«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлысымның ұстынысың, Ұлық күн!

Ұлысымның ұстынысың, Ұлық күн!
ашық дереккөз
Ұлысымның ұстынысың, Ұлық күн!
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63414,63413,63412"]

Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы бері кең көлемде тойланып келе жатқан Наурыздың жылдан-жылға мән-маңызы жоғарылап, қарапайым тұрғындардың да Ұлық мерекеге деген құрметі артып келеді. Елбасы Елорда төрінде тойланған Наурыз мерекесінде: «Әз Наурыз – жыл басы. Күннің көзі жылынып, барлық табиғат оянған бұл мезгілдің әр адамға сыйлайтын қуанышы ерекше. Алдағы уақытта халқымыз Жаңа жыл ретінде осы Наурыз мерекесін тойлайтын болады» – деп атап өткені белгілі.

Әулиеата топырағында биыл тоғыз күн тойланған мереке 22 наурыз Ұлыстың ұлы күнімен түйінделді. Ұлттың ұлық мейрамын көрісу күнінен бастап тойлау облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасы екені мәлім. Бұл күні орталық «Достық» алаңына және Ы.Сүлейменов көшесінің бойына жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйдің маңына жиналған көпшіліктің жүздерінен шаттық табы айқын сезілді. Барлығы да шуақты күнде қуатты қалыпта бір-бірімен қауышқандарына шүкіршілік десті. Қазақы ою-өрнектермен әдіптелген шапан, қамзол киген көне шаһарлықтар ұлық күнде ерекше құлық танытып, ұлттық рәсімдерімізді төрге оздырғаны көңілдерге қуаныш сезімін ұялата түсті. Әр үйдің алдында ақ жаулықтылар бауырсақ пісіріп, көпшілікке игі ниетпен ұсынып жатты. Алаңға орнатылған алтыбақан, Жамбыл ауданынан келген құсбегі ақсақал Бауыржан Ешметовтің қыран бүркіттері мен құмай тазысы жаңа есік қаққан ит жылының ажарын аша түсті.

Ал «Достық» алаңындағы іс-шаралардан да мерекеге дайындықтың жоғары деңгейде болғанын аңғардық. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Орталық алаңға жиналған көпшіліктің қуанышын бірге бөлісті. «Достық» алаңындағы мерекелік думан облыстық филармония жанындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен басталды. Мұнан соң мерекенің символы Қыдыр ата мен Ұмай ана бата беріп, ақ ниетпен келген көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлады. Шараға жиналған дүйім жұрттың алдында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, көпшілікті Ұлыс күнімен құттықтады. – Наурыз мерекесі біздің өңірде биыл 9 күн тойланды. Оны өздеріңіз көріп, куә болдыңыздар. Осы күндерде облыста 1,5 мың іс-шара өткізіліп, оған 350 мың адам тартылды. Көктемнің жайдары күнінде аулаларға көшеттер егіліп, сауапты істер жасалды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухымызды көтеруді көздейді. Біздің өңірде қолға алынып жатқан шаралар Ұлт Көшбасшының рухани-идеологиялық, саяси талаптарымен үндеседі. Президенттің жақында жариялаған 5 әлеуметтік бастамасы да көпшілікті шын қуанышқа бөлеп отыр. Бұл орайда Жамбыл жерінде де игі жұмыстар атқарылатын болады. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз «Жаңа жылдың келгенін, Шаттықпен қарсы ала білгейсің» деп жырлаған екен. Сіздердің барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, абырой тілеймін. Шуақты күндер көп болғай! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын! Наурыз мерекесі құтты болсын, – деді Асқар Исабекұлы. Кейіннен әсем әндер шырқалып, домбыраның шанағында ойнаған күйшілер күй күмбірлетті. Ал көрме жұмыстары биылғы басты шараның бірі елорданың 20 жылдығымен астасып жатты. Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің және басқа да ұжымдардың ұлттық бұйымдары мен картиналары қойылды. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әдіптелген киімдер киген қыздардың биі, облыстық филармония өнерпаздары шырқаған әндер көпшіліктің рухын көкке көтерді. Жерлестерінің шат-шадыман көңіл-күйін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мөлдір Әуелбекова үстемелеп, әннен шашу шашты. Облыс әкімі А.Мырзахметов мерекелік көрмені көріп, орталық алаңда өтіп жатқан қазақ күресі балуандарының бәсекесін де тамашалады.Аламан әлем, Азия чемпиондарының қатысуымен көпшіліктің назарын аударды. Финалда тараздық Айбол Айтбек пен Жамбыл ауданының балуаны Дәулет Пахриденов белдесіп, көпшілікке керемет әсер сыйлады. Бұл екі балуан да қазақ күресінен әлем чемпиондары. Нәтижесінде Айбол Айтбек ұпай санымен жеңіске жетіп, топ жарды. Оған 200 мың теңге сыйлық берілді. Екінші жүлдені иеленген Дәулет Пахриденов 75 мың теңгені олжалады. Үшінші жүлде үшін таласта мойынқұмдық Бегімхан Әділбеков өзінің жерлесі Исламхан Исламқажымен белдесуі қажет еді. Алайда қарсыласының жарақатына байланысты үшінші орын (25 мың теңге) Бегімхан Әділбековке берілді. Облыс басшысы Ы.Сүлейменов көшесіне қаз-қатар тігілген киіз үйлерді де аралап, көпшіліктің ортасынан табылды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті тіккен үйлерде наурыз көжеден дәм татып, оқытушылар мен студенттер дайындаған құда түсу, қыз ұзату, бесікке салу дәстүрінен көріністерді тамашалады. Ы.Сүлейменов көшесіндегі шарада арқан тарту, қол күресі, кір тасын көтеру бәсекелері өткізіліп, өзара кім мықты екені анықталып жатты. Осылайша, Наурыз мерекесі Әулиеата жерінде сән-салтанатымен кең көлемде тойланды. Шараға жиналған дүйім көпшілік бір-бірін ақжарма көңілмен құттықтап, «Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын!», «Берекелі жыл болғай!» деген шынайы тілектерін білдіріп тарқасты.

 

Есет Досалы

Ұқсас жаңалықтар