін қып-қызыл ақша ғой!.. Оны айтасыз, кейбір жандар үшін он-он бес мың теңгенің өзі айтарлықтай салмақ екені жасырын емес. Айта кету керек, несие алған адамдар тиісті құжаттарды түрлі себептермен сақтай алмаған болса, банктен олардың түпнұсқасын талап етуге құқылы. Бұл жерде ескеретін бір маңызды жайт: түпнұсқада клиент қолының көшірмесі болуы тиіс. – Кейінгі сот шешімдеріне байланысты, банктер комиссия алу туралы тармақшасы алынып тасталған келісімшарт көшірмелерін бере бастады. Әлбетте, оларда несие алушының қолы жоқ. Сондықтан келісімшарт пен төлем жасау кестесінің көшірмелерін сұрағанда, қолыңыз қойылған түпнұсқаны беруді талап етіңіз, – дейді Ермек Әбілдин. Сонымен қатар заңгерлер осы жағдайда көмектесуге уәде беріп, ақша сұрайтын алаяқтарға алданып қалмауды ескертеді. Банктің алдағаны аздай, көлденең делдалдардың дегеніне сеніп, сан соғып қалмаңыз, ағайын. Дереккөз: egemen.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді