Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қырғызстан Республикасы Талас облысында жұмыс сапарымен болып, Қырғызстан Үкіметінің Талас облысы бойынша өкілетті уәкілі Марат Мұраталиевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар «Киров» су қоймасының жағдайы мен гидроқұрлымнан жамбылдық шаруаларға қажетті мөлшерде су жіберу мәселелерін талқылады.
Іргетасы 1973 жылы қаланған су қоймасының қазіргі сыйымдылығы 530 миллион текше метрді құрайды. Қазір мұнда 315,5 миллион текше метр су бар. Айта кету керек, гидроқұрылымдағы су қоры ауыл шаруашылығы саласын ағын сумен қамтамасыз ету мен электр энергиясын өндіру үшін де пайдаланылады. Өткен жылы су қоймасынан елімізге 560 миллион текше метр су жіберіліп, біздің өңіріміздегі 4 ауданның 32,8 мың гектар егістік алқабы суарылуына қол жеткізілген-ді. «Киров» су қоймасы арқылы суарылатын өңіріміздегі егіс алқаптарының биылғы жылғы қажеттілігі 560 миллион текше метр көлемінде. Негізінен ағын су екі ел арасындағы арнайы комиссия бекіткен лимитке сай жіберілетін болады. Талас облысының губернаторымен кездесу кезінде өңіраралық су шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелер де көтеріліп, оларды бірлесіп шешу жайы да талқыланды. Нәтижесінде тараптар ішкі шаруашылық каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізуге келісті. Жалпы, 2000 жылдан бастап Қазақстан мен Қырғыз Республикалары арасында қабылданған келісімге сай аталған нысанды жөндеу жұмыстарын бірлесе қаржыландыру көзделген. Былтыр жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуі барысында нысанның су сақтау әлеуеті мен мүмкіндігін арттыруға айрықша мән берілді. Келелі кездесу барысында Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының Талас облысы арасында сауда-экономикалық байланыс орнату жайы да сөз болды. Сондай-ақ Талас облысының губернаторы бастаған топ үстіміздегі жылдың сәуір айының соңына қарай өңірімізде ресми жұмыс сапарымен келіп, көршілес елдердің екі облысы арасындағы әлеуметтік-экономикалық әріптестікті нығайту, инвестиция тарту, көші-қон секілді мәселелерді бірлесе талқылауға уағдаласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді