«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүрек дертінің шипагерлері

Жүрек  дертінің шипагерлері
ашық дереккөз
Жүрек дертінің шипагерлері

он жылдық мерейтойын атап өтті

Аз жылда Орталық Азия елдеріне танылған Тараздағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының 10 жылдық мерейтойы кеше салтанатты жағдайда өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов қатысып, орталық директоры Сейтхан Жошыбаевқа құттықтау хат тапсырып, қызметкерлердің еңбектеріне жеміс тіледі. Мерекелік шараның президиумсыз, үстелсіз өтуінің өзі осы клиникадағы жұмыстың «барикадасыз» жүйені қалыптастыруды көздейтінін көрсеткендей.

– Салтанатты жиынның осындай еркін форматта ұйымдастырылғаны мерейтойға арналған конференциялар мен шаралардың өзгеше үлгісі деуге болады. Міне, мінберге көтеріліп, ұзын-сонар баяндама оқымай, сіздерге тілегімізді арнап, еңбектеріңізге баға беріп отырмыз. Бұл орталықтың ашылғанына небәрі 10 жыл толғанымен, атқарылған істерді осы қысқа мерзімге сыйғыза алмаймыз. Жүзеге асырылған жұмыстар бірнеше онжылдықтың үлесіне тиесілі. Тараздағы кардиохирургиялық орталық Астанада үлкен конгресс өткізді. 2016 жылы шетелдің және Қазақстанның білікті кардиохирургтерінің басын қосқан осындай халықаралық шараның Жамбыл жерінде өтуіне түрткі болған да сіздер екендеріңізді білеміз. Көптеген ғалымдар мен дәрігерлердің созылмалы жүрек жетіспеушілігі мәселесін бірлесе талқылауының және ұсынған емдеу әдістерін іс жүзінде қолданудың арқасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан келетін өлімді азайтуға қол жеткізілді, – деді Ғалымжан Райылұлы. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов ғылыми клиникада қолға алынған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, орталық директорына құттықтау хат тапсырып, ұжымға тарту жасады. Профессор Сейтхан Жошыбаев кардиохирургиялық орталықтың тарихына аз-кем тоқталды. Алтын қолды дәрігер туған жерге келіп, кардиохирургиялық орталық ашып, транспланталогиялық операция жасауды қолға алып, елге қызмет ету – арманы болғанын айтты. Сонымен қатар оны жүзеге асыруға үлес қосқан сала мамандары мен демеуші азаматтардың есімдерін атап өтті. Иә, он жылда орталықта орасан іс атқарылғанына ел куә. Әлемдік дағдарыстың алғашқы екпіні басылмаған шақта, әсіресе салада маман тапшылығы айқын сезіліп тұрған кезде дәрігерлердің шеберлігін шыңдап, үздіксіз біліктілігін арттыруға жағдай жасаудың өзі жеңіл болмағаны анық. Сол кезеңді көрсететін суреттерді фотоархивінен слайд арқылы көрсеткен Сейтхан Жошыбаев, әсіресе ұстазы Иса Ахунбаевтың еңбегіне айрықша тоқталды. Өз бастамасына қолдау көрсеткен әрбір азаматқа алғыс білдірді. Солардың бәрін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, естелік және қаржылай сыйлықтар тапсырды. Мерекелік шараға профес-сордың Қырғыз еліндегі шәкірті, Бішкек қаласындағы Жүрек хирургиясы және органдар трансплантациясы ғылыми- зерттеу институтының бас дәрігері Артур Жұманазаров арнайы келіпті. Осы орталықты ашқан алғашқы жылдарда бір жарым жыл бірге жұмыс істеген әріптестерін құттықтаған ол ұстазына арнайы естелік сыйлықтар жасатып әкелген екен. «Сіздерге бұйырған бір бақыт – осындай керемет кардиохирургтің туған еліне оралып, қызмет етіп жатқаны. Сейтхан Жошыбаев – Орта Азия ғана емес, дүниежүзіндегі жетекші кардиохирургтердің бірі. Қырғыз еліндегі, Қазақстандағы медицинаның осы саласының дамуына үлкен үлес қосқан дәрігер», – деді Артур Жұманазаров.

Ардақ Үсейінова

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан

Ұқсас жаңалықтар