«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шүкірлік етіп жүрміз бе?

Шүкірлік етіп жүрміз бе?
ашық дереккөз
Шүкірлік етіп жүрміз бе?

Тәңірі адамзатты айрықша жаратып, көптеген мүмкіндіктерді тарту етті. Шыны керек, бізге берілген барлық мүмкіндіктер үшін ешкімге ештеңе қарыздар емеспіз. Әрине, Алладан басқа. Тек өзімізге тән адами қалпымызды жоғалтып алмай, дұрыс жолдан таймай жүруіміз керек. Технология әбден дамыған осынау заманда адамның он екі мүшесінің бірін толыққанды алмастыратын бірде-бір аппарат жасап шығару мүмкін болмай тұр. Еш уақытта оны жасай да алмаймыз. Бұны құдіреті күшті Алланың ғаламат сыйлығы деп айтпасқа амал бар ма?

Әлемнің әртүрлі әсемдігін Алла берген екі көзімізбен көреміз. Неше түрлі дыбыстарды екі құлағымызбен естиміз. Гүлдердің хош иісін мұрнымызбен иіскеп, ләззат аламыз. Барғымыз келген жерге аяғымыз алып барады. Қалаған затымызды қолымызбен ұстап пайдаланамыз. Айта берсек, бізге берілген нығметтердің шегі жоқ. Алайда осыншама нығметтерге бөлеп отырған Жаратушымызға шүкір айтамыз ба? Бір сәтке ойланып көрейікші. Егер біздің екі көзіміз көрмесе, қалай болар еді? Аяқтарымыз жоқ болса ше? Өте қорқынышты. Ендеше, Жаратқан иемізге әрбіріміз шүкір айтуға тиіспіз. Әр арайлап атқан таңымыз үшін шүкіршілік етейік. Өйткені қаншама жұрт осындай тыныштықпен атқан таңға зар болып отыр. Әр жұтқан ауамыз үшін де тәубе деуіміз керек. Қаншама адамдар қауіпсіз, еркін отырып тынығуды аңсап жүр. Жаратқан иеміз Құран Кәрімде: «Ендеше, сендер Мені әрдайым зікір етіңдер (яғни әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік етпеңдер (яғни алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)», – деп ескерткен («Бақара» сүресі. 152-аят). Осы аяттан байқағанымыздай, Алланың бергеніне шүкір ету жақсы амал болса, оған шүкір етпеудің түбі күпірлікке апаруы мүмкін екен. Мұса ғалейһиссаламның кезіндегі бір оқиға еске түседі. Алламен тілдесуге кетіп бара жатқан Мұсаға бір кісі: «Я, Мұса, сен Алла тағалаға айтшы. Маған беретін ризығын азайтсын», – дейді. Мұса Алламен тілдесіп болғаннан кейін қайтып келе жатып әлгі кісіге жолығып: «Алла тағала саған: «Шүкірін азайтсын. Мен де оған беретін ризығымды азайтамын» деп айтты», – деген екен. Әлбетте, ол кісі шүкірін азайта алмайтынын айтады. Олай болса, Алла да оған беретін ризығын азайтпайды. Міне, біз өзімізге берілген жақсылықтарға шүкір айту арқылы келетін ризығымыздың молаюына жағдай жасаймыз. Кей кісілер: «Мен намаз оқып, барлық құлшылықтарымды жасап жүрмін, бірақ Алладан ананы сұрадым, мынаны сұрадым, бермеді», – дейді. Алла тағала – дұғаларды естуші әрі оларға жауап беруші. Дұғаның қабыл болу шарттарын орындай отырып, сұраған құлына Ол міндетті түрде қажетін береді. Бірақ жауаптың тура біз ойлағандай болмауы мүмкін. Хазіреті Әлі былай деп айтқан: «Мен Алладан дұға қылып бір нәрсені сұраймын. Дұғамды қабыл етіп сұрағанымды берсе, қуанып шүкір етемін. Ал егер сұрағанымды бермесе, екі есе қуанып оған шүкір айтамын. Өйткені маған ненің қайырлы екенін Ол менен артық біледі». Осындай ізгі кісілердің өмірінен үлгі алсақ, әсте, өкінбесіміз анық. Қазіргі таңда адамдардың өміріне разы болмай «Менде анау жоқ, мынау жоқ, не үшін менің өмірім осындай болды?» деген сияқты наз айтуын көп естиміз. Астына мінген көлігінің басқа біреу мініп жүрген көліктен арзан болғаны үшін өміріне риза емес. Қолына ұстаған телефоны соңғы модель емес. Осы үшін шағымданады... Ал бізге берілген бейбіт өмір, он екі мүшеміздің саулығы, аспанымыздың ашық болуы, бұл жайында ойланып көрдік пе? Осының өзі баға жетпес байлық емес пе? Әсілі, біз Алланың берген сыйлықтарын көре алмаудамыз. Қаншама мұсылман жасы бар, кәрісі бар осындай бейбіт күндерге жете алмай отыр. Демек, Алланың берген жақсылығын одан айырылмастан бұрын бағалай білу, сол жақсылықтар үшін оның Берушісіне шүкір айту – иман келтірген адамдарға лайықтырақ амал. «Тамағы тоқтық, Қайғысы жоқтық, Аздырар адам баласын», – деп осындайдан айтса керек. Дәуіт ғалейһиссалам Алла тағалаға мінәжат етіп, Одан: «Иә, Раббым! Адам ғалейһиссаламға өте көп сияпат пен мейірімділік таныттың. Ол саған қалай шүкір етті», – деп сұрапты. Сонда Алла тағала оған былай бұйырды: «Ей, Дәуіт! Ол бүкіл сияпаттарымның менің тарапымнан келіп жатқанын білді. Оның бұлай білуін шүкірі ретінде қабылдадым!». Олай болса, Аллаға шағым айтуға ешқандай да хақымыз жоқ, керісінше оның берген әрбір нығметіне шүкір етуші құлдарынан болуды Жаратқан Иеміз бізге нәсіп етсін! Біраз бұрын шетелдерде, елімізде білімсіздіктің құрбанына айналған азаматтар шүкірін ұмытып, лаңкестік әрекеттерге барып жатты. Нәтижесінде қаншама адам қайғыға тап болып, құрбандыққа айналды. Осыдан кей адамдардың бойында Жаратқанның нығметіне тәубе келтіру азайып бара жатқанын аңғара түскендейміз. Бастысы, шүкіршіл болсақ, ондай экстремистік қадамдар түгілі, адам баласына қылдай да қиянат жасамас едік.

Ғалымжан ҚОНАҚБАЕВ, Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

Ұқсас жаңалықтар