Зейнетақы жүйесінде өзгеріс көп

Зейнетақы жүйесінде өзгеріс көп
ашық дереккөз
Зейнетақы жүйесінде өзгеріс көп

Қазір зейнетақы төлемдерінің ай сайынғы кестесі ауысқан. Сонымен қатар базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгерген. Жалпы зейнетақы заңнамасына 2018 жылдың басында енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық филиалдарында Ашық есік күні өтті. Қор қызметкерлері жыл басында заңнамаға енгізілген өзгерістерді арнайы көрнекі құралдармен түсіндіріп берді. Онда зейнетақы заңнамасына енгізілген және болашақта енгізілетін өзгерістер, базалық зейнетақыны ұлғайту, шартты-жинақтаушы құрамдауыш туралы толыққанды мәлімет берілген. Заңнамадағы өзгерістер зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін нығайту, сондай-ақ мемлекеттік бюджет пен жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру мақсатында енгізілгені көрсетілген. – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жүйесіне қатысты сауалдарына жан-жақты мәлімет беруді жалғастыра беретін боламыз. Бүгінгі шара осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр, – деді филиал директоры Наурызхан Жармұханбетов. Ашық есік күніне келушілер көп болды. «Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер – зейнеткерлерге немесе зейнеткерлік жасқа жаңадан толатын азаматтарға керек ақпарат. 1 шілдеден бастап базалық зейнетақының өсетіні қуантады», – дейді тараздық зейнеткер Жаңыл Мункебаева. Ашық есік күніне қатысушылар зейнетақы жүйесін жаңғырту себептері мен алға қойылған мақсат-міндеттер жайында толыққанды мәліметтер алды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдарында мұндай шаралар алдағы уақытта тұрақты өткізіліп тұрмақ. Бұл күні кез келген ниет білдіруші азаматқа қор тарапынан көрсетілетін қызметтер ғана емес, зейнетақы жүйесі туралы қызықты ақпараттар беріледі.

Камила КЕҢЕС

Ұқсас жаңалықтар