«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

"Cпектакль"

"Cпектакль"
ашық дереккөз
"Cпектакль"

(Қаз-қалпында)

1 сәуір – күлкі күні. Күлкі күні дегенмен, бір нәрсе себеп болмаса, дені дұрыс адам бұл күні бекерден-бекерге күле бермейді ғой. Содан болар, 1 сәуірде адамдар көбінесе бір-бірін алдайды. Сол арқылы қызыққа батады. Дәл осылайша қызыққа батып, ойыннан от шығарып алған шымкенттік Бақыт досымның мына бір оқиғасы бір жағы күлкіңді келтірсе, бір жағы бұл күні қатты қалжыңдау бар да, сол қалжыңды көтере білу де азаматтық екенін аңғарасыз.

Бақыт ол кезде облыстық бір басқармада жұмыс істейтін. Тумысынан ақкөңіл, әзілқой ол күлкі мейрамын құр жіберсін бе?! 1 сәуір күні таңертеңнен біраз жолдас-жораларына телефон шалып, әбден қызыққа кенеледі. Сөйтіп отырып бастығының хатшы қызына да өтірікті соғып жібереді. Бақыттың «Әлгінде мен қабылдау бөлмесіне барып ем, сен жоқ екенсің, телефон шырылдап қояр емес. Тұтқаны көтеріп сөйлестім. Саған телефонограмма түсті. Түс қайта сағат үшке бастықты облыс әкімі шақырып жатыр» деген өтірігіне хатшы қыз шынымен сенеді. «Басқа-басқа, бастықты ешкім алдамайды» деп ойласа керек. Хатшы қыз бастығы келген соң «Сізді сағат үшке облыс басшысы шақырып жатыр», – деп телефонограмманы тура өзі қабылдағандай етіп мән-жайды баяндайды. Содан күн сайын түскі тамақты сол жердегі асханадан ішіп жүрген Бақыттың бастығы бұл күні түсте үйіне қайтады. Түс қайта галстук тағып, сықиып киініп келіпті. Ол кезде облыстың әкімі Қалық Абдуллаев еді. Бақыттың бастығы үшке 15 минут қалғанда облыс әкімінің қабылдауына барады. Бір басқарманың басшысы, облыста өте беделді, абыройлы кісіні әкімнің хатшы қызы танып, жылы амандасады. Бұл: «Мені сағат үшке әкім шақырған екен», – дегеннен кейін хатшы қыз журналды әрі ақтарады, бері ақтарады. Ондай ақпарат, тапсырма жоқ. Сөйтеді де, «Бәлкім әкім сізді жеке сөйлесуге шақырған шығар, қазір бір өзі отыр, кіре берсеңізші» деп ішке өткізіп жібереді. Шынында облыс әкімі бір өзі үстелге төніп, бір қағаздарды ақтарып отыр екен. Екеуі амандасады, хал-жағдай сұрасады... Сосын үнсіз отыра беру ыңғайсыз болған соң, бұл ептеп жұмысы туралы баяндайды. Бірақ бәрібір әңгіме тарқатыла қоймайды. Бәрі белгілі ғой. Басқарма басшысы «Мені неге шақырды екен, әңгімені әкімнің өзі бастайтын шығар» деп отыр. Облыс әкімі «Бұл не үшін келді, әңгімені бастамай ма?» деген ой үстінде. Ақыры екеудің аңдысуы ұзаққа бармайды. Әкім: «Жайша келдіңіз бе, шаруаңызды айтсаңызшы» деген соң, басқарма басшысы: «Өзіңіз үшке шақырған екенсіз, сосын келдім ғой» дейді. Әкім қабағын түйіп біраз ойланады. – Оны кім айтты сізге? – Хатшы қызыма телефон шалып айтыпты. – Жоқ, мен сізді шақырған жоқпын, шамасы біздің қызметкерлер қателескен болар... «Шақырған жоқпын» деген соң жалпиып отыра бермейді ғой, басқарма басшысы кешірім өтініп, есікке беттейді. Бірақ есіктен шыға бергенде әкімнің есіне бір нәрсе түсіп кетеді де: «Айтпақшы, өткендегі жұмысты не істедіңіздер?» деп, басқарма басшысын қайта тоқтатыпты. Бұл ол жұмыстың барысы туралы айтады. Алайда жұмыстың атқарылуы әкімнің көңілінен шықпаған болуы керек, сол жерде біраз сын айтып, басшыны сілкілеп алады. Қараптан-қарап жүріп, әкімнен ұрыс естіген басқарма басшысы жұмысына ашуланып келеді. Бір нәрсені бүлдіргенін сезген хатшы қыз: «Бұл хабарды Бақыт айтты», – деп ақталады. Тез арада Бақытты шақырады. Сөйтсе ол: «Иә, айтқаным рас, бірақ бүгін бірінші сәуір емес пе? Мен қалжыңдаған едім», – деп күліп тұр дейді. «Қалжыңдайтын адамды тапқан екенсің, арызыңды жаз, жұмыстан шығасың» деп бастығы бұлқан-талқан болады. «Ой, аға, күлкі күні қалжыңдауға болатын шығар, бір еркелігімді кешіріңіз» деп Бақыт қанша басу айтса да, бастығы «кет те кет» деп бет бақтырмайды. Кабинетіне келген соң Бақыт мән-жайды қасындағы әріптестеріне айтады. Енді олар бастыққа кіріп, Бақытқа ара түседі. Бірақ бастық көнбейді. Көнбегені не, араша түскендердің өздеріне ашуланып, тығырыққа тіреп тастайды. Басқа амалы қалмаған Бақыт сол жерде жұмыстан босату туралы өтінішін жазып, оған бастығы табанда қол қойып береді. «Болды, боссың...». «Біраз жылдан бері жұмыс істеген ұжымым, қимайды екенсің... Амал жоқ, ең болмаса әріптестеріммен арқа-жарқа отырып бір шай ішейін, бұларға «қоштасу шайын» берейін деп шәугімді суға толтырып, токқа қостым» дейді Бақыт сол күндерді еске алып. Әрине, ойыннан от шығады деп ойламаған Бақытқа табан астында жұмыстан босап кету оңайға тимейді. Сырты күліп жүргенімен, іші әлем-жәлем... Жұмыс аяғына таман бәрі шай ішеді. Әріптестері Бақытқа басу айтады. «Жүнжіме, ер жігіттің басынан не өтпейді» деген сияқты демеу сөздерге кезек беріледі. Сонымен бұл заттарын жинастырып, бәрімен қоштасып, кабинеттен шыға бергенде хатшы қыз келіп: «Сізді бастық шақырып жатыр», – дейді ғой. Бұл жұмыстан босап кетті. Бармай-ақ қойса да болар еді. Бірақ талай жылдан бері бір шаңырақтың астында еңбек еткен бастығымен бір жағы қоштасып шығайын деп, Бақыт ол кісінің кабинетіне бас сұғады. Кірсе, бастығы креслосында шалқалап отыр екен. Мұны көре салып: «Қалай, қорықтың ба? Бүгін бірінші сәуір ғой...» деп «ахахалай» жөнеліпті. Бақыт аң-таң, сасқанынан бұл да күле берген. Сөйтсе бастығы да ойнаған екен. «Бар, жұмысыңды істей бер, бала...» деп бастығы күле-күле арқасынан қағып, кабинетінен шығарып салыпты.

Оралхан ДӘУІТ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар